Қоғам • 22 Қараша, 2023

Ұлттық санақ: Сыры терең цифрлар

198 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биылғы 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетіп, бөркімізді аспанға ата қуанып жатқан жайымыз бар. Себебі республика тұрғындарының саны 1989 жылғы халық санағы бойынша 16,4 млн-нан асқанымен, 1999 жылғы халық санағы бойынша 14,9 млн адамға дейін азайып кеткен болатын.

Ұлттық санақ: Сыры терең цифрлар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бұл «кеңес одағы ыдырап, азаттық алған көптеген этнос өкілдерінің өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында тарихи отандарына жаппай қайтып оралу үдерісі басталғанының салдары еді.

Ал жуырда жариялан­­ған 2021 жылғы Ұлттық санақ мәлі­­меттері тәуелсіздік жылдарында мемле­кеті­міздің демо­графиялық жағда­йында, тіл саясатында көңіл сүйінерлік­тей оң өзгерістерге қол жет­кізілгенімен, ойланар­лық­тай олқылықтарға да жол беріл­генін көрсетті. Әйтеуір, ең бастысы – өткен отыз жыл ішін­де елімізде жекелеген қасі­ретті оқиғалар болғанымен, тұтастай алғанда, қоғамда саяси тұрақтылық пен азаматтық келісім сақталған­дығы­ның нәти­жесінде халқы­мыз­дың ғана емес, оның ішін­де мем­лекет құраушы ұлтымыздың да саны өсіп, 1989 жыл­ғы 6,5 млн адамнан 2021 жы­лы 13,5 млн адамға дейін көбей­ді. Қазағымыздың республика хал­қының құрамындағы үлес сал­мағы 39,7 пайыздан 70,4 пайыз­ға дейін артты. Халқы­мыз­дың саны қазір 20 млн адамға жеткендіктен, пропор­циялы түрде есептегенде, ұлты­мыздың саны 14 млн адамға жет­ті деуге болады.

Саны бойынша титулды ұлты­мыздан кейінгі екінші орын­­ды еншілеп отырған этнос – орыстардың саны 1989 жылғы 6 млн 227 мыңнан 2021 жылы 2 млн 981 мыңға дейін, халық құрамындағы үлес сал­мағы 37,8 пайыздан 15,5 пайызға дейін азайды. Ал өзге ірі этностар қатарының қалыңдау үрдісі байқалады. Оның ішінде өзбектердің саны 2009 жылғы 457 мыңнан 2021 жылы 614 мыңға дейін артып, үлес салмағы 2,9 пайыздан 3,2 пайызға дейін көтерілді. Украиндардың саны 330 мыңнан 387,3 мыңға дейін көбейді, бірақ үлес салмағы 2,1 пайыздан 2 пайызға дейін төмендеді. Ұйғырлардың саны 224,7 мыңнан 290,3 мыңға дейін ұлғайып, үлес салмағы 1,4 па­йыздан 1,5 пайызға дейін артты. Немістердің саны 178,4 мыңнан 226 мыңға дейін, үлес салмағы 1,1 пайыздан 1,2 пайызға дейін көбейді. Татарлардың саны 204,2 мыңнан 218,6 мыңға дейін артқанымен, үлес салмағы 1,3 пайыздан 1,1 пайызға дейін кеміді.

ваааааааав

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өзге этнос өкілдерінің халық­тың ұлттық құрамындағы үлес салмағы 1 пайызға жетпейді. Тек әзербайжандар осы межеге жақындап келеді: саны 2009 жылғы 85,3 мыңнан 2021 жылы 145,6 мыңға дейін, үлес сал­ма­ғы 0,5 пайыздан 0,8 пайыз­ға дейін артты. Түріктердің са­ны 97 мыңнан 85,5 мыңға де­йін, сондай-ақ үлес салмағы 0,6 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендеді. Қырғыздардың саны 23,3 мыңнан 34,1 мыңға дейін өсті, ал үлес салмағы бұрынғы 0,2 пайыз деңгейінде қалды.

Тұтастай алғанда, қазақтарды қоса алғанда, еліміздегі түбі бір түркі тілдес этностардың жалпы саны 14 млн 886,2 мыңға жетіп, халықтың ұлттық құрамындағы үлес салмағы 77,6 пайызды құ­ра­ды. Түркі мемлекеттері ұйы­мы құрылып, олардың эко­но­­микалық және мәдени ық­пал­дастығы нығайтыла баста­ғаны елі­міздегі түркі тілдес эт­нос­­­тар­дың да ынтымақ-бір­лі­гін кү­шейте түсетіні кәміл.

Ұлттық санақ отандаста­ры­мыздың мемлекеттік тілге көз­қа­ра­сын да анықтап берді. 5 жастан асқан 17 млн 194,7 мың азаматтың 13 млн 768,4 мыңы (80%) қазақ тілін білетіндігін, оның ішінде 8 млн 472,6 мың адам (61%) мем­лекеттік тілді күнделікті қол­данатынын білдіріпті. Осы жас­та­ғы 11 млн 906,9 мың қазақтың 11 861,7 мыңы (99,6%) өз ана тілін меңгергенін, сондай-ақ 7 млн 550,5 мыңы (63,4%) оны күнделікті қолданатынын мә­лім­­деген. Бір қайран қалар­лығы, басқа тілді ана тілі деп санайтын 117,8 мың қазақтың (ұлтымыздың жалпы санының 0,87 пайызы) 72,6 мыңы қазақ тілін меңгерген көрінеді. Шын­туайтында, өз ұлтының тілін ана тілі санамайтын адамдар басқа этностардың ішінде де бар болып шықты. Нақты айтсақ, 310 мың украин (80%), 148,8 мың неміс (65,8%), 128,7 мың орыс (4,3%), 89,3 мың татар (40,9%), 69,2 мың корей (58,4%), 43 мың ұйғыр (14,8%), 37 мың әзербайжан (25,5%), 34,2 мың белорус (44,7%), 30,5 мың өзбек (5%), 27,6 мың поляк (78%), 13,5 мың түрік (15,8%), 7,9 мың қыр­ғыз (23,1%), 7,1 мың чешен (21,2%), 4,7 мың дүнген (5,9%), 3,9 мың тәжік (7,7%) басқа тілді өз ана тілі ретінде көрсетіпті.

Бес жастан асқан орыстардың 708 мыңы (25,1%), өзбектердің 383,3 мыңы (72%), ұйғырлардың 186,7 мыңы (71,7%), татарлардың 103,5 мыңы (50,5%), украин­дар­дың 87,7 мыңы (23,7%), әзербайжандардың 77,4 мыңы (58,5%), немістердің 53,1 мыңы (25,2%), корейлердің 40,8 мыңы (36,5%), түріктердің 46,8 мыңы (61%) қазақ тілін білетінін білді­ріп­ті. Бұған қоса 602,3 мың орыс (21,3%), 62,2 мың украин (16,8%), 60,5 мың өзбек (11,4%), 52 мың неміс (24,7%), 29,6 мың татар (14,5%), 22,6 мың корей (20,2%), 19,9 мың әзербайжан (15%) қазақ тілін үйреніп жүр. Өзге этностардың да мемлекеттік тілді меңгеру және үйрену деңгейлері әртүрлі болғанымен, оны білуге ықы­ластары айтарлықтай. Де­мек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұ­рақ­­тылығы мен өркендеуінің негізі» алғашқы Жолдауында айт­қандай, қазақ тілінің мемле­кеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, этносаралық қатынас тіліне ай­на­латын кезі келе жатыр. Ұлт­тық санақ қорытындысы осы бағытта Қазақстан халқы Ассам­блея­сы мен оның өңірлердегі құрылымдары орталық және жергілікті мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірлескен жұмыс­тарын күшейте түсуі қажеттігін аңғартқандай.

Ұлттық санақ елімізде урбандалу үдерісі, әсіресе кейінгі он екі жылда қарқынды жүргендігін көрсетті: қала халқының үлес сал­мағы 1999 жылы – 56,4, 2009 жылы 56,1 пайыз болса, 2021 жылы 61,2 пайызға жетті. Тиісінше ауыл халқының саны азайып, бұдан екі жыл бұрынғы үлес салмағы 38,8 па­йыз болды. Биылғы 28 наурызда Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рымдамасында 6295 ауыл­дық елді мекеннің алдағы уа­қытта 5900-і ғана қалады деп болжанғандығын ескерсек, урбандалу одан әрі жалғасып, бола­ша­ғы бар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмеген жүздеген ауылдың түтіні өшетін тәрізді.

Осы орайда Ұлттық санақ мә­ліметтері көптен бері биік мін­берлерден айтылып жүрген ел өңірлерін біркелкі дамыту міндеті орындалмай келе жат­қан­дығын айғақтады. Мәсе­лен, халық саны үш мегаполис­те – Астанада 2009 жылғы 613 мыңнан 2021 жылы 1 млн 234 мыңға (201%) дейін, Шымкентте 730,8 мыңнан 1,1 млн-ға (152,2%) дейін, Алматыда 1 млн 449,7 мыңнан 2 млн 30,3 мыңға (140%) дейін көбейді. Сондай-ақ он екі жылда тұрғындар қатары Маңғыстау облысында 485,3 мыңнан 735 мыңға (151,4%) дейін, Атырау облысында 510,3 мыңнан 673,6 мыңға (132%) дейін артты. Керісінше, 2009-2021 жылдар аралығында тұрғындар саны Солтүстік Қазақстанда 596,5 мыңнан 540,8 мыңға (96%) дейін, Шығыс Қазақстанда 1 396,5 мыңнан 1 341,2 мыңға (96%) дейін, Қостанай облысында 885,5 мыңнан 833,6 мыңға (94,1%) дейін азайды. Бұл деректер – Үкіметтің осыған дейін өңірлердің теңдестіріле дамуына жете көңіл бөлмегендігінің дәлелі. Соның салдарынан тәуел­сіз­дік жылдары шет мемлекет­тер­ден атажұртқа оралған 1 млн 123,2 мың қандастың көпшілігі еліміздің оңтүстігі мен батыс өңірлеріне қоныстанды. Бұған қоса, Үкімет бөлген квотамен демографиялық жағдайы төмен солтүстік және шығыс об­лыстарға орналастырылған қандастардың көбі ол жақтарды жерсінбей, орталық және оңтүс­тік өңірлерге қайта көшіп кетті. Сонымен қатар кейінгі жылдары іске асырылып жатқан жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын ерікті түрде сол­түс­тік және шығыс өңірлерге қоныстандыру бағдарламасының нәтижесі де шамалы. Аталған шаралар солтүстік және шығыс облыстардан басқа жақтарға, соның ішінде Ресейге көшіп кетушілердің орнын толтыра алар емес. Мысалы, осы жылдың үш тоқсанындағы көші-қонның теріс сальдосы Абай облысында – 5172, Шығыс Қазақстанда – 2994, Қостанай облысында – 2892, Солтүстік Қазақстанда – 2605, Павлодар облысында 2343 адамды құрады. Бұл ретте Үкімет оңтүстік және шығыс өңірлердің климатының қатаң­ды­ғына және тілдік ортасына байланысты ерекшеліктерін жете ескермей келгендігін айтқан жөн. Осы орайда Парламент Мә­жілісі депутаттарының Сол­түс­тік Қазақстан облысының еңбеккерлеріне кеңес одағы кезінде болған және Ресей Фе­дерациясының көршілес облыс­тарында әлі күнге сақ­талып отырған «солтүстік коэф­фи­циен­тін» – жалақыға 15 па­йыз үстемені қайтару туралы де­пу­таттық сауалдарынан да еш нәтиже шықпады. Тек Қазақ­стан Республикасының ауыл­дық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында жұмыс күші тапшы облыстардың шалғайдағы солтүстік және шығыс шекара маңындағы ауылдық округ­те­рін­дегі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінің жалақысына 50 пайыз үстемеақы төлеу мәселесін қарастыру көзделіпті. Бұл шара, әсіресе тұрғындарының саны тым аз әрі жыл сайын талай ауы­лы жабылып жатқан Солтүстік Қазақстан үшін жеткіліксіз деп білеміз. Ресейдің Қорған, Омбы және Түмен сияқты үш бірдей облысымен көршілес орналасқан, аумағын Ресей теміржолы басып өтетін Қызылжар өңіріне – еліміздің стратегиялық маңызы бар «солтүстік қақпасына» ерек­ше көңіл бөліп, оның де­мо­графиялық жағдайын жақ­сартуға бағытталған тың тәсіл қолдану қажет сияқты. Сол­түс­тік Қазақстан – титулды ұлт өкілдерінің өңір тұрғындары құрамындағы үлес салмағы (37,6 %) орыс этносынан (44,5 %) аз болып отырған жалғыз облыс екендігін де ескерген жөн.

Ұлттық санақ ел ішінде айтылып жататын «Қытайлар қаптап барады» деген қаңқу сөздің анық-қанығын да біліп берді. 2009 жылы елімізде 3424 қытай этносының өкілі тұрған болса, олардың саны 2021 жылы 3077-ге дейін азайған. Ал он екі жыл ішінде тілі де, ділі де ұқсас, түбі бір қарақалпақ ағайындар саны 2828-ден 20007-ге дейін көбейіпті.