
Дәл осы күні жылғаларынан көптен бері жаңбыр суы ақпаған Қарағандыда нөсер жауын құйды. Ұлы ақынның туған күнінде табиғат-ананың сыйы осы болды. Аспаннан нұр құйылды, жерде жыр оқылды. Дала сахнасына жиналған жұрт жаңбырдың астында қалса да, кешті әбден тамашалап барып тарқасты.
Кештің шымылдығын ақын, Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы ашты. Тұрғындарды мерекемен құттықтап, хакімге арнаған өлеңін оқыды.
«Абай – адамзаттың ақыны. Абай – Алаштың үні. Шығармаларында қазақтың бар мұңын, қайғысын айтып кеткен. Хакімнің туындыларына үңіліп, қазақтың ұлы халық екеніне көзің жетеді. Қазақтың сөз өнерін шыңға шығарған ұлы тұлға. Баршаңызды хакімнің туған күнімен шын жүректен құттықтаймын», деді ол.
Одан кейін дәстүрлі әннің дүлдүлдері Саян Бөдесов, Қуандық Төкенов бастаған әншілер Абай әндерін орындады. Талантты әнші Арайлым Жүкенова да эстрадалық жанрда «Көзімнің қарасын» шырқады. Сұлтан Дәулетхан, Ерік Нарын, Эльмира Сайлау, Салтанат Қайырбек сынды ақындар өз шығармашылығынан өлең оқыды.
«Абай дүниеге келген күн – қазақ поэзиясы мен тұтас әдебиетінің һәм дүниетанымының мерекесі. Сол мереке күні Қарағанды орталық саябағында нөсерлеп жаңбыр құйды, дүркіреп ән мен жыр төгілді. Өлең оқып қайтып бара жатқанда, өлеңің туралы жылы лебіз есту, тіпті, ғажап. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан, даламызды думанға бөлейтін осындай игі іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын», деді Салтанат Қайырбек.
Ұлы ойшылдың қарасөздері де ұмыт қалмады. Республикалық, облыстық, қалалық байқауларда жүлде алып жүрген Бектас Жұман мен Мәди Бижан хакімнің қарасөздерін шебер оқыды. «Сахнаға сұранып, Абайдың өлеңін жатқа оқыған көрермендер де болды. Бұл әдеби-сазды кештің өз мақсатына жеткендігін көрсетті», дейді ұйымдастырушылар.
Игі іс-шараны Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырды. Жаз бойы орталық саябақта «Қарағанды – қара өлең» атты әдеби-сазды кештер өтіп жүр. Бұл кеш бұрынғы кештерден өзгерек, әрине.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы