Республика күні • 25 Қазан, 2023

Сарғайған газет шежіресі: «Ерекше маңызды құжат»

211 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің азаттығы туралы әңгімелер айтылып жатқан кезеңде «Социалистік Қазақстан» газетінде тәуелсіздік декларациясына қатысты мақалалар жарияланды. Сол кезде депутаттардан ғана емес, жалпы жұрттан түскен пікірлер мен ескертулерді Декларация жобасына енгізу жөніндегі арнайы құрылған комиссия бір аптадан астам уақыт жұмыс істеген, аталған комиссияның төрағасы болған депутат Салық Зимановтың «Ерекше маңызды құжат» мақаласы «Социалистік Қазақстанның» 1990 жылғы 28 қазандағы нөмірінде жарық көрді, көлемділеу мақаланы ықшамдап ұсындық.

Сарғайған газет шежіресі: «Ерекше маңызды құжат»

Фото: ашық дереккөз

Біздің республика өзінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын соңғылардың бірі болып қабылдады. Мұның өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар еді. Басқа республикалардың тәжірибелерін ескеруге және олардың декларацияларындағы ұтымды әрі бағалы нәрселерді алуға өзіміздің тарихи шешімімізге ойлы көзбен қызбаланбай қарауға мүмкіндік мол болды. Бұрын Совет Одағында осындай саяси құжатты қабылдау практикасы  болмағанын ескерген жөн.

Көптеген хаттар, коллективтік үндеулер мен телеграммалар келіп түсті. Оларды депутаттар  Декларацияның жаңа нұсқасын  әзірлеу үшін арнайы құрылған комиссияның мүшелері егжей-тегжейлі зерттеп, Жоғарғы Советке баяндады. Бұл құжат парламент сессиясында мұқият қаралды.

Әуелі Декларацияның мәні мен оның басқа заң актілерінің арасындағы орнын түсініп алғанымыз жөн. Онда Республиканың тағдыры мен статусын, оның жаңа Федерация – одақтық мемлекеттегі орнын, республика өкіметінің экономика, мәдениет, заң шығару және территориялық кеңістік саласындағы үстем билігінің ауқымы мен шегін айқындайтын принципті ережелер хатталған. Декларацияның басқа мемлекеттік актілерден арасындағы басымдығы оның қорытынды бөлігінде айқындалған: «Декларация Одақтық шарт жасасу, Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын іске асыратын заңдық актілерді әзірлеу үшін негіз болып табылады».

Адамды қай ұлтқа жататынына және діни нанымына қарамастан толымды және ерікті тұлға ретінде орнықтыру және осы негізде Республика территориясында тұратын халықтарды топтастырып, олардың достығын нығайтуға қол жеткізу қажеттігі туралы идея бүкіл Декларацияның алтын арқауына айналған. Осынау асқаралы мақсатқа томаға-тұйықтық пен пен  оқшаулану жағдайында қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан адам праволарының  жалпыға бірдей Декларациясы нормаларының, сондай-ақ, ұлттың өзін-өзі еркін билеу правосының мәні атап көрсетіліп отыр, ал бұл право Бірікккен Ұлттар Ұйымы тиісінше 1948 және 1966 жылдары қабылдаған азаматтық және саяси праволар туралы халықаралық хартияда хатталған.

Жалпы адамзаттық игіліктерді игеру шеңберіндегі басқа міндеттердің арасында қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті республиканың түсіну міндеті, оның төл мәдениеті мен тілін қайта түлетіп, дамытуға мемлекеттік қамқорлық көрсету қажеттігі бөліп көрсетіліп отыр. Бұл қазақ халқының өзін-өзі билеу және Совет федерациясы шеңберінде оның мемлекеттілігін құрудың тарихи мәнінен туындайды. Мұның өзі Қазақ Республикасы қазақ халқының дүниежүзіндегі бірден–бір кіндік кескен атамекені болып табылатынынан және оның тағдырының тек осы аймақта ғана шешілетінінен туындайды.

Жарияланған жобаның 8-статьясына, оның: «Қазақ ССР-інде қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген бөлігіне көптеген пікірлер келіп түсті. Ол Декларацияға енгізілмеді және талқылаудан алып тасталды. Нақ осы тұжырым жергілікті жерлерден келіп түскен хаттарда бәрінен де көп қозғалғандықтан ол туралы бөлек айтқан жөн.

Қазақ және орыс тілдері тең праволы. Бірақ олар өзінің іс жүзіндегі жағдайы бойынша тең емес және тең болуы мүмкін емес. Біріншісі ғылыми техникалық саладан белсенді түрде ығыстырылып отырған, Республикадағы ресми іс жүргізу саласынан толық дерлік ығыстырылған жергілікті аймақтық тіл болып табылады, екіншісі ғылым, білім беру және дүниежүзілік цивилизация тілі. Осыған байланысты бұл тілдер тең статусы бола тұрып, қатарлас қозғалыс процесінде бірін-бірі «жігерлендіре» алмайды.

Тек жергілікті ұлттың тіліне «артықшылықтар» беру ғана оның болмысын, сақталуын және қайта түлеуін қамтамасыз етудің бірден-бір шарты. Көріп отырғанымыздай, бұл тұста қазақтардың «бөтен ниеті» де, Республикада орыс тілінің тең праволы дамуына қысым жасау да жоқ.

Бүгінгі таңда жалпы жағдай мынадай: мәселелерді, әсіресе ұлтаралық қатынастар саласына қатысты мәселелерді әртүрлі түсінуге ешқандай желеу беруге болмайды. Оның үстіне процедуралық мәселелер қанша маңызды болса да, басқа актілерде реттелуге тиіс.

Ағымдағы міндет, біріншіден жарияланған нормалардың мазмұны мен мәнін қайта құру процестеріне біздің Республиканың қосатын сындарлы үлесін молайту тұрғысынан дұрыс түсініп, ой елегінен өткізілуінде болып отыр. Екіншіден Декларацияның нормаларын, әсіресе, жеке адамның праволары мен бостандықтарын тиісінше қамтамасыз ету жалпы адамзаттық игіліктерді  азаматтардың сана-сезіміне ұялату. Қазақстанда тұратын адамдар мен ұлттардың өзара қатынасына енгізу жөніндегі нормаларын іске асыруды кешеуілдетпей бастау керек.

С.Зиманов

республиканың халық депутаты, Қазақ ССР ғылым академиясының академигі.