Пікір • 22 Маусым, 2023

Кітапқа құштарлық

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ», деді.

Бүгінде алпысты алқымдап, жетпісті желкелеген ардагер ұрпақ һәм біз кітап оқып өстік. Көбімізді көркем әдебиет тәрбиеледі десек, артық айтқандық емес. Бұған өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында мемлекеттік телеарналардың жаңа ашылып жатқандығы, кинофильмдердің аздығы, ал интернеттің иісі де болмағаны әсер еткені сөзсіз.

Кеңшардың бөлімшесі саналатын біздің ауылдағы шағын клубтың бір бөлмесіне орналасқан кітапханада балаларға арналған кітап көп болған жоқ. Оларды сыныптасым Қасым Нұрғалиев екеуіміз төртінші сыныпта түгел оқып бітірдік. «Енді орыс тіліндегі балалар кітаптарын алып оқыңдар», деген кітапханашыға орыс тілін білмейтінімізді айтып, енді ересектерге арналған қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды оқуға рұқсат беруін сұрап, жалынып тұрып алдық. Көңілімізді қимаған кітапханашы ағамыз сонда қолымызға «Мың бір түнді» ұстатқаны жадымызда. Сөйтіп, ересектерге арналған көркем әдебиетті бала кезден бас­тап оқығандықтан, тым ерте есейгенімізді сезбей де қалдық...

Кітапты көп оқығанымыз мамандық таң­дауымызға тікелей әсерін тигізді. Қасым досым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды қалады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының үздік ұстаздарының бірі, «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері» атағына ие. Жастайынан өлең жазып, Қызылжар өңірінде өткен талай мүшәйраның жеңімпазы атанды. Бұған қоса, ауыл мектебінің жанынан жас ақындар мектебін ашып, бірнеше айтыскер ақынды тәрбиеледі.

Ал мен әу баста ұшқыш болғым келді. Одан кейін сәулеткерлікке ойым кетті. Мұның себебі – жоқшылық пен жетімдіктің ащы дәмін татып өскенімде. Менің тоғыз жасымда дүниеден озған әкемнің ай са­йын алатын зейнетақысының мөлшері 19 сом 68 тиын еді. Жасы қырықтан асқанда жаңадан құрылған ұжымшарға малшы болып кіргендіктен, еңбек өтілі аздық қылып, қартайған шағында кеңес өкіметінен осындай мардымсыз нәпақа бұйырыпты. Сол кездегі жоғары оқу орнының студентіне айына 40 сом стипендия төленгенін ескерсек, біздің отбасымыздағы бес адамның хал-жағдайы қандай болғаны тәптіштеп айтпай-ақ түсінікті. Сол себепті мен ер жеткенде ішсем тамаққа, кисем киімге жарымаған кедейліктен құтылып, әйтеуір, ақшаны «күреп» табатын бір кәсіп иесі атанып, байлықта шалқып өмір сүруді армандайтынмын. Бірақ жоғары сыныптарда қызыға оқыған Джек Лондонның «Мартин Иден», Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» сынды әдеби шығармалары балаң көзқарасымды күрт өзгертіп, өмір мәні – адалдық пен әділдікті ту етіп ұстап, рухани бай ғұмыр кешу, ал материалдық байлықтың соңына түсіп, дүниеқоңыздыққа салыну – нағыз надандық екен деп түйдім. «Осы мен неге журналист, жазушы болмаймын?» деген ой да келді. Іле ауылдағы жалғыз мәдениет ошағының кешкілікте жабық тұратыны, жастардың жұмыстан кейін баратын жер таппай, көшеде текке сенделіп жүретіні есіме түсіп, дереу қолыма қалам алдым. «Клуб па, әлде құлып па?» деген сын мақала жазып, облыстық газетке хатпен жолдадым. Осылайша, өзіме ұнайтын өмірлік мамандығымды таптым.

Иә, Мемлекет басшысы айтқандай, қазір компьютер мен смартфонға телмірген жас ұрпақтың бетін кітапқа бұру оңай емес. Дегенмен оның бір оңтайлы жолы мектептерде оқырмандар конференцияларын жүйелі өткізу екені анық. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Петропавл қаласындағы қазақ классикалық гимназиясында осы білім беру ұйымына Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің есімі берілуіне орай, оның «Бір таба нан» повесі бойынша өткізілген оқырмандар конференциясына ата-ана ретінде қатысқан едік. Сонда оқушылар повестен алған әсерлері туралы тебірене сөз сөйлеп, өздерінің де, өзге тыңдаушылардың да көздеріне жас үйірілткені әлі күнге жадымызда. Ұмытылмас адамгершілік сабағы болған еді сол іс-шара.