Пікір • 17 Мамыр, 2023

Жалғыздың жан азығы

636 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Басқа жақты білмейміз, Алматыда адам сенбейтін жағдай. Театрға билет табу қиын, спектакльдің бәрі аншлагпен жүреді, зал аузы-мұрнынан шығып отырады. Спектакль болатын күні көрерменнің кассаға келе салып, билетті ала салып, орын тауып отыра салуы арманға айналған. Кейбір спектакльге ай бұрын қамданбасаң, касса біткен жылан жалағандай, билеттер әп-сәтте сатылып кетеді. Бұған ара-тұра шетелден гастрольге келетін әлемдік деңгейдегі театрлардың әйгілі қойылымдарына көрерменнің 50-60 мың теңгеге билет таппай Абай атындағы Опера және балет театрының алдында сеңдей соғылысып жүретінін қосыңыз.

«Халық соғыстан соң ас ішпесе де, аш болып жүріп те, театр қойылымдарынан қалмайтын», «аяғына киіп жүрген етігін, қолындағы бөлкесін билетке айырбас­тайтын», «театрдың есігін бұзып, сындырып кірдік» дегенді жасы үлкен аға буынның әңгімелерінен естіп қалғанда, әр қойылымнан самсаған сарбаз бен мектептен қуып әкелген оқушыларды ғана көретін адам осы әңгіменің бәрін ертегі секілді қабылдайтын. Уақыты, ақшасы бола тұра, әрнәрсені сылтауратып өнер ошақтарынан сырт жүретін адамдардың жеке тұлғалық қасиетінің және рухани өсу мәдениетінің аяқасты ояна қалып, күрт белең ала бастаған бұл не «бум»?

Билет таппай қақтығып жүрген ел тек театрдың алдында ғана емес. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің кассасы алдында да күн сайын осы көрініс. Сол тұрғанның бәрі өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жанкешті жанкүйер болса қанекей, шылбырдай шұбатылған кезекте тұрған жастардың дені қылқалам құдіретін терең түсінгендіктен сағаттар бойы табандылық танытып тұр дегенге, ешкім де сенбес. «Музейге жылына, айына неше рет келесіз?» деп аудитория алгоритмін анықтау үшін сауалнама жүргізіп жіберсе, иін тірескен көптің ішінде бірде-бір рет музейдің есігін ашып көрмеген адамның да бар екеніне бәс тігуге болады. Алматының барлық музейінде мәдени тұтынушы тарапынан мұндай сұраныс күнде бола қоймас, бірақ бұрынғы ахуалмен салыстырғанда, тамырына қан жүгірген. Бұрын-соңды болмаған бұл қызығушылық қайдан, қалай пайда болды?

Әр адам жайнап тұрған мынау жарық әлемге музейдегі шедеврлердің өзегінде мөлтілдеп тұнған әсемдіктің көзімен қараса, жер беті сұмдық пен сорақылықтардан арылар ма еді. Жан-жағының бәрін суық қармап, жалғызсырап, жан дүниесі азынай бастағанын сезген адамдар бейсаналы түрде рухани жетілгісі келеді, ішкі түйсігімен жылылық іздейді. Пандемия кезінде ұзақ уақыт оқшауланып, оңашаланып қалған адамға өзінің әлемнің бір бөлшегі екенін, ал өмір деген – қозғалыс, адамдармен қарым-қатынас, алу, беру, жүру, көру, қателесу, қуану, түйсініп, түсіну екенін сезінгеннің өзі бір бақыт. Жансыз экран арқылы, онлайн пішінде емес, түрін көріп, жанында тұрып, тынысын, көңіл күйін сезініп, дауысын естіп, тұп-тура өзімен тікелей байланыс жасағанға жетпейтінін түсінді. Адам – әлеуметтік жаратылыс иесі, оған ортасыз, қауымсыз тіршілік кешу мүмкін емес. Музей мен театрда бұрын-соңды болмаған нөпірді көріп жүріп, олардың түйсігімен ашқан сол жаңалығын жұрттың мол шоғыры қамтылған мәдени орындарды жағалап, рухани нәрі шүпілдеген мағынамен толтыра түскісі келетінін аңдадық. Көңіліндегі мың сұрақтың біреуінің ғана жауабын тапса да, бұл адамға қаншама қанағат сезімін сыйлайды. Қорек іздеп, ашырқанған жүдеу рух нәр алып, рахаттанады.

Музейде мұнша адамның жүруіне құнды жәдігерлермен қажетті мөлшерде танысуға мүмкіндік беретін 3d пішіні де өз әсерін бермей отырған жоқ. Келген жастар сурет туындысының жанында селфи жасап, мәз. Мейлі. Бүгін суретке түссе, ертең мағынасын ұғады. Бұл да уақытты көңілді әрі қызық өткізудің бір тәсілі. Бастысы, музейге апаратын жолды білгені, ниеті, танысқаны.

Мәдениет мекемелеренің басына орнаған мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді. Осы уақытқа дейін «ел театр мен музейге бармайды» дейтін жаны сірі стеоротип өмір сүріп келді. Ол сынды. Театр мен музейге адам тарту үшін қандай амал-әдіс ойластырылмады десеңізші? Бірі оң нәтижесін берді, бірі омақасып, «бір реттіктен» әрі аса алмады. Енді міне, ғайыптың күші айдап әкелген аудиториямен жүйелі жұмыс істеудің таптырмас сәті туды. Осы сәтті ұстап, келушінің өресін көтеріп, өнер өнімін қоғамға «саудалай» білетін мамандарға қолдау білдіріп, әрең қол жеткізген деңгейді уыста ұстап тұрудың бір тетігі «мәдениет маркетингі» дейтін мәселені назарға алатын кездің жеткенін уақыт растап отыр. Ұзақ жүріп, аңсап күткен мүмкіндіктен қапы қалсақ, кімге өкпелейміз?