Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қостанай облысы әкімдігі жанынан резиденцияның қандай мақсатқа қызмет ететінін айқындайтын жұмыс тобы құрылып, қоғам өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныс-тілектерін тыңдап шыққан.
Наурыз қарсаңында жұмыс тобы аймақтық резиденцияны психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған Сауықтыру орталығына бейімдеу туралы шешім қабылдады. Жаңа орталықта емге мұқтаж балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсетіліп, медициналық оңалту, сауықтыру жұмыстары атқарылады. Ем-шара қабылдау мерзімі 14 тәуліктен 21 күнге дейін ұзартылады.
Бұған дейін мүгедектігі бар балаларға арналған сауықтыру шаралары облыстық оңалту орталығында ғана жүргізіліп келген болатын. Мұндағы балаларға арналған бөлімше 2021 жылдың қыркүйегінде ашылды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылы бұл мекемеде 191 бала 14 күндік ем-шара қабылдаған.
Жалпы облыс бойынша психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған, тірек-қимыл қозғалысына зақым келген екі мыңға жуық бала бар.
Жаңа Сауықтыру орталығы жыл сайын осындай дертке шалдыққан 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 900 баланы емдеуге, реабилитациялық қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек.
Аталған орталықта логопед, дефектолог, реабилитолог мамандар жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ дене құрысын жазу, емдеу мақсатындағы дене шынықтыру, сумен емдеу сияқты қызметтер көрсетіледі.
Резиденцияны реабилитациялық орталыққа айналдыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады. Бөлінген қаражатқа ғимаратты мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімдеу, реабилитациялық құрал-жадықтармен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар атқарылады.
Биыл ғимаратты қайта жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаттарға тапсырыс беріліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.