Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы MediaLab журналистика орталығы қоғамдық медиа мен коммуникациялардың қоғамға әсері тақырыптары шеңберінде қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысады.
Кездесу барысында ведомство басшылары медиа-мамандықтар үшін әдебиет даярлап, басып шығаруды, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде журналистерді оқытуды ұйымдастыруды, журналистика факультеті студенттерінің оқу мерзімінде тәжірибеден өту мерзімін есепке алу мен индустриядағы дуалды білім жүйесін талқылады.
«Естеріңізде болса, Astana MediaWeek форумында біз медиа индустрияны зерттеумен, журналистика және коммуникация саласындағы мамандардың біліктілігін арттырумен жүйелі түрде айналысатын орталық ашамыз деген едік. Енді, міне соның орайы бүгін келіп отыр. MediaLab орталығы медиа тұтыну паттерндерін ғылыми тұрғыда зерттеуді, журналистердің, әсіресе аймақтағы журналистердің біліктілігін арттыруды, салалық журналистиканы жетілдіруді, баспасөз хатшыларының кәсіби дағдыларын дамытуды көздейді», деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Орталықта журналистика мамандығы бойынша оқып жатқан студенттерге де әдістемелік қолдау көрсетіледі.
«Біз әлемдегі журналистика мектептерінің озық деген оқу бағдарламаларын «Ашық силлабус» жобасы аясында Қазақстанға әкеліп, үздік кітаптар мен оқулықтарды қазақ тіліне аударуды жоспарлап отырмыз», деді Д. Қыдырәлі.
Сондай-ақ ғылым саласындағы сұрақтар, оның ішінде ғылыми журналистика және БАҚ-тағы ғылыми зерттеулер қарастырылды. Іс-шара соңында министрлер бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.