Қоғам • 04 Қазан, 2022

Жеті атадан жаңылмау жолы

2340 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың саны көп болмаса да, қазір күллі әлем назарына ілініп жүрген аса дарын­ды ұл-қызымыз аз емес. Әсіресе өнер мен спорт саласында. Дүние ­жү­­­­зін­­­дегі то­ғызыншы территорияны ием­­­­деніп, ақ найзаның ұшымен, ақ бі­лек­­­тің кү­ші­мен сақтап қалған батыр ба­ба­ла­ры­мыздың өршіл рухы бүгінгі ұр­па­ғы­­ның бойында атойлап оянып, Мағжан Жұмабаев жазғандай, Алаш атын аспанға шы­ғаратын шақ туғанын аңғартып тұр­ғандай.

«Тектен нәр алған тозбайды» демекші, көп нәрсе адамның тегіне һәм тектілігіне байланысты екені – медицина ғылымы баяғыда айғақтап берген ақиқат. Ал ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа дарып, үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық асыл қасиеттеріміздің қайнар көзінің бірі – қазақ халқына ғана тән жеті атаға дейін қыз алыс­пау дәстүрі. Бұл – ұрпақ денсаулығын, оған қанмен берілетін тектілікті сақтаудың ең сенімді жолы.

Тарихқа үңілсек, әз Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңының некелік қатынастар туралы бабында шаңырақ құруға ниеттенген қыз бен жігіттің жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Ал жеті атаға жетпей қосылғандарға қатаң жаза қолданылған. Олар ата-анасының қарсылығына қарамай, басқа жаққа бірге қашып кетсе, әуелі теріс бата берілген. Іле соңдарынан қуғыншы жіберіліп, тауып әкелініп, қатаң жазаға тартылған. Себебі жеті атаға жетпей қо­сы­лу – ауыр қылмыс болып саналған. Мә­селен Шәкәрім Құдайбердіұлының әй­гі­лі «Қалқаман-Мамыр» дастанында бір-біріне ғашық болған екі жастың туыстығы жеті атаға жетпеуі себепті қыздың әкесі олардың қосылуына қарсы болады. Сол себепті Мамырды өз туысы Көкенай батыр садақпен атып өлтіреді. Кейін Қалқаман да өзі таңдаған жүйрікке мініп шауып өтіп бара жатқанында садақпен атып өлтіру жазасына кесіледі. Бірақ Көкенай көздеп атқан жебе шыбын жанын шүберекке түйіп, Ардакүреңмен құйғыта шапқан Қал­қа­манның санына тиіп, жараланып, аман қалады. Алайда өзін осындай қатал жазаға қиған Тобықты елінен безіп, Бұхар жақтағы нағашыларына кетеді. Осы дастаннан ұлтымызда жеті ата дәстүрінің қаншалықты берік қағида болғанын білуге болады.

«Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары», дейді халқымыз. Әкесінен ерте айырылып, жетім өскен бір жолдасым жеті атасын білмегендіктен, қаны бір қарындасына қосыла жаздағанын айтқаны бар.

«Алматыда институтта оқып жүрген кезімде, қысқы каникулда ауылға барғанымда Ресейдің Түмен облысынан келіп, кеңшарға есепші болып жұмысқа орналасқан Райхан есімді сұлу қызды көріп, ұнатып қалдым. Ол да мені жек көрмесе керек, ұсынысымды қабыл алып, кешкілікте бірге қыдырып, әңгімелесіп жүрдік. Алайда бір тылсым күш арамызды бөліп, жақындатпай тұрғанын сезіндім. Кейін ол біздің ауылда тұрақтамай, туып-өскен Түменіне қайтып оралды. Сол жақтан хат жазып тұрды. Арада бір жыл өткенде мені іздеп Алматыға келіп, бір аптадай бірге болғанымызда да ағалы-қарындастай сыпайы сыйластықтан әрі асқан жоқпыз. Мұның себебін арада жылдар өткенде кездейсоқ білдім. Ауылдағы бір үлкен ағамыз: «Түменге барып қайтайық. Райхан – сен екеуміз сияқты жетінші атамыз – Елікбайдан тарайтын бауырымыз ғой. Әке-шешесі тәркілеу жылдары іш жаққа бас сауғалап көшіп кеткен...», дегенде Құдай сақтап, жаза баспағанымды түсіндім. Жеті атамды ешкім айтып, жетеме құймаған соң, әкем мен атамды ғана білетінмін. Мен сияқты жетім өскендер шатаспас үшін жетінші атаның есімін төлқұжатқа тек қылып жаздыру керек шығар. Егер Райхан екеуміздің де тегіміз Елікбай немесе Елікбайтегі болып жазылса, онда туыс екенімізді оп-оңай біліп, бір-біріміздің басымызды қатырмас едік қой... Қалай ойлайсың?», деген еді.

Жолдасымның айтқаны қисынсыз емес, бірақ бұл – көп болып кеңесетін мәселе. Қалай болғанмен, ұлттық құндылықтарымызды ардақ тұтып отырған алтын бесігіміз – ауыл­дан қалаға көшу үрдісі толастамай, ал қа­­ладағы ағайынның бір-бірімен араласуы азайып, жатбауырланып бара жатқан қа­зір­гі заманда бүгінгі жастарымыз бен келешек ұрпағымыздың жеті ата дәстүрінен жаңылмау қамын ойластыра жүргеніміз жөн болар.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024