Әдебиет • 14 Сәуір, 2021

«Махаббат, қызық мол жылдар» романы жаңа форматта қайта басылып шықты

1384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Фолиант» баспасында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың қайта басылып шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» романының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Махаббат, қызық мол жылдар» романы жаңа форматта қайта басылып шықты

Шараға Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Қайсар Әлім, актерлер Ермек Тұрғанбек, Нарқыз Айдарова, жазушының жақындары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Аталған роман тұңғыш рет 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген болатын. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. Оның 33-аудиторияда өзін гүлді бақта отырғандай сезінуі, қыздардың тастай қылып өрілген бұрымдарына көз салуы, достарын, махаббатын табуы, болашағына жол ашып, өз жолын табуы көркемдікпен баяндалады.

Әзілхан Нұршайықовтың әр кейіпкері, олардың арасындағы кіршіксіз таза сезім, сүйіспеншілік, махаббат хикаялары оқырманның көзіне жас алдырды. Қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналған, жас ұрпақты адал махаббатқа, шынайы достық пен сертіне берік болуға тәрбиелейтін аталған романды баспа жазушының 100 жылдық мерейтойына арнап шығарды.

Жақында қалың оқырманның тұмарындай болған шығарманың желісімен «MG Prodution plus» кинокомпаниясы түсірген «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы көрермен назарына ұсынылды. Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген туынды «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының тапсырысымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қолға алынған екен.

«Фолиант баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова кітап мұқабасына телехикаяның кадры арқау болғанын айтты.

«Махаббат қызық мол жылдар романы – ғашықтық, мәңгілік махаббат тақырыбындағы сүбелі туындының бірі. Кезінде қалың оқырманның сүйікті шығармасы болған бұл кітап бүгінгі оқырман жүрегінен де орын тауып келеді. Бұл шығарманың киелілігі – оқырманды өзіне баурап алуында. Сондай-ақ романның орыс тіліндегі нұсқасы баспамыздан жақын арада жарыққа шығатынын атап өткім келеді. Осы орайда, әкесінің шығармашылығына бейжай қарамай, кітапты баспаға дайындау барысындағы туындаған сұрақтарға, кітап дизайнына қатысты мәселелерде барынша белсенділік танытқаны үшін қызы Жаннат Әзілханқызына алғысымыз шексіз», деп атап өтті ол.