Аймақтар • 07 Наурыз, 2020

Қостанай облысы: Шағын шаһарлар шуақты мекенге айналуы тиіс

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысындағы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін ERGкомпаниясы 3 млрд 117 млн теңге бөлмек. Өзара әріптестік туралы меморандумға ERG-дің Бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды.

Қостанай облысы: Шағын шаһарлар шуақты мекенге айналуы тиіс

Маңызды меморандум биыл Рудный қаласында екі бірдей жылы аялдаманың салынуына мұрындық болады. Сонымен қатар, орталық саябақта ересектерден гөрі балаларға етене таныс «Джуманджи» атты арқан атракционы орнатылмақ. Ал Арқалық қаласында Жеңіс даңқы ескерткіші жаңартылып, бір мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ отбасы саябағы пайда болады. Рудный мен Лисаков қалаларының орталық көшелеріне көлік жылдамдығын анықтайтын электронды табло орнатылады. Облыстық маңызға ие көлік жолдары оңдалып, Қашар кентіне жедел жәрдем көлігі сатылып алынады.

Меморандум Үкімет мақұлдаған аймақтарды дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында жасалып отыр. Қаражаттың басым бөлігі Рудный қаласы мен Қашар кентінің жылу желілерін күрделі жөндеуге жұмсалады. Әрі осы өңірлердің тұтынушыларын арзан электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталмақ.  

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аймақтарды дамытуды қазіргі таңдағы ең негізгі міндеттердің бірі деп атап айтты. Осы орайда мен әкімдіктермен арада жасалған меморандумдардың әрқсайсысы – аталған тапсырманы орындау мен тұрақты қоғам қалыптастыру қамы деп батыл айта аламын. Біз өзіміз жұмсаған әрбір теңгеніңтұрғындар игілігіне асуына  мүдделіміз, - деді Eurasian Resources Group Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.  

 

Қостанай