Маман • 21 Желтоқсан, 2023

Білікті мамандар елге орала ма?

104 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Білікті кадрлардың шетке кетуінен мемлекет айтарлықтай экономикалық, мәдени, кейде саяси зиян шексе, оларды қабылдап, қамтамасыз ететін елдер мықты әрі арзан зияткерлік капиталға ие болады. Кейбір дерек бойынша, соңғы бес жылда бізден 300 мыңға жуық адам шетел асса, олардың үштен бірі – жоғары білімді.

Білікті мамандар елге орала ма?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Кейінгі жылдары «милардың жылыс­тауы» бас ауыртар мәселеге айналып бара жатқаны жасырын емес. Шет­ел­дік жоғары оқу орындарын бітір­ген және дамыған елдерде жұмыс істейтін қазақстандықтар көбіне сол алған білімі мен дағдысын туған жерінде жүзеге асыра алмайды. Өйткені олардың зият­кер­лік әлеуетін қолдануына, өзін өзі дамытуына толық мүмкіндік жоқ. Ғылым мен технологияда болашағынан үміт күттіретін көптеген жас оқудың озық мүмкіндіктерін саралап, дамыған елдерге көз салады. Бюрократия мен сыбайлас жемқорлық ‒ азаматтардың өзге елдерге қоныс аударуының тағы бір себебі. Биік мақсаттарға қол жеткізу заңсыз әрекеттер арқылы жүзеге асырылған кезде, бұл адамдарды неғұрлым сенімді, әділ орын іздеуге итермелейді. Бұл жерде лайықты өмір сапасы, тартымды жалақы сияқты факторлар да таңдаудан тыс қалмайтыны рас. Сөйтіп, өз отанының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосуға тиіс азаматтар білімі мен білігін өзге елдің гүлденуіне жұмсап жүр.

Осы тектес проблемаға жуырда депутаттар да зейін қойды. «Ақ жол» партиясы Президенттің Үкіметті озық технологиясы бар халықаралық компанияларда жұмыс істеген, тәжірибелі отандастардытарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырғанын еске салды. Фрак­ция мүшелері «осы бағдарлама қабыл­дан­ды ма, талантты жастарға қандай жағдай жасалған, олар қанша және қан­дай компаниялардан елге оралды?» де­ген сауалдарға ақпарат беруді сұраған. Ай­ту­ларынша, шетелдің жоғары оқу орындарында білім алып, дардай маман болып шыққан дарынды жастарымызды сол елдің компаниялары тұрақты жұмыс орнымен, жоғары жалақымен, әлеуметтік пакет­пен қызықтырып, өздерінде қал­ды­руға тырысады. Мысалы, Ресей универ­си­теттері мен колледждерінде біздің мек­тептердің 70 мыңдай түлегі бар екен. Бұл жағынан көрші елдегі шетелдік студенттер арасында бізден барған жастар бірінші орында тұр. Ол туралы Ресейдің ресми тұлғалары да мақтанышпен ашық айтуда. Егер жоғары оқу орындарында оқитын отандастарымыздың жалпы санымен салыстырсақ, онда Ресейге оқу­ға кеткендердің үлесі 10 пайыздан асады. Оның нақты себептерінің бірі ‒ елдің жоғары оқу орындары қазақ талап­керлерін Ұлттық бірыңғай тесті­леу­сіз (ҰБТ) қабылдап, грант, стипендия, жатақханамен қамтамасыз етеді, білім алып шыққаннан кейін жұмыс орнын, тіпті азаматтығын ұсынады. Ал оған көп­теген қаракөзіміз қызығушылық таны­туда. «Жүріп жатқан соғыс салдарынан демографиялық және жұмыс күші проб­лемаларын шешу үшін Ресей біздің жас­тарымызды өзінде қалдыруға мүдделі және бұл бағытта барынша жағдай жасауы әбден мүмкін», деп алаңдаушылық білдіреді депутаттар.

Ұлттық статистика бюросының дерек­те­рі көрсеткендей, қазірде кадрларға деген ең үлкен қажеттілік өнеркәсіп, көтерме және бөлшек сауда, автомобиль мен мотоцикл жөндеу, көлік және қоймалау, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету, сон­дай-ақ денсаулық сақтау салаларында сезіліп отыр. Экономикалық қызметтің осы түрлері бойынша қызметкерлерге күтілетін жалпы қажеттіліктің жиынтық үлесі 66,2%-ға жеткен. Өңірлер бойынша қызметкерлерге ең көп күтіле­тін қажеттілік Алматыда (4 776 адам), одан кейін Астанада (2 975 адам), сонымен бірге Алматы облысында (621 адам) байқалды. Техникалық дағдылар мен білімнің өзектілігі төмендейтін үрдіс белең алғанда үздіксіз оқытудың қа­жет­тілігі артады. Бұрын техникалық-кәсіптік білім беру шеңберінде алынған білім біліктілікті арттырусыз 10 жылға жеткілікті деп саналса, қазір көптеген мамандық бойынша дағдылардың өзектілігі тек екі жылдың көлемінде ғана сақталады. ЭЫДҰ талдауына қа­ра­­ған­да, елдегі жұмыс беру­шілер өз қызметкерлеріне оқудан өтуді бел­сен­ді түрде ұсынбайды. Сөйтіп, бізде қызметкерлердің тек 3,4%-ы ғана қо­сым­ша оқудан өткен. Көріп отыр­ға­ны­мыз­дай, кадр әлеуеті орнықты экономика қалыптасқан жағдайда ғана нығая алады.

Білікті кадрларды елге қайтаруға ынталандыру туралы айтар болсақ, алдымен бұл шараға әлеуетті қатысушылар қандай белгілер бойынша таңдалатынын нақты анықтау қажет. Экономикалық зерттеулер институты (ERI) өңірлік зерттеулер орталығының директоры Ерлан Кәрімовтің пайымдауынша, бірінші кезекте QS World University Rankings деректері бойынша соңғы 5 жыл ішінде әлемнің үздік 100 университетінде ғылыми дәреже алған немесе «Fortune 100» компанияларында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі бар отандастармен байланыс орнатқан жөн. Бұл тұста білікті мамандардың эмиграциясының себептерін зерделеу бойынша әлеумет­­тану зерттеулерін жүйелі түрде жүргізу, бірлескен жұмыстар мен зерттеулер жүргізу үшін елге білікті кадрларды тар­ту­ға отандық диаспоралардың мүмкін­дік­терін пайдалану, елде үздіксіз білім беру жүйесін белсенді енгізу қажет.

Е.Кәрімов елге қайтып жатқан отан­дас­тарды тұрғын үй субсидияларымен, жеңілдетілген автонесиемен қамту қа­жеттігін айтады. Зерттеушінің пікі­рін­ше, қайтару үдерісін азаматтықты ұзатпай беру, олардың балаларын бала­бақ­шаға, мектепке орналастыру, қо­сымша қаржыландырудың белгілі бір пайызы шетелдік ғылыми қызметкерлер мен кеткен отандастар арасынан профес­сор-оқытушылар құрамын тартуға жұм­сал­ған жағдайда, жоғары оқу орындарын қаржыландыруды ұлғайту қажет. Сонымен қатар бірлескен жобаларға қатысу немесе жоғары оқу орындарында дәріс оқу үшін шетелдік ғалымдар мен мамандардың Қазақстанға қысқамерзімді сапарларын ұйымдастыру оларға еліміз­де­гі оң өзгерістерді көріп, түйсінуге мүм­­кіндік береді. Шетелдік ғы­лыми қыз­меткерлер қызығушылық таныт­қан жағдайда отандық ЖОО жанынан кә­сіп­кер­лік инкубаторлар немесе зертханалар құру, сондай-ақ жабдық сатып алуды және техникалық персоналды жалдауды қоса алғанда, өз зертханасын ашу үшін гранттар бөлу қажет. Бұдан бөлек, ірі отандық компаниялардың елден кеткен білікті қызметкерлерді мемлекет бәсекеге қабілетті жалақы төлеуді ішінара жаба алатын жұмысқа жалдауға көңіл бөлгені дұрыс.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024