19 Наурыз, 2010

ЖАН-ЖАҒЫН ЖАДЫРАТЫП ЖҮРЕТІН ЖАН

805 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
“Жақсыны жақсы табыс­ты­ра­ды” деген бар халқымызда. Да­на­лықтың дәл айтылғанын талай көр­дік. Соның бірін Талғат До­сым­бековке қаратып айтуға болады. Сексенінші жылдардың соңына қарай Кеңащыға Баянғали Әлім­жа­нов көшіп келген. Кезінде Ал­ма­тыда бірге оқып, бірге қызметтес болған досым­ның қолын алып, сырқат меңдей бас­таған Тәйкен атайға сәлем беру ние­тімен алыс­тағы ауылға сапар бас­тағанмын. Баянғалидың есігін қақ­қанымда, ортадан жоғары бойы бар, бұйра шашты ақсары жігіт ұшып-қо­нып төрге оздырды. Жер үстелде жеті-сегіз адам отыр. Бәрі көңілді. Қа­ланың құрыс-тұрысында жүрген кісі баяғыдағы бозаның буымен бұр­­қы­ра­ған сал-серілердің орта­сы­на тап келгендей сезінеді екен өзін. Басына жұпынылау бұрма бөрік, үстіне қара керіс қаптырма камзол киген Баян­ға­лиды Біржан мен Ақанға қатар ұқсаттым. Тіксініп қалдым. Ақын жүрек баяғы Ақан мен Біржанның тағдырын қайталап жүрмегей деп. Бекер екен. Дас­тар­қан жа­ң­ғыртыл­ғанша досымның ішкі жан-дүниесі жайылып сала берді. Ұққаным – еңкейген әке ал­дындағы парызын, бұрынғы мен қазіргі мәдениетті бірге қайнатып, туған ел алдындағы қа­ры­зын өтеу. Біз, журналистер нақ­ты­лаумыз ғой, “қойшы-ей, басты қа­тыр­май”, деппін. Шамданған жоқ. Қо­лын­дағы домбырасын дауылдатып барып кілт тоқтады да, жанындағы жігітке ұсынды. Масқара, бәрі әнші! Біржан елінің бүгінгі үнінің асқақтығына тамсанып отырмын. Бірінен-бірі қалар емес. Неге екенін қайдам, кезек жаңағы ақсары жігітке жете бе­ргенде “аяқ созу” мәселесі кө­те­рі­ле бастады. Тал­ғат осы үйге туған кү­йеу екен, содан шығар... Ал­ды­мыз орнымыздан кө­те­ріліп қалған тұста Талғатымыз аңы­рат­сын келіп. Шығарып айтып отыр. Ой бар. Арасында менің есік қақ­қа­ным да сыналып өтті... “Бұл жі­гітте бір гәп бар екен” дегенмін де қойғанмын. Көп ұзамай облыс орталы­ғын­дағы “Көкшетау” мәдениет са­ра­йында Біржан салдың құрметіне ақындар айтысы өтті. Қол ша­па­лақ­тап қоше­меттеп отырмыз. Бір сәтте сахнаға Тал­ғаттың шыға кел­гені. Әжептәуір аты шығып қал­ған қызылжарлық қызбен сөз жа­ры­с­тыру оңайға түспейтінін ішім сезіп отыр. Тәкең де қояр емес. Таразы басы Талғатқа ауа бас­та­ған­да, қа­зылар “болды, болдыға” басты. Осы жерде жергілікті ақын аза­мат­тық танытты, жюриден сұрап жүріп жүлдені қарсыласына байлатты. Тәкең көпшіл. “Аузын ашса, кө­мекейі көрінеді”. Әңгімені әргі-бер­гіден қаузай айтқанда, тәлім төгіліп тұрады. Адамның артық­шы­лы­ғы – жан-жағыңды жадырата білуде. Бұл кісімен көшеде қатар жүру құрмет әрі азап екенін бі­ле­мін. Үлкен-кіші үй­і­ріле қалады. Ұялы телефонын бұрап, біреудің мұқтажын біреуден сұрап жатқаны. Манадан бері жанында жүргеніңді де ұмытып кететіндей. Өзі тұратын Степняк қаласында да сол, Көк­шетау қаласында да сол. Тәрбиені жүре теретіндер бо­ла­ды. Оған түп, негіз дегендер қосылса, өмір шір­кін нәрленіп сала бе­ретіні анық. Талғатты осыған қосар едік. Атасы До­сымбек Боз­ғұлов – Қызылту аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бол­ған адам. Әкесі Сек­сенбай До­сым­беков Степняктағы “Қазалтын” тресінде ұзақ жылдар ағаш өңдеу және кірпіш зауыт­та­ры­ның дирек­торы қызметін атқарды. Қазақтың біртуар азаматы Жұмабай Тәше­нов­пен сыныптас болған Сек­сен­бай атамыз Омбыда оқыған жыл­дары небір дүлдүл зия­лы­лар­мен қатар жүргенін мақтанышпен айтып отыратын. Биыл сексенге толған Сапура шешеміз Досым­беков әулетін әуелеткен ардақты ана. Олар 11 бала өсіріп, бәріне жо­ғары білім берді. Бұлардың арасынан республика­мыз­дың еңбек сіңірген дәрігерлерін, еңбек сі­ңір­ген мұғалімдерін, абыройлы бас­шылар мен қосшыларды кездес­ті­ре­сіз. Өткен жылы Көкшетау қа­ла­сында республикамыздағы үшінші болып Президенттің ин­тел­лек­туалды мектебі ашылды. Мәр­те­белі оқу ор­нына ұстаздар ір­іктеу қатаң талаптар негізінде өткізілгені бел­гілі. Міне, осы мек­тепке Сапура ше­шеміздің бес бірдей немересі жұм­ысқа тартылып отыр. Сенбей­тін­дей-ақ жағдай, бірақ шындығы осы. Осындай үлгілі ордадан түлеп ұш­қан Талғат Досымбеков артық ер­ке­леу­ді білмей өсті. Өйткені, ол 11 ба­ланың екіншісі, яғни қорғаны бола білген жан. Целиноград қаржы-экономикалық техникумын бітіріп, Түркімениядағы әскери борышын өтеп алып, біржола еңбекке араласты. Адалынан та­ныл­ды. “Мамай” кең­ша­рында бри­гада есепшісі болып жүрген ол аудандық газетке фототілші болып шақырылды. Ол кезде фототілші деген атымен жоқ. Ауыл баласы осыны меңгерді. Араға сегіз жыл салып, яғни 1981 жылы Талғат аудан­дық бас­пахананың директор­лы­ғы қызметіне жоғарылатылды. Уақыт талабымен үндес жігіт осы жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетін орыс тілінде сырттай бітіріп шықты. Баспаханаға он жылын берген Тәкеңді жұртшылық халық депутаттары Степняк қалалық кеңесі төрағасының орынбасары етіп сайлады. Төрағаның орынбасары қашан­дағысындай жұмысқа білек сыбана кірісті. Бұл Қазақстан Тәуелсіз­ді­гі­нің алғашқы жылы болатын. Ха­лық­тың етек жиып, еңсе көтеруі жолында көп еңбек сіңірілді. Күнделікті қарбалас пен кездескен қиындықтарға қара­мастан, қала тұрғындарының рухын оятуда да бастамашылдық қадамдар жасалды. Қала мен өңір тумалары, әйгілі Біржан сал, Шоқан Уәлиханов, Әбіл­қайыр Досов, “Беломор ка­на­лын” салуға қатысушылардың бірі Сәлім­керей, “Жас қазақ” әнінің авторы Рамазан Елебаев, Мұса Жәлелмен бірге Моабит түрмесінде азап шеккен Атлан Атнашев (жазушы Қалаубек Тұрсынқ­ұ­лов­тың кітабының қаҺар­маны) атын­дағы, тағы басқа көшелер пайда болды. Біржан зиратында көркем мемориалдық кешен тұр­ғы­зыл­ды. Әрине, мұның барлығын Талғаттың бір өзіне еншілеп отырғанымыз жоқ. Жас маманның жұртшы­лық­пен, аудан басшылығымен тіл табыса білуінің, оң іске ұйытқы болуының өзі неге тұрады. Кейбір адамдар болады, зей­нет­ке шық­қанша бір саланы гүлдей дөңгелететін. Бұл – жақсы қасиет. Ал, қоғам керек адамын кейде әр салаға салып, жауапкершілік жүктейді. Осыған төзіп, тиянақ­ты­лық таныту екінің бірінің қолынан келмейтін шығар. Тәкең “Игілік банктің” қалалық бөлімшесінің директоры, “Халық банкінің” басқарушысы, аудандық “Дала дидары”, – “Сельская новь” газет­терінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазір аудандық байланыс торабының бастығы. Барлық өнді­рістік көрсеткіштері бойынша облыстық жүлделі орын­дардан түсіп көрген емес. Депутат та болып сайланды. Аудан­дық сайлау комис­сиясының төрағасы, “Нұр Отан” ХДП аудан­дық филиалы төрағасының орын­басары қызмет­терін де атқарды. Төрінде Қазақ­стан Респуб­ликасы Президентінің Алғыс хаты ілулі тұр. Басқа да мара­паттаулардан кенде емес. “Шаңырақтың шаттығын бер­сін” деп жатамыз ғой. Степнякқа бара қалсам, Досым­бе­ковтердің отауынан төгілген шуаққа тәнті боламын. Кірбің көңіл, қабақ шытудан ада ұя. Мектепте 35 жыл мұғалім болған Сұ­лушаш әпкеміз айналып-толғанып тұрғаны. Маған қаратып сөйлегенде байқамай “Баянғали” деп қалады. Ол Ал­ма­тыға қайта көшкен. Бауырына жа­қын тартқанына өсіп қаламыз. Екеуі­­нің үш баласы бар. Үйлі-ба­ранды. Бәрі жақсы ғой. Бірақ, мек­тепті алтын медальмен, екі бірдей жоғары оқу орнын үздік бітірген Ержанның үйіндегі келіннің қазасы батады... Балапандар – немерелер өсіп келеді. Өмір алға жылжи береді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы.