Қоғам • Бүгін, 11:10

Аймақ мәселелерін назарға алды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат депутаттарының өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Ауыл-аймақ халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралаған сенаторлар өңірлердің басты мәселелерімен танысты.

Аймақ мәселелерін назарға алды

Сурет: ortalyq.kz

Сенатор Серік Өтешов Қарағанды облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауыл медицинасын жаңғырту мәселелеріне арналған бірқатар кездесу өткізді. Өңірдегі аудан­дық ауруханалардың бас дәрі­герлерімен кездескен депутат ауылдық ден­саулық сақ­тауды жаңғырту жөнін­дегі ұлттық жобаның орындалу барысын талқылады. Өңірге инфра­­құрылымды жаңарту, фельдшерлік-акушерлік пункттер және ФАП кезінде дәріхана пункт­терін құру қажет. Оған қоса маман тапшы, дәрігерлерге баспана жетіспейді.

Ал сенаторлар Сұлтанбек Мәкежанов пен Нұртөре Жүсіп жаңадан салынып жатқан «Абай инновациялық мектебінің» құры­лысымен танысты. Олар құрылыс алаңында жергілікті атқарушы орган мен мердігер ұйым өкілдерімен жобаны іске асыру барысы мен алдағы жұмыс кезеңдерін талқылады. Н.Жүсіптің айтуынша, ең бастысы мектеп салу емес, болашаққа берік негіз қалап, еліміздің зияткерлік әлеуеті дами түсетін кеңістік құру болып отыр.

Сенатор Жанна Асанова да Алматыда медициналық мекемелер, бизнес-қоғамдастық және жұртшылықпен бірқатар кездесу өткізді. Ол әлеуметтік қорғау, инклюзивті қоғам және халықтың жаппай несие алуын азайту, экология, урбанистика мәселелеріне тоқталды.

Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова Қостанайға сапарлады. Депутаттар облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесіп, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін, халықты әлеуметтік қолдау шараларын талқылады. Сондай-ақ олар Аққайың ауданында болып, Ленинское ауылындағы елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеу барысымен танысты, сондай-ақ «Оқжетпес» балалар жазғы лагерін көрді.

Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев су ресурс­тары және ирригация министрінің орынбасары Ерболат Ибрайха­нов­пен бірге Жетісу облысына аттанып, Панфилов ауданында су шаруашылығы саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Онда жаңа үш су қоймасының құрылысы жоспарланып отыр. Қазір осы нысандар бойынша мемлекеттік сараптамадан өтетін техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп жатыр. Ж.Жөргенбаевтың айтуынша, осы су қоймалары пайдалануға берілгенде, Панфилов ауданының 42,6 мың гектар жерін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар депутаттар Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу және агроөнеркәсіп секторының мәселелері сөз болды. Сенаторлар полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеумен және пластик ыдыс­тарды шығарумен айналысатын «Amantayplast» компаниясының жұмысымен де танысты. Кәсіп­орын­да тәулігіне 4 тоннаға дейін қалдық өңделеді, олардан 10 мың қорап жасалады.

Депутаттар сондай-ақ 2015 жылдан бастап заманауи агротехнологияны пайдалана отырып, 1,4 гектарға көкөніс өсіріліп жатқан жылыжай кешенінде болды. Олар кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесуде жер­гілікті жерлерде бизнес жүр­гізу кезінде туындайтын өзекті мәсе­ле­лер­ге қанықты.

Депутаттар өңірлерде қорда­лан­ған мәселелер бақылауға алынып, Парламентте талқыланатынына уәде берді.