
Ұзындығы 120 шақырымды құрайтын, өткізу мүмкіндігі секундына 45–50 текше метрге жететін бұл канал Мойынқұм ауданына қарасты Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының тұсынан өтеді.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, тазалау жұмыстары биыл аяқталып, канал арқылы су жіберу қайта жанданады. Бұл Шу өзенінен экологиялық мақсатта бөлінетін судың тиімділігін арттырып, Созақ ауданындағы табиғи ахуалды жақсартуға сеп болмақ.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданының экожүйесін қолдау үшін шамамен 200 млн текше метр су жібереді. Каналды тазарту су жіберудің тиімділігін арттырып, 40 жылдан бері алғаш рет оны өз мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар канал бойындағы елді мекендердің суға қолжетімділігі жақсарады. Нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстар министрліктің қатаң бақылауында», деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, былтыр қыркүйектен биылғы сәуірдің соңына дейін Шу өзені арқылы Созақ ауданына 1,5 млрд текше метрден астам су жеткізілген.