16 Наурыз, 2010

ДІН – ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ НЕГІЗІ

3590 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Дінсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Дін халық мә­дениетінің рухани негізі. Оның қоғамда алатын орны қашанда ерекше. Сол себепті жас ұрпаққа діндер тарихы мен оның құн­ды­лықтары, рухани астары туралы мәлімет беру өмір талабы. Осы орайда жас жеткіншектерге діндер тарихы мен ілімдері туралы ғылыми негізде жазылған оқулық аса қажет. Осы қажет­тілікті қа­на­ғаттандыру мақса­тында академик Ғарифолла Есімнің авторлық жетекшілігімен 9-сынып оқушы­ла­рына қазақ және орыс тілде­рінде “Дінтану негіздері” оқу­лы­ғы дайындалып, жарыққа шық­ты. Авторлық ұжым құрамына фи­лософия ғылымдарының док­то­ры, профессор А.Әбуов, Қ. Бе­га­линова, философия ғылымда­ры­ның канди­даты Е. Смағұлов, исламтану­шы Қ.Жолдыбайұлы кірген екен. “Дін­тану негіздері” оқулығында жалпы діни сананың қалыптасуы, поли­теистік діндер­ден кейін монотеистік діндердің пайда болуы, бір сөзбен айтқанда, әлемдік және дәстүрлі діндер мен дәстүрлі емес діни культтар жай­ын­да ақпарат берілген. Бұндай ақ­параттар дін туралы тү­сінігі то­лық қалыптасып үлгермеген жас буын үшін тиімді екені сөзсіз. Оқулықтың алғашқы тарау­ында діни сана құрылымы – діни сенім, ілім және діни идеология туралы баяндалған. Діни сана әр тарихи кезеңде, түрлі қоғамда әр­түрлі дәрежеде қызмет атқарып, көрініп отырғандығы сараптал­ған. Діннің адам мен қоғам өміріндегі қызметтері: дүниета­­­­нымдық құндылықтарға баулу, регуля­тивтік (реттеушілік) қыз­меттері көрсетілген. Политеизм (көпқұдайлылық), монотеизм (бірқұдайлық), секта, деноминация, шіркеу ұғымда­рының ғылыми түсіндірмелері де жан-жақты берілген. Мифтік сана мен діни сана жайында да мә­ліметтер оқушыға түсінікті жатық жазылған. Діннің бастаулары мен тарихи түрлері деп аталатын екінші та­рауда, ежелгі дәуірдегі әр түрлі ани­мистік, фетишистік, магия­лық, тотемистік діни нанымдар сөз болады. Сонымен бірге, по­литеистік мәндегі діни түсініктер өріс алған ежелгі халықтардың діни нанымдарына арналған. Б.д.д. VІ мыңжылдықтың соңын ала Тигр мен Евфрат өзендерінің аңғарларына қоныстанған көне Шумерлердің діни нанымдарына талдау жасалған. Ежелгі парсы елінің зороастризм діні жайында деректер келтіре отырып, этика­лық ұстанымдары мен қасиетті кітабы Авеста жайында баян­дай­ды. Ежелгі Мысырдың көне патшалық дәуірінің “Пирами­далар мәтіні” мен орта патшалық дәуірінің “Саркофактар мәтін­дері” сияқты жекелеген жазулар, жаңа патшалық дәуірі “Өлілер кітабы”, “О дүниеде небары ту­ралы кітап” жазбалардағы діни түсініктерге талдау жасалған. Сон­дай-ақ, көне грек мифо­ло­гиясы мен наным-сенімдерінің ерекшеліктері, құдайлар пан­тео­ны туралы қызықты мәліметтер келтірілген. Үнді мәдениетіндегі Брахман дінінің қалыптасуы және оның ілімі, ғұрыптары мен мерекелері жан-жақты талданып, индуизмнің б.д.д. бірінші мыңжылдықта пай­да болуы және адамның рухани құтқарылуы үшін қажетті үш жол: қасиетті істер жолы (басты шарты – құрбандық шалу); таным жолы (медитация және құдіретті бол­мыс туралы ойлар); адалдық жо­лы (құдайға және оның рахы­мына сену) талданады. Б.д.д. VІ ғасырда Қытайда жаңа философиялық, дүниета­ным­дық ілім ретінде қалыптасқан Конфуций ілімінің кейін діни сенімге айналғандығы айтылып, моральдық ұстанымдары мен ғұрыптары талданған. Сол сияқты даосизмнің діни-философиялық ілімдері де сарапқа салынады. Жа­понияның ұлттық діні син­тоизм жайлы нақты түсініктер беріледі. Оқулықтың әлемдік діндерге арналған үшінші тарауы тұңғыш әлемдік дін Будда дінінен баста­лады. Будда дінінің б.д.д. VІ ға­сырда ежелгі Үндістанда пайда бол­ғандығы айтылады. Негізін қа­лаушы Гаутама жайында ақпарат та оқушы түсінігіне сай берілген. Будда ілімінің төрт ақи­қаты, сегіз ұстанымы, этикалық ережелері нақты көрсетілген. Христиан діні мен оның не­гізін салушы Галилеядағы На­за­рет деген шағын қаладан шыққан діни ұстаз және уағыздаушы Исаның өмірі мен қызметі ту­ралы деректерге сүйене отырып, хрис­тиан дінінің ғұрыптары мен мейрамдары, қасиетті кітабы Інжіл жайлы жан-жақты баян­да­лады. Христиан дінінің пайда болуының әлеуметтік-мәдени ал­ғышарттары да сарапталады. Рим-котолик шіркеуінің Батыс Еуро­пада ХVІ ғасырға дейін жүрген айрықша үстемдігі суреттеледі. Котолик шіркеуінің басшысы – Рим папасы мен Ватикан мем­лекеті туралы да мәлімет берілген. Сондай-ақ, христиан дінінің тармағы, протестантизмнің діни ілімінің ерекше тұстары оқулықта ескерусіз қалмаған. Әлемнің екі миллиардқа жуық халқы ұстанатын ислам діні мен мәдениетіне де ерекше тоқталып өткен. Ислам мәдениеті мен бес парызы, иман шарттары, мазхаб­тар, суниттер және шииттер жө­нінде егжей-тегжейлі қарастыры­ла­ды. Адамзаттың асыл кітабы Құран-Кәрім және Мұхаммед пайғам­бардың өмірі жайында, исламдағы әйел, мұсылман мей­рамдары, ғылым-білім мәселелері ықшамды әрі жеңіл жазылған. Оқулықта исламдағы жиһат ұғымы, сопылық жөнінде де сөз қозғалған. Бұдан өзге тарауларында исламның Қазақстандағы тара­луы, еліміздегі ислам дінінің имам ағзам жетекшілігіндегі ха­нафиттік-сунниттік бағытқа байланысты мәліметтер берілген. Н. БАЙТЕНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі, Б.БЕЙСЕНОВ, доцент.