Аймақтар • 13 Сәуір, 2021

Жайнай бер, жаңарған Талдықорған!

1885 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Осыдан тура 20 жыл бұрын, әлі есімде, Алматыдан шыққан керуен көш еліміздің оңтүстік-шығысына қарай бет алып, сап түзеген сарбаздардай бір лек көлік Талдықорғанға тартты. Бұл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына көшіру» туралы № 585 Жарлығы шыққаннан кейін қоныс аударған көш еді.

Жайнай бер, жаңарған Талдықорған!

Бізді Алматыдағы алаңнан абыз ақсақал Бәйкен Әшімов бастаған алқалы топ батасын беріп шығарып салған болатын. Талдықорғанның кіре берісіне жиналған тұрғындардың көзінде қуаныш ұшқыны, қолдарында – «Талдықорған», «Көш байсалды болсын!», «Гүлдене бер, Алматы облысы!» деген жазулары бар жалаушалар мен транспаранттар. Көпшіліктің жақсы жаңалыққа жаны жадырағаны, тәуелсіз елдің болашағына, Жетісу өңірінің, соның ішінде Талдықорғанның ертеңіне деген сенімдері күшейе түскені бал-бұл жанған жүздерінен айқын аңғарылады. Осындай ерекше көңіл-күй, ақжарма тілектер іргелі іске білек түре келген біздің де бойымызға қуат беріп, күш-жігерімізді еселей түсті. Ол кезде мен Алматы облысы әкімінің орынбасары болатынмын. «Елбасы тапсырды, Талдықорғанды көтеру керек, ол үшін құрылыс саласына жетекшілік ететін білікті маман қажет» деген соң, Талдықорғанға табан тіреген кезім.

Сөйтіп бұған дейін де түрлі әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты бірде Алматы облысының құрамында, бірде жеке аймақ ретінде іргесін бөле, дара дамыған Талдықорған 2001 жылдың 14 сәуірінде Елбасының тарихи шешімімен тұтас Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесін иеленді. Сарыарқа төріне астана салып, елорданың авторы атанған Тұңғыш Президентіміздің Жетісудың кіндік қаласы ретінде Талдықорғанды дамытудағы рөлін ерекше атап өту керек. Табиғаты жайлы, топырағы майлы, оты-суы мол жерұйық мекен үшін бұл үлкен өзгерістерге жол ашқан игі қадам болды.

Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Талдықорған ғана емес, тұтас еліміз дағдарыс қиындығымен күресті. Нарықтық реформалардың бірнеше кезеңінен сатылай өтіп, экономиканың нақты секторларын сауықтыруды қолға алды. Тұңғыш Президенттің ұзақ мерзімдік стратегиясына сай тәуелсіздіктің екінші онжылдығына қарай бірте-бірте ел еңсе тіктей бастады. Сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Мемлекеттік комиссия мүшелері Талдықорғанға арнайы келіп, жағдайды көзбен көріп, Елбасына нақты ахуалды жеткізді. Осыдан соң тарихи шешім қабылданып, Талдықорған өңірін қайта көтеруге мүмкіндік туып, көптің тілегі қабыл болды.

сс

Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, Талдықорғанның облыс орталығы болғанына 20 жыл толып отыр. Отыз жыл – Қазақстан үшін үлкен белес, ес жиып, есею жылдары, кемелденуге аяқ басқан жаңа дәуірдің жарқын бастауы. Осы жылдар ішінде Қазақстанның бір бөлшегі –Талдықорған да аяғынан нық тұрып, арман-аңсарын, мақсат-мүддесін төл Отанымен тоғыстыра өрлеп келеді. Қазіргі кезде де күллі қазақ даласымен бірге Жетісу өлкесін өркендетуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беріп, өңірлердің қуатты болуына қолдау танытуда.

Шынында да Талдықорғанға келген алғашқы жылдар қаншалықты қиын болса, қазір оны соншалықты жылылықпен еске аламын. Ол кезде жарығы сөнген, жылуы өшкен, кәсіпорындары тұралаған, тұрғын үйлері мен ғимараттарының көбі қараусыз бос қалған қаланың кейпі жүдеу болатын. Алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын үйлестіретін мекемелердің орналасатын ғимараттарын дайындау, қызметкерлерді жайғастыратын тұрғынжайларды әзірлеу міндеті тұрды. Және ең бастысы –қаладағы қордаланған проблемаларды кешенді түрде қарастыруға кірістік. Соның нәтижесінде жарық, жылу беру сияқты мәселелер бірінші кезекте шешілді. Көше шамдары жарқырап, жолдар жөнделіп, қаланың келбеті кіре бастады.

Мекемелердің ғимараттарын ретке келтіріп, жұмысқа келген мамандарға үй салып беріп, кадрларды тұрақтандырдық. Тіршілік қайта жанданды, кезінде үй-жайын тастап кеткен тұрғындар бірте-бірте қалаға қайта көшіп келе бастады. Айналдырған 5 айдың ішінде құрылысшылардың жанкешті еңбегінің арқасында қала қайта қалпына келтіріліп, барлық мемлекеттік мекеме Талдықорған қаласына қыркүйекте қоныс аударды. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында шағын және орта бизнес аяғынан тұрды. Кәсіпорындардың тамырына қан жүгірді. Қала өмірі өз өрісін тауып, Талдықорған аймақтың даму нүктесіне айналды.

Алматы облысында қазір халықтың саны 2 миллионнан асады. 2001 жылы Талдықорған халқының саны 100 мыңның айналасында болса, қазір екі есе көбейіп 200 мыңға жуықтады. Қаланың аумағы 4 есеге кеңейді, тұтастай жаңа тұрғын аудандар салынды. Талдықорғанның бас жоспары екі мәрте жасалды. Алғашқысы облыс орталығы болған кезде қолға алынса, қаланың кейінірек қанатын кеңге жайған шағында жаңа жоспар түзудің қажеттілігі туды. Осы жоспарларға сәйкес жаңа ғасырдың бірінші онжылдығында «Қаратал», «Көктал», «Шығыс» шағынаудандары толысып, солтүстік-батыс тұрғын үй алабы пайда болды.

Соңғы 5 жылда құрылыс қарқыны бұрынғыдан да еселеніп, 6-шы, 7-ші, 8-ші шағынаудандар, коттедж қалашығы бой көтерді, Ынтымақ, Жастар-1, Жастар-2, 3-ші бөлімше сияқты біршама жаңа тұрғын аудандар халық көптеп қоныстанған елді мекендерге айналды. Бүгінде қаланың оңтүстік-батыс ауданы ел ішінде «Жаңа Талдықорған» деп те аталады. Бұл – Талдықорғанның әлеуметтік-экономикалық және географиялық-экологиялық тартымдылығын танытатын оң демографиялық өсімнің айғағы.

Соның ішінде коттедж қалашығы – ерекше жоба. Мұнда жалпы саны 670 тұрғын үй салынады. Соның 400-дейі қазір қолданыста. Бұл коттедждер кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік сала мамандарына берілді. Пандемия кезінде дәрігерлер де осы қалашықта үйлі болды. Бірыңғай сәулеттік шешіммен салынған коттедж қаланың көркін кіргізіп қана қоймай, әлеуметтік әлжуаз тұрғындардың баспана мәселелерін шешуге зор ықпал етіп отыр. Сол сияқты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың аясында беріліп жатқан тұрғын үйлерді қоспағанда, медицина мамандарына және жетім балаларға арналған көппәтерлі үйлер салынды. Бұл өз кезегінде өңірдегі дәрігер тапшылығын азайту үшін тиісті мамандарды баспанамен қамтуға, жетім балалардың үй кезегін жылдам жылжытуға көмегін тигізді.

в

Жалпы, Алматы облысында өткен жылы 2 395 отбасы жаңа қоныспен қамтамасыз етілді, соның 1258-і – аз қамтылған және көпбалалы отбасылар. Биылғы жылғы тұрғын үй межесі – 1 млн. шаршы метр. Жаңа баспанаға 3731 отбасы қол жеткізеді деп жоспарланып отыр. Соның ішінде Талдықорған қаласының үлес-салмағы елеулі. Бұл ретте «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ» бағдарламаларының көмегі зор.

Халық саны көбейген сайын әлеуметтік мәселелердің де салмағы арта түсетіні белгілі. Сондықтан инвестиция тарту арқылы жаңа кәсіпорындар құруды, жұмыс орындарын ашуды негізгі бағыт етіп келеміз. Мәселен, Талдықорғанда «Қайнар», «Темірбетон», «Метакон», «JLC сүт» сияқты жиырмаға жуық ірі және орта кәсіпорын бар. Ал облыс бойынша олардың саны 100-ге тарта. Соның ішінде Талдықорғандағы «Қайнар» аккумулятор зауытының атағы бұрынғы Одақ кезінен танымал. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде бұл зауыттың іргесі едәуір кеңейді, заманауи желілері іске қосылып, тауарларын экспортқа көптеп шығара бастады. Оған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы көп қолдау көрсетілді.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру мақсатында және аймақта қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін облыста 6 индустриялық аймақ және бірнеше өндірістік алаңдар құрдық. Соның бірі – қала сыртында аумағы 595,0 гектар жерде орналастырылған «Талдықорған» индустриялық аймағы. Онда барлық инфрақұрылым тартылған, тіпті темір жол желісіне дейін жасалды. Инвесторларға осындай жағдай туғызудың нәтижесінде ол жерде бірнеше зауыт іске қосылды. Мұндағы "Жетісу-Мажико" май зауыты қазір соя, жүгері, күнбағыс сияқты майлы дақылдарды өңдеумен айналысады. Осы ретте еске түсірсек, 2001 жылы Талдықорған қаласында өнеркәсіпте өндірілген өнімнің көлемі 17,6 млрд теңге болған, өткен жылы бұл көрсеткіш 88,3 млрд теңгені құрады. Ал облыс ауқымында биылғы жылдың соңында өнеркәсіп өнімінің мөлшері 1 трлн 300 млрд теңгеге жетеді. Оған трансұлттық компанияларды және басқа да ірі инвесторларды тарта отырып, соңғы жылдары облыста жүзеге асырған «Маревен Фуд», «Лукойл», «АлаЦем» сынды жобалардың, сол сияқты жуырда осы қатарға қосылатын «ТайсонФуд», «Бауман» тәрізді алпауыт компаниялар зауыттарының қосар үлесі зор болмақ.

Кәсіп ашып, бизнесін жүргізіп, өзін өзі қамтамасыз ететін азаматтар қатары көбейген сайын қаланың да еңсесі көтеріліп, экономикалық жағынан тынысы ашыла түседі. Осы салада бұдан 20 жыл бұрын Талдықорғанда небәрі 2,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, қазір ол он есеге жуық өсіп, 197 млрд теңге болды. Мемлекет басшысы жалпы ішкі өнімдегі шағын, орта бизнестің үлесін 2025 жылға қарай 35% жеткізуді тапсырған еді, біздің Жетісу өңірінде биылдың өзінде бұл көрсеткіш 34,3% жетеді деп межелеп отырмыз. Осы жылы шағын және орта бизнесті қолдауға облыста 13 млрд теңге бағытталады.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру шараларының арнасы да барған сайын кеңеюде. Алматы облысына, соның ішінде Талдықорғанға табиғи газ жеткізілді. Қазір қаланың жылыту қазандықтары газға ауыстырыла бастады. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Алматы мен Талдықорғанның арасын жалғайтын тақтайдай тегіс жол салынды. Енді Талдықорған – Өскемен бағытындағы республикалық жолды реконструкциялау қарқынды жүріп жатыр. 

Соңғы 20 жыл ішінде облыс орталығында 8 жаңа мектеп, 26 медициналық нысан салынған. Соның ішінде Талдықорған көпсалалы ауруханасы, диагностикалық орталық, инфекциялық модульді аурухана, дәрігерлік амбулаториялар, Назарбаев зияткерлік мектебі, № 25, 26, 27 мектептер, ІТ мектеп-лицейі және басқа да нысандар бар. Бұл құрылыстардың көпшілігі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының аясында атқарылғанын да айта кету керек. Осыдан 20 жыл бұрын қалада балабақшалар саны 6 ғана болса, қазір оның саны 66-ға, мектепке дейінгі біліммен қамту 95,1% жетті.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің қолдауымен балалар мен жастарға қамқорлық ретінде Талдықорғанда Жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» Спорт сарайы, Балалар өнер мектебі, Оқушылар сарайы салынды. Тек өткен бір жылдың өзінде Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Жетісу университетінің, медициналық және политехникалық колледждердің студенттеріне арнап жалпы саны 768 орындық үш жатақхана салып бердік. Достық үйі, Тіл сарайы, Журналистер үйі, Көрме кешені, Драма театры, Салтанат сарайы, Рухани жаңғыру орталығы сияқты әсем ғимараттар тек қалаға көрік беріп қана қоймай, халықтың игілігіне қызмет етіп келеді. Жаңа құрылыстармен қатар, бұрыннан бар ғимараттар да қазір жаңа сипатта жарқырап тұр. Мәселен, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының тарихи келбетін сақтай отырып реконструкциялауда көрнекті сәулетші Қалдыбай Монтақаевтың қолтаңбасы бар. Осы Мәдениет сарайы тұрған орталық алаңға еуропалық үлгімен, жүз жылда да тозбайтын табиғи тас төселді, оған өзіміздің Арқарлының тасын, Қапалдың мәрмәрін пайдаландық. Мұнымен қоса Жетісудың жеті өзенін бейнелейтін фонтандар қазір орталық алаңға әр беріп тұр. Қалада 30-дан астам саябақ, сквер, аллеялар жасалды. «Жастар» мәдениет және демалыс саябағы салынды. Ондағы арнайы тұғырға Қазақстанның Мемлекеттік Туы 92 метр биіктікте орнатылған.

Мен алғаш Талдықорғанды көктей өтіп ағып жатқан Қаратал өзенін, өзен жағалауын көргеннен-ақ, осы маңайды көркейтіп, жақсы бір демалыс орнына айналдырсақ деп армандадым. Ол жерге қарағаштан басқа ештеңе өспейді дегендер де болды. Сәулетшілермен ақылдаса келе, мөлшері 1,5 шақырым ұзына бойы созылып жатқан жағалауды абаттандырудың жаңа жобасын жасап шықтық. Онда балалар ойын алаңы, үлкендер серуендеп, демалатын орын, велосипед жолы – бәрі қарастырылды. Қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар, бұталар, бұталы қоршаулар, газондар мен гүлзарлар отырғызылды. Шағын сәулеттік мүсіндер де үйлесіммен орнатылды. Қазір Қаратал жағалауы көз тоймайтын әсем демалыс орнына айналды.

Жуырда Талдықорғанда Олимпиадалық стандартпен салынған алып ғимарат – жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталды. Күні ертең осы бассейнде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге болады. Бұл – Талдықорғанды танымал ететін айтулы нысанның бірі. Балаларымыз бассейнде тегін жаттығады.

Ел бірлігін сақтау мен қаланың экономикалық қуатын арттырудың арасы – қыл өтпейтін тұтас дүние. Бұлар тұрақтылықтың қос қанаты секілді. Осы орайда Талдықорған жұртшылығы Егеубек Далбағаев, Бәтима Сақауова, Зылиха Тамшыбаева, Аманғазы Шегіров, Наурыз Қылышбаев, Оралбек Жақиянов, Күләш Шәмшидинова, Тілеуқабыл Мыңжасар және басқа да ардақты азаматтардың есімдерін құрметпен атайды. Себебі Талдықорғанның тұралап қалған шағында елдің төзімділік танытуына, бірлігін сақтап, қиындықты қайыспай көтеріп шығуына жігер берген де, қаланың жаңғыруының жаңа кезеңінде қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсене қатысып, көпті ортақ іске жұмылдыруға атсалысқан да осындай аузы дуалы, көкірегі қазына қарттар еді. Абзал аға-апаларымыздың елжандылығы, өңірге сіңірген еңбегі – жас буын үшін тәлім алар тағылым.

Тәуелсіздіктің арқасында Талдықорған түледі, түрленді, Жетісу өңірінің жауһарына, сәулет-салтанатымен көз тартатын көрікті қалаға айналды. Ең күрделі кезеңде қаланы аяғынан нық тұрғызуға құрылысшы ретінде Шалбай Құлмаханов көп еңбек сіңірді. Кейін Серік Үмбетов, Аңсар Мұсаханов басталған істі жалғастырып, өз үлестерін қосты. Қаланы ұзақ жыл басқарған марқұм Сәкен Жылқайдаровтың да еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Мұнда қаншама құрыш қолды құрылысшылар, архитекторлар, жол және коммуналдық шаруашылық салаларының білгірлері өз қолтаңбасын қалдырды. Тимур Сүлейменов, Сайран Фазылов, Ақмырза Рүстембеков, Аманжол Шормақов, Сейдахмет Шүрегеев, Анатолий Рябинин, Виктор Ивкин, Манарбек Ахымбеков, Валерий Ким, Малдыбай Қалиев және басқа да азаматтардың айшықты ізі әлі күнге сайрап жатыр. Олардың есімдері қала тарихымен бірге аталады.

«Жер жаннаты Жетісудың орталығы – Талдықорған аз уақыттың ішінде танымастай өзгерді. Жылдан-жылға жақсарып, ажарланып келеді. Жолдар мен көшелер сапалы жасалып, тұрғындар демалатын жаңа орындар пайда болды, мектептер, ауруханалар салынды. Мұның бәрі көз қуантады», деген еді Елбасы Талдықорғанға келген сапарының бірінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Жетісудың кіндік қаласын: «Талдықорған – Қазақстанымыздың қарқынды дамуының жарқын үлгісі бола алады», деп бағалаған болатын. Бұл талдықорғандықтарды қанаттандыра түсті.

Біз облыс орталығын дамытуда Нұр-Сұлтан қаласына қарап бой түзедік, астанамызды үлгі еттік. Шырайлы шаһардың даму белестері әлі алда. Оған оның әлеуеті де, табиғи мүмкіндіктері де, адами капиталы да жетеді.

Иә, Талдықорғанды нәрлендіретін де, әрлендіретін де – оның тұрғындары. Сондықтан талдықорғандықтар тынымсыз еңбегімен, береке-бірлігімен ел тәуелсіздігіне, қаланың қарыштап дамуына өз үлестерін қоса бермек.

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі