фото: olympickz/Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов
Қазақстан құрамасы делегациялар шеруінде 44-ші болып шықты. Делегациялардың реті ел атауларының Италия тіліндегі әліпби тәртібі бойынша анықталды.
Миландағы «Сан-Сиро» стадионында еліміздің мемлекеттік туын шорт-тректен екі дүркін әлемнің вице-чемпионы Денис Никиша алып шықты. Делегация құрамына Миланда өнер көрсететін коньки спорт түрлерінің өкілдері енді.

Осы уақытта Ливиньо қаласында еліміздің мемлекеттік туын Универсиаданың вице-чемпионы, фристайл-могулдан спортшы Аяулым Әмренова алып шықты. Оның артынан шаңғы фристайлы түрлерінде бақ сынайтын Қазақстан делегациясының бір бөлігі жүріп өтті.
Кортина мен Предаццо қалаларында қазақстандық шаңғышылар, биатлоншылар, тау шаңғышылары, трамплиннен секірушілер және қоссайыс шеберлері шеруге қатысты. Аяулым Әмренова мен Денис Никиша – 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының ресми ту ұстаушылары.

Айта кетейік, Италиядағы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпанда Милан уақытымен сағат 20:00-де (Қазақстанда 7 ақпанға қараған түн) Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында басталды. Салтанатты кештің тақырыбы Armonia (итальян тілінен аударғанда «гармония», «үйлесім») деп аталады.
Еске сала кетейік, Милан-Кортина Олимпиадасында ел намысын 10 дисциплинада 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) қорғайды. Жалпы додаға 93 мемлекеттен 3000-ға жуық атлет қатысады. Олар 16 бағдарламада 116 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада 22 ақпанда мәресіне жетеді.
Қысқы Олимпиада ойындарын еліміздің 4 телеарнасы − Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді.