Ғылым • 22 Желтоқсан, 2021

Іргелі ғылымның ізі бар, іздеушісі жоқ

646 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Маңғыстауда мал қырылды. Астанада аяздан газ құбырлары қатып қалды. Қостанайда егіс алқаптарының 20 пайызы күйіп кетті, содан бидайдың қауызы дәнсіз. Не себепті? Енді қайтпек керек? Барлық сұрақтың жауабын, мәселенің мәнісін іргелі ғылымнан ғана біле аламыз. Ал бүгінгі іргелі ғылымның ізі бар да, іздеушісі жоқ секілді...

Іргелі ғылымның ізі бар, іздеушісі жоқ

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Грант ғылыми зерттеуге бөлінсе...

Ләтипа Қожамжарова биология ғылымымен айналысады. Іргелі ғылымның маңызын қарапайым тілмен түсіндірген ол қазіргі таңда өсімдіктердің, малдың түрін танитын биолог жоқ екенін айтады.

«Шыны керек, балықтың түрін танитын ихтиологтер де жоқ. Осыдан келіп іргелі ғылымды қалыптастыратын пәндер бойынша маман таппай келеміз. Өсімдіктің, малдың, балықтың түрін танымай, биологиялық ерекшелігін білмей, қалай зерттеу жүргізуге болады? Қолданбалы зерттеулерге көңіл бөлінді де, іргелі зерттеулер назардан тыс қалып қоя берді. Бұл дегеніңіз – әріп танымайтын балаға мәтін оқытып қойғандай әрекет. Жасанды жаңбыр жаудырып жатырмыз дейді, мұны қолданбалы ғылымның нәтижесі дейік. Ал сол жаңбырдың құрамын зерттейтін іргелі ғылым дамымаған кезде қолданбалы ғылымның қандай нәтиже көрсеткенін қайдан білеміз? Мысалы, Маңғыстау облысында қуаңшылықтың алдын алу үшін жасанды жаңбыр жауғызбақ. Жаңағы жаңбыр қышқыл ма, өлі жаңбыр ма, шын мәнінде бізге қажет жаңбыр ма, жоқ па? Іргелі зерттеу болмаса, осы салмақты сұраққа жауап та жоқ», дейді Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Л.Қожамжарова.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің отырысын­да іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерт­теу институттарын тікелей қаржылан­ды­ру тәртібін енгізуді тапсырған болатын. Осыдан соң Білім және ғылым министрлігі «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізудің жобасын әзірлеп, жаңа өзгеріс жақында күшіне енді. Сөйтіп, жақында «Ғылым туралы» заң «Іргелі ғылыми зерттеулерді жү­зеге асыратын ғылыми ұйымдарды қар­жы­ландыру» дейтін баппен толықты. Біз былтыр «Ғылымда сөзден іске көшу қиын ба?» деген талдау мақаламызда атал­ған заңның ғылыми әзірлемелерді қар­жыландыруға қатысты тарауында дәл осындай баптың, «іргелі ғылым» дей­тін сөздің жоқ екенін жазғанбыз. Сең қозғалғандай.

Енді осы өзгерісті тиімді пайдалану үшін келесі қадам қандай болуы керек? Бұл сұраққа сарапшы Л.Қожамжарова іргелі ғылыммен де, қолданбалы ғылым­мен де қатар айналысып отырған маман ретінде былай жауап берді: «Кез келген ғылыми кеңеске нағыз ғалымдарды, зерттеумен айналысып отырған адамдарды жинау керек. Және магистратура мен докторантурадағы гранттарды жоғары оқу орындарына емес, ғылыми зерттеулерге, белгілі бір зерттеумен айналысар маманды даярлаймын дейтін нақты бір ғалымға беру қажет. Қазір бізде қалай? Жоғары оқу орнынан ке­йінгі білім гранттары университеттерге «бумалап» беріледі. Ал онда дәл сол тақырыпты зерттеп жүрген маман бар ма? Бұл ешкімді мазаламайды. Грант беруші ғылыми зерттеу жүргізе жүріп маман даярлайтын ғалымнан өтініш тол­тыруын, онда қандай тақырып зерт­телетінін анық көрсетуін, сол салада прак­тикалық тәжірибесінің, өндірістік акті­сінің болуын, өндіріске енгізетін жерін келісіп белгілеуін талап етуі тиіс. Сонда ғана нәтиже көңілге қонымды болады».

Ғылым процестерге түрткі болса да нәтиже

Негізі көбіміз біле бермейтін, біл­сек те көңіл қоя қоймайтын бір пара­докс бар. Әрбір министрліктің жа­нын­­дағы институттарға 018, 019, 008 сын­ды бюджеттік кіші, яғни мемлекет­тік бағдар­ламалар арқылы іргелі ғылыми немесе ғылыми-техникалық зерттеу­лер үшін қаржы бөлінеді. Қаражат қа­рас­ты­ры­лғандықтан ғалымдар ізденеді, зерттеу жүр­гізеді, зерттеудің нәтижесі туралы қат-қат есеп­ті грантты, яғни сол тапсырысты беру­шіге өткізеді. Зерттеудің нәтижесін зерт­теу жүргізуге ақша бөлген, тапсырыс бер­ген мемлекеттік органдар жұмыс барысында қаншалықты негізге алып жатыр? Бұл сұраққа жүйелі жауап табу қиын.

Саясаттану бойынша PhD докторы Индира Рыстина еліміздің ғылым­ды коммерцияландыруы әлемде жоғары бағаланатынын айтады. Алайда соған қарамастан көзге көрінетін, қаншама грант пен қаржыға жүргізілген зерттеулер нәти­желерінің жемісін бермей келе жат­қанын ортақ жүйенің жоқтығымен байланыстырады.

«Қазақстанның ғылымды коммер­цияландыру саясаты шетелдерде жоғары бағаланады. Бұл әрине жақсы, өйткені мұны ғалымдарды ынталандырушы фактор деп айта аламыз. Иә, зерттеушілерді белгілі бір дәрежеге жеткізетіні, абыройын асыратыны түсінікті. Бірақ ғылымның басты, негізгі көрсеткіші ретінде табыс табуды қоюға болмайды. Зерттеу зерттеу, іздену, қарау, анықтау, зерделеу, себебін табу, тереңіне үңілу мақсатында жасалуы қажет. Түптеп келгенде, зерттеудің мәні сол зерттеудің өзі болуы тиіс. Қолға алынған зерттеу дәл бүгін ақшалай табыс әкелмеуі мүмкін, алайда үлкен бір процестерге түрткі болуы ғажап емес. Мы­салы, мал шаруашылығымен айналысып отырған облыстың жергілікті бюд­жетінен іргелі зерттеу жүргізілді де­лік. Ғалымдар біраз уақыт жұмсаған зерт­теудің нәтижесінде сол өңірде биыл сүт аз болуы мүмкін екенін болжады. Ал сол зерттеудің нәтижесін енді атал­ған салаға жауап беретін мемлекеттік орган қараса, сонда ғана ғылымның игі­лігін көреміз. Ақиқатында, мәселе іргелі немесе қолданбалы зерттеуде де емес, мемлекеттік саясатта. Бұл үшін қан­дай да бір ғылыми зерттеулердің нәти­жесімен жұмыс істеу, соған сүйеніп ше­шім шығару жүйесі мемлекеттік саясатты қабылдаудың этикасына немесе дәстүріне енуі керек», дейді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлі­мінің басшысы И.Рыстина.

Оның ойынша, шетелдердегі әр министр немесе ведомство басшысының жанында сол саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалым-кеңесшісі болады. Былай қарасаңыз, бұл жүйе бізде бар, яғни әр министрлікке қарасты ғылыми-зерттеу инс­титуттары жұмыс істейді. Алай­да ондағы ғылыми орта бір бөлек, бас­қарушы, шешім шығарушы тарап өз бетімен «өмір сүреді».

Сарапшының сөзіне қарап «бүгінде іргелі ғылымның ізі бар, іздеушісі жоқ екен-ау» деген ой келеді. Себебі ір­ге­лі ғылым жасалып жатыр, аталған бағыт­­та зерттеулер жүргізілген, әлі де жал­ғасып келеді. Демек ізі бар. Бірақ сол зерт­теулердің қорытындысын қарап, нә­ти­жесіне үңіліп, іздеп, іске асырып, қол­­данып жатқандар сирек. Яғни керек қыл­ған іздеушісі жоқтың қасы. Бұл неден туып тұр? Ғалым И.Рыстинаның айтуынша, бұған мемлекет өзі тапсырыс беріп жасалған ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сол мемлекеттік басқаруда немесе мемлекеттік мәселені шешу ке­зінде қолдана білудің мәдениеті қалып­таспағаны себеп болып отыр.

«Меніңше, іздеушісі жоқ дегеннен гөрі іргелі ғылымның нәтижесін қалай қолдану мәдениеті әлі қалыптаспады деу орынды. Сол себепті біздің басты саяси негіздерімізге айналған «экономика мен саясаттың» арасына бутерброд секілді «ғылымды» қосу қажет. Мұндайда екінші бір маңызды мәселенің шеті шығады. Бұл – ғылыми зерттеулердің қорытындысын жариялау. Ғалымдар көбіне болжамы қате шығып қалуы мүмкін екенінен қорқады да, шығаруды қаламайды. Зерттеушілеріміз нәтижесі қандай болса да жариялаудан қорықпағаны абзал. Жақсы, ғалымдар жариялауға құлықты делік. Бірақ жарыққа шығару жүйелі жолға қойылмаған ғой. Қазақстандық ғылыми материалдар мен авторлардың ортақ базасы болатыны бі­раздан бері айтылып келеді, алайда әлі қолданысқа енген жоқ. Бізге белгілі бір тақырыпты жаза қалғанда сол туралы ғылыми зерттеулердің, оны жариялаған басылымдардың тізімі шыға келетіндей жүйе керек», дейді саясаттану бойынша PhD докторы И.Рыстина.

Дегенмен қолдану сол іздеуден бас­талмай ма? Мемлекеттің, үкіметтің, мем­лекеттік менеджерлердің тарапынан «Біз­де іргелі ғылымның нәтижесі бар еді ғой, қайда?» деп іздеу болғанда барып қажетін табу, оны пайдалану, кәдеге жарату іске асатыны анық. Алдымен іздеп таппаса, қайдан қолданады? Демек, бізде бәрібір іздеу болмай тұр. Ал іздеуді және қажетін, тиімдісін табуды жеңілдету үшін ортақ жүйенің керегі сөзсіз.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының зерттеу жұмыс­тарына жауап беретін жоғары қызмет өкіліне хабарласып, журналистік сауалымызды қойдық. Мемлекеттік басқаруда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қолда­нуды қалай жолға қоюға болатынын сол саланың маманынан білуді жөн көрдік. Сөйтіп: «Барлық ведомстволардың жанында ғылыми зерттеулер жүргізетін инс­титуттар бар. Ведомстволардан институт­тар­ға ғылыми зерттеу жүргізуге қаражат қарастырылады. Ғалымдар зерттеуін жасап, есебін береді. Бірақ көбіне зерттеулер нәтижесі мемлекеттік басқаруда, қандай да бір шешім шығаруда, стратегиялық жоспар құруда қолданылмайды. Кейбір саясаттанушылар іргелі ғылымның нәти­жесін қолдану мәдениеті мемлекеттік органдарда қалыптаспағанын айтады. Осы мәдениетті қалыптастыру үшін не істеу керек?» деп сұрадық. Өзі жауап беруге алдын ала келіскен академия маманынан: «Я не смогу дать комментарии по вашему вопросу. Есть определённые ограничения, извините», деген хат алдық...