
БҰҰ-ның жоғарыда аталған ресми құжаты дүние жүзі жастарының көкейкесті проблемаларымен қатар, олардың шешілу жолдары мен тәсілдерін де назардан тыс қалдырмаған. Ендеше, Қазақстанның да бүкіләлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін ескерсек, беделді халықаралық ұйымның аталған құжатына арқау болған жастар мәселелерінің біздің елге қатысы бар.
Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жастардың тағдыры мен болашағына жеткілікті мән беріліп келе жатыр деуге толық негіз бар. Соның ең бір жарқын көрінісі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы. Сол бағдарламаға сәйкес, тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, елдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, мемлекетіміз еліміздің ертеңі үшін талантты жастарымызды әлемнің озық елдерінің ғылым-білімінен сусындауға, технологияларын игеруге тұрақты түрде жіберіп отырды. Соңғы жылдары Қазақ елі осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген жастардың игілігін көріп, жемісін де жей бастады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше көңіл бөлуде. Осы арқылы елімізде жастарды жалпықоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін өзі көрсету мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясаттар жасала бастады.
Қ.Тоқаев президенттік қызметке кіріскеннен кейін, елімізде қазіргі таңда әр бір жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақтаудың жолдары нақты қарастырыла бастады. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту, табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, баспана мәселесін толыққанды шешу үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шаралары қолға алына бастады. Сондай-ақ Қ.Тоқаев президенттік қызметке кіріскен алғашқы күндерде-ақ еліміздегі жастар саясаты жөнінде игі бетбұрыстар болатынын ашық мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың тағдыры мен болашағына, елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде емес, оларға елдің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі егесі ретінде қарап, саналы және стратегиялық тұрғыдан ерекше мән беріп отыр. Оған көз жеткізу үшін Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 2 сәуірі күні республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатындағы: «Жастар саясатында, жастар тәрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісін де басты назарда ұстау керек», деген жолдарды оқысақ та жеткілікті.
Президент Қ.Тоқаев өзінің жастар саясаты жөніндегі кешенді ойларын біртіндеп жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, 2019 жылдың 12 маусымы күні Қазақстанның жаңа басшысы Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталатыны туралы: «Жас ұрпаққа арнайы айтатын сөзім бар. Сіздер Қазақстанның даму жолында шешуші рөл атқарасыздар. Прогрестің қозғаушы күші боласыздар. Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Оған қолдау көрсету – менің басты міндетім. Жас әрі дарынды басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жоғарылату мақсатында Президенттік кадрлық резерв жасақталады», деп ел халқына мәлімдеген болса, аталған ой-жоспарын жыл өтпестен жүзеге асырған Мемлекет басшысы 2020 жылдың 15 қаңтары күні Ақордада Президенттік кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізді.
Осылайша сөзден нақты іске көшкен Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөзінде олардың алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды. Яғни, Президенттік кадр резервіне кірген жастармен «Кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес. Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасады» деген секілді өзекті де соқталы ойларымен бөлісті.
Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы дұрыс айтады: «Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады». Әсіресе елдегі жас буын өздерінің өткір идеяларымен, тың ойларымен, жігерлі және шапшаң қимыл-әрекетімен, креативті рухымен ылғи да өз дәуіріндегі «ортақ мүдде» жолында тез топтаса алады. Сөйтіп өз заманының көшбасшылары әрі мұзжарғыштары болады. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарын айтайықшы. Олардың белгілі бір бөлігінің ірі саяси орталықтарда оқуы, сол тарихи кезеңдегі саяси оқиғаларды тікелей көзімен көріп куә болуы, қоғамдық жаңғыру жолына қадам басқан орыс қоғамындағы демократиялық күштер мен ағымдардың ықпалын басынан кешіруі – олардың қоғамдық көзқарастарының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады. Олар осы тарихи кезеңдегі әртүрлі саяси оқиғаларға қатынасып, қазақ халқының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және алғаш рет қоғамдық ұйымдарға топтаса бастады. Сөйтіп XX ғасырдың басында қазақ халқын өрге сүйрер, ұлт қамы үшін өмірлерін сарп етер зиялы қауымның шоғыры қалыптасты. Олар өздері құрған «Алаш» партиясы және қозғалысы арқылы ұлтты ояту мен өркениетке жеткізудегі жастардың шешуші рөлін толық көрсетіп берді. Сол алашшыл жастардың саяси және азаматтық белсенділігінің арқасында КСРО құрылғаннан кейін болса да, қазақ елінің шекарасы айқындалып, Қазақ автономиясы құрылды. Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің түп тамыры, негізі сонда жатыр. Міне, жас буынның құдіреті!
Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының тоталитарлық жүйе мен отаршылдық езгіге төзбейтін, бостан рухтың егесі екендігін жалпақ жаһанға көрсетті.
Жастардың бойындағы асыл қасиет пен оларға деген сенімнің өте-мөте маңызды екендігін ескерген Қ.Тоқаев Президенттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде сөйлеген сөзінде: «Соңғы жылдары бүкіл әлемде болып жатқан наразылық толқыны – өзгеруге деген жаһандық сұранысты айқын көрсетіп берді. Адамзат төртінші өнеркәсіптік революцияны бастан кешіруде. Алайда мемлекеттік басқарудың қағидаттары неше ондаған жылдар бойы өзгерген жоқ. Қазақстанға қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, әділетті басқарудың жаңа үлгісі қажет. Сонымен қатар ол ең заманауи технологияларды қолдануға негізделуі керек», деп атап көрсетті.
Демек, «өзгеруге деген қоғамдық сұранысты» кім қанағаттандыра алады? Әрине, жастар! «Мемлекеттік басқарудың қағидаттарын» жаңартуға қабілетті әлеуметтік топ кімдер? Әрине, жастар! «Қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, әділетті басқарудың жаңа үлгісін» табатын, қалыптастыратын кімдер? Әрине, жастар! Мемлекет басқаруда «ең заманауи технологияларды қолдануға» қабілетті адамдар кімдер? Әрине, жастар!
ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысына ұйытқы болған жастар қазақ ұлтының патриоттық рухын ең биік шыңға шығарып кетті. Халық оларды сол үшін қадірлейді. Сол үшін ұмытпайды.
Мемлекеттің гүлденуі мен ұлттың дамуы үшін әр дәуірдің өз азаматтарына жүктейтін тарихи міндеттері болады. Сол тарихи міндеттерді дер кезінде орындаған ұлт қана уақытты босқа өткізбеген, заманнан артта қалмаған, орайды қолдан бермеген, тіпті уақыттан озып жұмыс істеген халық болып есептеледі.
Бұл ретте, мына мәселенің басын ашып айтуға тиіспіз. Яғни, белгілі бір дәуір тұрғындарының ішіндегі жас буын, бұл – сол қоғамдағы ең белсенді және ең қуатты күш. Сондықтан қай кезде де, қай елде де мемлекеттің үміті де, ұлттың болашағы да сол елдегі жастардың рухани бет-бейнесімен тікелей байланысты. Ол үшін ең әуелі мемлекет жастарды белсенді түрде қолдауы, олардың аяғынан тік тұрып, армандарын жүзеге асыруына, ел ісіне араласуына толықтай жағдай жасауы керек. «Не ексең, соны орасың» дейді дана халқымыз. Демек, біз бүгін жастарымызды қалай, қай бағытта баулысақ, ертеңгі болашағымыз солай болмақ. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы ылғи да: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» екенін баса дәріптеп келеді. Демек, «алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға» мемлекеттің шынайы қолдауы қажет. Еліміздегі жас буын өз елінде өз болашақтарына қашан да сеніммен қарайтын болуы тиіс. Мемлекет басшысының президенттік қызметке кіріскен бір жылға таяу уақытта осы бағытта атқарған игі қадамдары көңілге зор қуаныш пен үлкен сенім ұялатады. Демек, дәл қазіргі кездегі қазақ жастары өз арман-мұратын жүзеге асыру мен ел ісіне толық араласа алатын жаңа дәуірде, орайлы кезеңде тұр деуге болады.
Қысқасы, Президент Қ.Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынып, жүзеге аса бастаған мемлекеттік жастар саясатындағы оң өзгерісті тұтас қазақ қоғамы қуанышпен және зор үмітпен қабылдап отыр.
Дегенмен, сөзіміздің осы тұсында, жастарымыздың рухани бет-бейнесі қандай деген мәселеге де соға кету керек секілді. Құдайға шүкір қазақ жері, Алаш жұрты ежелден-ақ талант пен дарынға кенде болған емес. Тіпті тіл-көзіміз тасқа, бүгінгі күні де дарынды, талантты жастарымыз аз емес. Мәселе, сол талантты да дарынды жастарымыздың отаншылдық рухы, ұлтжандылық сезімі қай деңгейде?! Егер бұл қасиеттер әлдекімнің бойында кем соғып жатса, ондай жастың таланты мен дарынынан ұлтқа келер пайда шамалы. Бұл туралы сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын. «Мінездің» тұғыры «ахлақ» (мораль) болатын болса, адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық деген қасиеттер сол «ахлақтың» күретамыры екенін ұмытпауымыз керек. Бұл мәселені айқын сезінген Мемлекет басшысы өзінің жастар саясатына қатысты пайымдауларында дарынды, талапты жастарға жағдай жасап, оларға қолдау көрсетуді дәріптеумен бір уақытта, жастарымыздан отансүйгіштік пен ұлтжандылықты, еңбексүйгіштікті барынша талап етіп келеді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жиналысқа қатысып отырған жас буын өкілдеріне: «Бұл (Президенттік кадрлық резерв) – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды. Мен өздеріңіз арқылы елімізде патриоттардың жаңа буыны қалыптасады деп сенемін. Сіздер егемен еліміздің жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек», деп нақты талаптарын айтса, тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы жастарға ұлтты, туған халқын қалай сүюдің жолын, өнегесін нұсқайды, сондай-ақ жастардың мойнына уақыт жүктеп отырған миссияны атап көрсетеді: «Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Халқымыз, әсіресе жас буын Абайдың сара жолын жалғауға баса мән беруі тиіс. Біз Елдік пен Егемендіктің қадірін бағалай білуіміз керек. Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі қажет. Бұл өздеріңізге жүктелген мәртебелі миссия деп біліңіздер».
Демек, ендігі әңгіме жастарымыздың белсенділігі мен құлшынысына, қарекетіне тікелей қатысты болмақ. Яғни, елімізде дәл қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан жастар саясатындағы осынау бетбұрысты дәл бейнелеу үшін «сөз түзелді, оқушы сен де түзел» деген ұлы Абайдың әйгілі сөзін «сөз түзелді, жас буын сен де түзел» деп өзгертіп қолдану қажет секілді.
Мемлекет басшысы Президенттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде өз сөзін «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деген үлкен үмітпен және алғаусыз сеніммен аяқтаған екен, біз де бүгінгі сөзімізді «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күштi қанатты, Мен жастарға сенемiн!» деген ұлы Мағжанның мақамымен аяқтағымыз келіп тұр.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қытайтану институтының директоры, профессор