Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті полицейлер отбасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шарасын күшейтті.
«Облыс аумағында 27 қаңтардан бері тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осы шара аясында №1 Атырау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірге жанжал жиі болатын отбасыларды тексеріп, профилактикалық жұмыс жүргізуді қолға алды. Өйткені жыл басынан бері 102 арнасына 100-ден астам хабар түсті. Тексеру нәтижесінен соң 79 адамға қорғау нұсқамасы шығарылды. Сот шешімімен 20 азаматқа мінез-құлқына қатысты ерекше талап белгіленді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.