Алматы • 25 Желтоқсан, 2023

Ясауи мұрасын ұлықтауға арналған конференция өтті

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және түркі халықтарының рухани әлемі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды іс-шараны ҚазҰУ мен Халықаралық түркі академиясы бірлесіп ұйымдастырды.

Ясауи мұрасын ұлықтауға арналған конференция өтті

Әл-Фараби кітапханасында өткен конференцияға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев, әзербайжандық профессор Фузули Баят, Түркиядан келген профессор Ибрахим Мараш және басқа да шығыстанушы ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Жиын барысында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қожа Ахмет Ясауи – түркі өркениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға. Оның адамзатты ізгілікке бастайтын еңбектерін жан-жақты зерттеп, насихаттаудың мән-маңызы зор. Бұл ретте тағылымды әрі танымды іс-шаралардың ұйымдастырылуы құптарлық іс. Бауырлас елдер үшін Түркістан төріндегі Ясауи кесенесі мызғымас діңгек, қастерлі мирас. Мемлекет оны заман талабына сай жаңғыртып, кеңінен дәріптеуге көп көңіл бөледі. Осы кесенеге «Ұлттық тарихи-мәдени ескерткіш» мәртебесінің берілуі соның айқын дәлелі. Қожа Ахмет Ясауидің мол рухани мұрасын ұлықтауға арналған бүгінгі алқалы жиын игі бастамалар мен ілкімді істерге жол ашады деп сенемін», делінген құттықтау хатта.

Конференцияда ректор Жансейіт Түймебаев Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің баға жетпес ғұламасы екенін айрықша атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына  орай ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды екенін, елімізде «Ясауитану» ғылыми орталығы немесе институты құрылуы тиістігін атап өткен болатын. Конференция Ясауи мұрасы мен түркі халықтарының рухани әлеміне арналып отыр. Бұл мәселеде түркі дүниесінің ғалымдары күш біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылуы тиіс. Түркі әлемінде әлі де толық зерттелмеген мұралар жеткілікті. Осы тұрғыда ҚазҰУ базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын ашқан болатынбыз. Қазіргі таңда институт мамандары сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды сараптап, зерттеп жатыр. Ясауитану бағытында да жұмыстар жүргізіліп отыр, – деді ректор.

«Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының мәдени, рухани өміріндегі орны бір төбе» деді Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев. Оның айтуынша, түркі жерінде ислам өркениетінің кеңінен таралып, қанат жаюына ықпал еткен ойшылдың «Диуани хикмет» атты еңбегі аса құнды жәдігер. Сондықтан ұлы ғұламаның өмір жолы мен ғылыми еңбектерінде түркі әлемі ерекше әспеттеледі.

Тағылымды басқосуда отандық және шетелдік профессорлар, түркітанушылар мен шығыстанушы ғалымдар баяндама жасап, Ясауи еңбектері мен өмір жолына тоқталып, әрі қарай секциялық жұмыстарда кеңінен талқыланды.

АЛМАТЫ