Қазақстан • 07 Наурыз, 2022

Әскердегі айымдар

350 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел қорғап жүрген ер-азаматтардың саны басым болғанымен, қыз-келіншектер де олармен бірдей осы кәсіпті таңдап, оны жетік меңгеріп қана қоймай, білікті маман ретінде танылып жүр.

Әскердегі айымдар

Арулардың мақсатын табиғаттың өзі анықтайтындай. Ана болу, үйдің және отбасының дәстүрлерін сақтау – олардың басты міндеті. Алайда ел басына күн туғанда қазақ әйелдері ерлермен бірге елін, жерін қорғаған. Жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық қозғалыстар және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де есімі тарихта қалған қазақ қыздары аз емес.

,

Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиа­ция­лық базасының ұшқышы Ардана Ботайдың қазақтың танымал ұшқышы Хиуаз Доспанованың жолын жалғаған ізбасары екені мақтануға тұрарлық. Бала күнінде Ардана қуыршақтың орнына машинамен, ұшақпен және түрлі құрастырғыш ойыншықтармен ойнағанды ұнатады екен. Жасөспірім бойжеткен еліміздегі мемлекеттік авиация орталығын бітіріп, әуесқой ұшқыш біліктілігін алған. Шынында оны Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына қабылдаған жоқ. Алайда ол өз арманынан бас тартпай Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түсті. Екінші курс­тан кейін Ардана Ботай Финляндияда еуропалық деңгейдегі коммерциялық ұшқыш лицензиясын алды. Алдымен ол өте жеңіл TL-2000, Tecnam P-2002 және Diamond DA42 ұшақтарын басқаруды үйренді. Біртіндеп ауыр
АН-26 әскери-көлік ұшағын және AERO L-39 Albatros оқу-әскери ұша­ғы­ның штурвалына отырды. Өткен жылы аға лейтенант Ардана Ботай Су-30СМ көпфункционалды жойғыш ұшағының экипаж командирі ретінде алғашқы дербес ұшуды орындады. Ардана Ботайдан ұшудың практикалық емтиханын Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов қабылдап, оның дайындығын жақсы деп бағалады. Ардана Ботайдың ұшқан сағаттарының жалпы саны бес жүзден асады. Әскери авиация арулары ерлермен қатар аса күрделі тапсырмаларды орындай алатынын ісімен дәлелдеді.

Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам қыз-келіншек қызмет етеді. Оның 800-ге жуығы офицер, яғни 20 полковник және 5 мыңға жуық азаматтық персонал бар.

Әскери қызметші әйелдер ерлермен бірдей оқу-жауынгерлік мін­деттерді орындай отырып, адал қызмет атқарады. Олардың арасында ұш­қыш­тар мен матростар, десантшылар мен барлаушылар, мергендер мен механик-жүргізушілер бар. Әр әскери қызметшінің әскери салаға келу жолы бар. Біреу әскердегі қызметке ата-ана­сын немесе ағасын үлгі тұтқаннан ке­ле­ді. Мұндай қыз-келіншектер әс­ке­­ри өмірге, гарнизоннан-гарнизонға ауысуға және қызметке қатысты шектеулерге моралдық тұрғыда дайын. «Дабыл», «Саптық байқау», «Оқу-жаттығулар» сияқты ұғымдар оларға бала күнінен таныс. Мысалы, сержант Айжан Абраимованың инженерлік-саперлік бригадасында әскери қыз­метке келу жолы оның әулетіндегі жауынгерлік сабақтастықпен байланыс­ты. Үлкен атасы патша армиясының полковнигі болған, екі атасы да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан маман офицерлер. Әкесі Қосай Қасымұлы Абраимов – отставкадағы полковник, тарих ғылымдарының кандидаты, көп жылдар бойы түрлі лауазымдарда офицер-тәрбиеші болып жұмыс істеген. Оның үш ағасы да әскери қызметші. Қосай Қасымұлы жұбайы қайтыс болғаннан кейін төрт бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі отбасылық дәстүрді жалғастырып, әскери қызметті таңдады. Айжан Абраи­мованың күйеуі Ұлттық ұланда арнайы бөлімшеде қызмет етеді. Екі қыз тәрбиелеп отырған отбасы.

Мамандық таңдауда Назгүл Қалқаева да көп ойланған жоқ. Дәрі­гер­­лер отбасында дүниеге келген Назгүл әкесі іссапарда болғанда, ана­сының кезекшілігі кезінде сонда түнеуге мәжбүр болатын. Мектеп бітірген соң Назгүл Қалқаева С.Асфен­дияров атындағы Қазақ мемлекеттік ме­дицина университетіне оқуға түсті. Жас маман 1998 жылы әскери қызметке шақырылды. Назгүл Бітімбайқызы пульмонология бөлімшесінің ординатор дәрігерінен бастап, Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасарына дейінгі лауазымдарды атқарды. Полковник Назгүл Қалқаева кәсіби деңгейін арттыру жолында тынбай жұмыс істеді. Оқытушылық қыз­мет­пен айналыса отырып, Назгүл Бітімбайқызы студенттермен, жас маман­дармен және әріптестерімен тәжірибесін бөліседі.

Әйелдің аялы алақанысыз медицинаны елестету мүмкін емес. Қорғаныс министрлігінің Алматыдағы әскери клиникалық госпиталінде жеке құрамның көбі қыз-келіншектер. «Қасіретті қаңтар» күндерінде емдеу мекемесіне тәулік бойы зардап шеккен ондаған әскери қызметші мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп түсті. Ол кезде де ауыр жүк алдымен әйелдерге түсті. Дәрігерлер ұйқы-күлкіні ұмытып, шұғыл көмек көрсетті, диагноз қойып, жарақат алғандар мен жаралыларға операция жасады. Травматолог, медицина қызметінің майоры Татьяна Те, кардиолог, медицина қызметінің подполковнигі Елена Иоффе, УДЗ дәрігері, медицина қызметінің подполковнигі Лейла Таңатарова кәсіби тұрғыда, сенімді және үйлесімді жұмыс істеді. Госпитальдің бас медбикесі 3-сыныпты сержант Бесен Жақыпованың басшылығымен кіші медициналық қызметкерлер жауапты миссияны тыңғылықты орындады.

Әскерде қызмет етуді бала күнінен армандайтындар бар. Табандылық пен мақсатқа ұмтылушылықтың ар­қа­сында арманына қол жеткізген Гауһар Сырлыбаеваның да әскери қызметке келу жолы осындай. Ол қатардағы жауынгерден бастап полковникке дейінгі әскери мансаптың сатысынан өтті. Қазір Гауһар Сыр­лы­баева Алматы қаласы Алатау ауда­нының қорғаныс істері жөніндегі басқармасын басқарады. Әскерге ша­қы­рылған жасөспірімдер әскери комиссар әйелді көргенде біріншіден таңғалса, екіншіден намысты оятып, жігерлендірді. Өйткені, азаматтар әйел адамның алдында әлсіз әрі қор­қақ болып көрінгісі келмейтіні анық. Сон­дықтан армиядағы әйелдердің тәр­бие­леу құралы өзіндік ерекше сипатқа ие, әлдеқайда маңызды.

«Қазақстан Қарулы Күштеріндегі мемлекеттік тілдегі әскери терминологияны дамытудың тарихи тәжірибесі». Ұлттық қорғаныс университеті әс­кери ғылыми-зерттеу орталығы бас­қармасының аға ғылыми қызметкері майор Назгүл Сақтағанқызы Ысқақо­ва өзінің зерттеуі үшін осын­дай бағыт­ты таңдады. Сирек кітаптар мен қол­жазбалар қорында зерттеуші араб графикасы арқылы құрастырылған сөздіктерді, сондай-ақ белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов латын әліпбиімен дайындаған «Қызыл әскер әліппесін» тапты. Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдарында шал­ғайдағы қазақ ауылдарынан майданға аттанған сарбаздардың тілдік бе­йімделу мәселелерін де мұқият зерттеді. Зерттеуші Н.Ысқақова шата­су­ға әкелетін әскери терминдердің түсініксіздігін негізгі кемшілік деп атап өтті. Мысал ретінде «нападение», «атака», «налет», «штурм» сөз­дері келтірілген. Қазақ тілінде бұлар – «шабуыл» деген бір терминмен белгіленген. Түпнұсқа және аударма тілдерінің табиғатын біле отырып, зерттеуші олардың әрқайсысына жалғыз нақты анықтама беруге болатынын көрсетті.

Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева шығар­ма­шы­­лық пен іске ерекше жауапты көз­қараспен қарайды. Еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Қазақ мем­л­екеттік университетінде оқы­ту­шылық қызметтен бастады. Эко­но­ми­ка ғылымдарының докторы Айгүл Нұрәліқызының зерттеу әлеуеті «Әскери-стратегиялық зерттеу­лер орталығы» АҚ-да бас ғылыми қыз­мет­кер, сондай-ақ Қорғаныс ми­нистрлігінің Әскери білім және ғылым де­партаментінің бастығы ре­тінде жұ­мыс істеген кезеңде анық көрінді. Оның жұмысы таптыр­мас ғылыми еңбек болды. Ол әске­ри қызметшілердің құ­қықтық мәде­ниетін арттыруға, патриот­тық рухқа тәрбиелеуге және рухани құн­ды­лықтарды қалыптастыруға ба­ғыт­талған кешенді оқу платформасын дайындады. Оның басшылығымен Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми жо­баларды әзірлеуге мемлекеттік грант­­тарды жеңіп алып, бүгінде оларды нә­ти­желі іске асырып келеді.

Әлем әйелдерді бейбітшілік пен келісімді сақтаушы символ ретінде таниды. БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына қатысты бірлескен міндеттемелер туралы Декларацияда гендерлік тепе-теңдікті сақтау туралы ұсы­ным бар. Қазақстанның Қарулы Күш­тері бітімгершілік миссиялар контин­гентінің құрамына жіберу үшін әскери қызметші әйелдерді қабыл­дау­ды жүзеге асырып, даярлауды ұйымдастырады. Қазақстанның әйел әскери қызметшілерінде де мұндай тәжірибе бар. Олар Батыс Сахара мен Ливандағы бітімгершілік миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысты. Олар полковник Диля Ахметова, майор Шолпан Тауышова, капитан Айжан Жасұзақова мен Римма Шакеева. Қазір Батыс Сахарада подполковник Сәбина Мырзалинова бітімгерлік қызметін атқарып жүр. Шетелде бітімгер әйелдер қарулы қақтығыстар құрбандарының осал санаттарымен жұмыс істейді, оларға құқықтық, ме­ди­циналық және психологиялық көмек көрсетеді. Олар­дың қызметі се­німді нығайтуға, қақ­ты­ғыс­тар­дың алдын алуға және оларды жеңілдетуге көмектеседі.

Әскердегі қызмет пен спорт бірге жүретін ұғым. Бұл салада әскери қыз­метші-спортшылар Қарулы Күш­тердің беделін арт­тыруға өз үлестерін қосып ке­ле­ді. Соның бірі – жеңіл атлетика айымы, әйгілі Олимпиада чемпионы, подполковник Ольга Рыпакова.

Әскердегі арулар армия халықа­ра­лық ойындарына да белсене қатысады. Олардың ішінде аға сержант Толқын Бәкіжанова да бар. Әскери кәсіпті меңгеру Толқынға оңай болған жоқ. 2008 жылы Толқын Бәкіжанова «Астана» өңірлік қолбас­шы­лығының әскери бөлі­міне шақырылып, Қарулы Күштердің спартакиадалары мен халықаралық жарыстарға қатысты. Былтыр аға сержант Бәкіжанова Ар­мия халықаралық ойындары құ­рамындағы «Бейбітшілік жа­уынгері-2021» жарысынан табыс­пен оралды. Шымыр қыз сайыста бүкіл қиындықты барынша еңсерді. Мергендер сайысында оған тең келер ешкім болмады. Әскери-медициналық даярлық жарысында Толқын ерекше табандылық танытты. Шығармашылық байқауда Толқын Бәкіжанова Сейдолла Байтереков пен Бәкір Тәжібаевтың «Әлия» әнін орындады. Нәтижесінде, «Бейбітшілік жауынгері-2021» кә­сіби шеберлік сайысында ол Ресей, Армения, Беларусь, Грекия және Қа­тар елдерінен келген өзі секілді әріп­тестерінен озып, жеті медаль мен же­ңімпаз кубогын алды.

Ақмола өңірлік гарнизоны Әскери по­лиция басқармасының әске­ри қыз­мет­шісі, ефрейтор Гүлжан Нүсіпова шебер әскери қызмет пен спортты қатар алып жүр. Батылдығы мен табан­ды­лығының арқасында ол самбодан спорт шебері, Қазақстан чемпионы, Бішкекте Азия чемпионатының кү­міс жүлдегері және Мәскеуде әлем чем­пионатының қола жүлдегері атанды. Ефрейтор Г.Нүсіпова «Самбо саң­ла­ғы» төсбелгісімен марапатталды. Өткен жылдың қараша айында ол жүгіру, жүзу және кешенді күштік жаттығулармен қоса, көпсайыстан Қарулы Күштердің құрылымдық бө­лім­шелері әскери қызметші әйелдер арасында командалық және жалпы есепте бірінші орынды иеленді.

Қазақстан Қарулы Күштерінде жо­ғары лауазым атқарған – запас­та­ғы полковник Мара Раимованың соңғы лауазымы – «Астана» өңір­лік қолбасшылығы әскерлері қолбас­шы­сының орынбасары. Полковник Раимова қызметінің маңызды бағы­тын басқарды – тәрбие және идео­ло­гия­лық жұмыстармен айналысты. Ол ұйымдастырушылық, жауапкершілік, талапшылдық және адамдарға мұқият қарау секілді ең жақсы жеке қасиет­те­рін толық өз ісімен көрсетті.

Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштер қызметіндегі әйелдердің рөлін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Атқаратын лауазымына қарамастан, жаратылысы нәзік қыз-келіншектер Қарулы Күштердің әлеуетін көтеріп, әскери ұжымдарда тәртіп пен моралдық-психологиялық ахуалды нығайтуға ықпал етіп келеді.

 

Сұлтан ҚАМАЛЕТДИНОВ,

Қорғаныс министрінің
орынбасары, генерал-лейтенант