16 Наурыз, 2010

АССАМБЛЕЯ – ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ ТҰҒЫРЫ

10355 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына орай Қазақстан – көпэтносты, көпдінді мемлекет. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қа­сиет­ті жерде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тірлік кешіп келеді. Бұған біз әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырғанымызды айтсам деймін. Бұл – халқымыздың, этностарымыздың, Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаев­тың өлшеусіз еңбегінің жемісі. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқының бірлігін сақтап қалуда үлкен қадамға барды. Ол басқа елдерде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) құрып, барлық этнос өкілдерін бір шаңырақтың астында бейбіт өмір кешуге жағдай жасады. Бүгінде бұл қоғамдық институт елдегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың мызғымас тұғырына айналып отыр. ҚХА-ның осы күнге дейін ұстанған негізгі мақсаты — республикадағы ұлттық сая­сатты жүргізу және қоғамдағы саяси жағ­дайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы ынтымақты қамтамасыз ететін іс-тәжірибелік ұсыныстарды ойластыру, ел Президентінің республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі қызметіне атсалысу десек, ұйым бұл үдеден сөзсіз шығып келеді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Ұйғыр ұлтының өкілі ретінде бұл ұйымның осыншама уақыт ішінде тапжылмай еңбек етіп келуін өте бір маңызды оқиға деп есептеймін. Мұндай қоғамдық институттың елімізде ауадай қажет екендігін өмірдің өзі де дәлелдегені анық. 1992 жылы Алматы қаласында өткен Қа­зақ­стан халқының бірінші форумында Елба­сы ассамблея құру туралы ойын білдірген еді. Сол кезде біз Елбасының ешбір мемлекетте жоқ халықтар достығын сақтау саясатына оң көзқарас танытып, “Мұндай ұйым басқа қай елде бар екен?” деп бір-бірімізге сұраулы жүзбен қарадық. Сөйтсек, тәжірибе көрсет­кендей, Қазақстанда құрылған Ассамблея пост­кеңестік мемлекеттердің ешқайсысында жоқ екен. Бұл Қазақстан үшін, Қазақ елінің ауасын жұтып, суын ішіп жүрген қаншама ұлт пен этнос өкілдері үшін ең батыл қадам іспеттеседі. Сөйтіп, Қазақстан Президентінің “Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы” Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында аталған қоғамдық институт құрылып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанын­дағы кеңесші орган болды. Міне, сол уақыттан бері Ассамблея мін­бе­рі әр түрлі этностың ашық алаңына ай­нал­ды. Өзім де осы ұйымның мүшесі ретінде бар­лық сессияларға қатысып, ой-пікірімді бүкпесіз білдіріп келемін. ҚХА 15 жыл ішінде 15 сессия өткізіпті. ҚХА Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық халықтың мәдениетін, тілін дамытуға қолай­лы жағдай жасау бағытында Қазақстан хал­қы­ның фестивальдерін, тілдер фести­валь­де­рін, басқа этностардың мемлекеттік тіл мен ана тілін білу дәрежесін анықтайтын бай­қау­ла­рын, тіл саясаты мәселелері бойынша ха­лықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинар­лар, т.б. өткізіп келеді. Ассамблея Кеңесінің мүшелері жетек­ші­лік ететін республикалық, ай­мақтық, қала­лық және аудандық этно­мә­де­ни бірлестіктер жұмыс істейді. Ұйғыр, әзір­байжан, өзбек, ко­рей, ингуш, неміс, чешен, поляк, т.б. этно­мәдени бірлестіктерінің жек­сенбілік мектептері бар. ҚХА Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылымдарымен тығыз іскерлік байланыс­тар орнатқан. Осы Ұйымның қолдауымен Ассамблея этносаралық қатынастар мәселе­ле­рін зерттейтін талдау орталығын құрды. Ал 2007 жылы Парламент мін­берінен басқа да этнос өкілдеріне орын бе­ріліп, Мәжіліске ҚХА-дан 9 депутат сайланды. Осы тұста “Бізге Ассамблея керек емес. Ассамблея тек мақтау-мадақтаумен өтеді…”, деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, демо­кратиялық қоғамда пікір еркіндігі болатыны сөзсіз. Десек те, мұның бәрі бекершілік. Өт­кен 15 жылда өміршең іс-әрекетімен өзге елдерге де үлгі-өнеге болған “Қазақстан хал­қы Ассамблеясы туралы” жаңа Заңның қа­был­дануы да бағдарлы іске деген жанды көз­қарас бола білді. Аталған заңнамалық құ­­жат елдің әрбір азаматына ха­лық үшін аянбай қызмет етумен қатар, осы елдің патриоты бо­луға шақы­­рып, нақты іс-қимыл бағыттарын ұсынды. Мемлекеттік және өзге этнос тілдерін, салт-дәс­түр, мәде­ниетті өркендетуге то­лық­тай мүм­кіндік қарастырылған. Ассам­блея туралы заң­намалық құжаттың жобасын әзірлеуге Парла­мент Мәжілісіне Ассамблея атынан сайланған депутаттар, елі­міздегі бар­лық этномәдени бір­лес­­тік өкілдері, қоғамдық ұйымдар белсене қатысып, ауқымды жұмыс­тар атқарды. Айтып айтпай не керек, Кеңестер Одағы кезінде де халықтар достығы жөнінде көп әңгіме болатын еді. Алайда, бұл достық бұй­рықтық-бю­ро­кра­тия­лық жүйемен жүр­гі­зіл­гендіктен де, “Дос боласың, ал олай ет­пе­сең, жазаңды аласың” деген саясатта өрбіді. Әр заманның талабы да, заңы да басқа. Осы­ны еске ал­ғанда, Ас­самблеяның көз­де­ген мақсатының айқын әрі нық екендігіне көзім жетеді. Біле білсек, Қазақ­стан­ның Ассамблея құрудағы тәжірибесін көптеген мем­лекеттер қолданып отыр. Мәселен, 2003 жылы Ассам­блеяның делегациясымен Мәскеу­ге барған кезімде сол тұстағы Ресей халықтары ассам­блея­сы атқарушы комитетінің төрағасы ұлты тува Ч.Ондармен сөйлесе кеткенімде ол: “Біз өз ассамблеямызды Қазақстанның тәжіри­бе­сіне сүйеніп құрдық”, деді. Сол шақта төбем көкке жеткендей болып, қуанғаным бар. Ал жақында Астанада өткен журналистердің “БАҚ этносаралық төзімділікті нығайту жолында” халықаралық семинарына келген Ресей Федерациясы халықтары ассамблея­сы­ның төрағасы Рамазан Қажымұратұлы Әбду­лә­тіпов мырза да: “Біз Ресей халықтары ас­сам­блеясын Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның құжаттары мен мол тәжірибесі негізінде құрған бола­тын­быз. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясы бізден үш жыл бұрын құрылған еді. Біз одан көп нәрсе үйрендік, бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның деңгейіне жете алмай келеміз. Мен сіздерге қызығамын. Өйт­кені, сіздердің Ассамблеяларыңызды Пре­зиденттің өзі бас­қара­ды. Сондықтан сіз­дерде барлық жағынан мүм­кіндік жоғары”, де­генді айтып еді. Шы­нын­да да, сөзінің жаны бар. Тағы бір айта кететін жәйт, Ассамблея бас­шы­лары Қазақстанда тұратын әр этнос өкіл­дерімен тұрақты түрде жиі кездесулер өткізеді. Мысалы, тек өткен жылы ғана ҚХА Төраға­сы­ның орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласы мен осы облыстың Ұйғыр және Пан­филов аудандарындағы ұйғыр этно­сының өкіл­дерімен үш кездесу өткізді. Қазақ пен ұйғыр зиялылары қатысқан сон­дай бір басқосуда өткір мәселелер төңіре­гін­де әңгіме болды. Кейбір адамдарды мазала­ған мәселелерге тұщымды жауап берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған­нан кейін әрбір этностың өз мәдениет бір­лестіктері ашыла бастады. Біз бұрын ұйғыр­дың, қазақтың тарихын жетік білмейтін едік. Тек мәдени бірлестіктер құрылғаннан кейін ғана әр этнос өз мәдениетін, салт-дәстүрін, ана тілін мең­геруге бет бұрды. Этностардың өз жәдігер­лері­мен қауышуына Ассамблеяның қолдауы мен көмегі толыққанды мүмкіндік туғызды. Бұған, әлбетте, әу баста Елбасының жанынан кеңесші орган ретінде құрылған ҚХА-ның уақыт өте келе конституциялық орган дәрежесін алғаны септігін тигізді. Демек, Ассамблеяның негізгі бағыты – мәде­ни-ағартушылық – тілдер мен ұлттық мә­дениеттерді, салт-дәстүрлерді қайта жаң­ғырту және насихаттау; тәрбиелік – қазақ­стандық және ұлттық отансүйгіштікті қалып­тастыру; этносаралық қатынастарды қада­ға­лау негізінде ұлтаралық татулық пен келі­сім­ді нығайту; Қазақстанды мекен еткен этнос­тар өкілдері арасында достық қарым-қаты­нас­тардың дамуына негіз болатын мемле­кет­тік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау. Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігі ҚХА-мен және Алматы қалалық, Алматы облыстық ассамблеяларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Өткен аптада ұйғыр этномәдени бірлестігінің төр­ағасы Ахметжан Шардиновпен бірге Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов және оның орынбасары С.Мұқановпен кездесіп, мәдени орталықтың биылғы жылға арналған жос­парын талқыға салдық. Бұған дейін біз Алма­ты қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдума­нов­пен де жолығып, осы мәселелерді әңгіме еткен болатынбыз. Бір қуантарлығы, жаны жомарт, жүрегі кең осы азаматтар этномә­дени орталықтарға әрқашан қолдау көрсетіп, үнемі көмек қолдарын созып келеді. Ассамблеяның мұрындық болуымен Қазақстанның әр аймағынан тіл үйрететін 300-дей жексенбілік мектеп ашылды. Әр этнос өкілі қазақ тілін біліп қана қоймай, өз ана тілін де құрмет тұтқаны дұрыс. Біздің газетте “Ұйғыр балалары ұйғыр мектебіне ба­рыңыздар!” деген сарында материалдар көп жарияланып тұрады. Бұл тұрғыда ұйғыр, өзбек және тәжік этномәдени бірлестіктері Ассамблеяның алдына мынадай мәселе қойды. Атап айтқанда, ұйғыр мектептерінде қазақ тілін үйрету дәрежесін тура қазақ мек­теп­теріндегі қазақ тілін оқытатын деңгейге жеткізу керектігін ұсынды. Білім және ғылым министрлігі мұны құптап-қолдап, қазіргі таңда ұйғыр білім ұялары қазақ тілін бұрынғыдан гөрі тереңдетіп оқытып жатыр. Мұның астарында не бар? Біз ұйғыр ба­ла­лары­на: “Егер сен ұйғырша білетін болсаң, қазақ тілін де үйрену қиынға соқпайды”, де­ген­ді ұғындыруымыз керек. Себебі, екі тіл де бір-біріне өте жақын түркі тілдес тіл. Осы жерде “Орыс тілі керек емес” дегенге де қо­сыла қоймаймын. Орыс тілі – ресми тіл. Бір­ақ орыс тілінен бұрын қазақ – қазақ тілін, ұйғыр – ұйғыр тілін білуі тиіс. Бұл тө­ңіректе Ассамблея аянбай еңбек ету үстінде. Дегенмен, Қазақстан мемлекетінен басқа елдер үйреніп жатыр деп отыра беруге тағы болмайды. Біздің де үйренетініміз, жетпеген асуларымыз әлі алда. Мысалы, 2007 жылы Мәскеуде Ресей халықтары ассамблеясының қолдауымен “Лица столицы” атты 29 ұлтқа арналған кітап жарық көріпті. Оның ішінде қазақ ұлты туралы да жан-жақты мәлімет топтастырылған. Мәскеудегі Қазақ аймақтық ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Полат Жамалов қазақ ұлты, оның тілі мен әдет-ғұрпы жайында сұхбат беріпті. Сондай-ақ, құнды кітапта қазақтың ұлы ақыны Абай­ды, ауыз әдебиетінің қайнар бұлағы іспеттес екі ертегісін және қазақтың ұлттық тағамы­нан екі астың мәзірін беріпті. Қатты қызық­тым. Неге бізге осындай кітап шығармасқа? Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар туралы неге құнды дүниелер жарияламасқа? Тағы бір айта кетерлігі, бұл кітапта көпшілік біле бермейтін деректер бар екен. Атап айтсақ, 1989 жылғы мәлімет бойынша Мәскеуде 9 мыңдай қазақ бар делінсе, ұйғыр 160 екен. Жоғарыда аталған кітапта ұйғыр ұлты туралы да мәліметтер бар. Қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассам­блея­сының қолдауымен “Менің елім”, “Дос­тық-Дружба”, т.б. басылымдар жарық көру­де. Оларға республикалық ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің де үн қосып отырғанын ескерген жөн. Сондай-ақ, 1957 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан “Ұйғыр авази” газеті ҚХА-ның негізі қаланған күннен бастап оның тыныс-тіршілігін, атқарып келген жұмыстарын жүйелі түрде жариялап келеді. Айта кетсем, өткенде газетіміздің бір санын Ассамблеяның қол жеткізген табыс­тары мен қызметіне арнадық. Мұнда барлық этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігі қамтылды. Қазақ, өзбек, орыс, татар, ұйғыр, т.б. этностар ақындарының өлеңдерін туған тілінде жарияладық. Яғни, әрбір этномәдени бірлестік­тің жұмысын да үнемі бақылап, үлгі тұтарлық жерін насихаттап, ақпараттық қолдау көрсете­міз. Газетімізде былтырдан бері “Қазақ батыр­лары” деген айдармен қазақ­тың батырларын ұйғыр оқырмандарына таныстыруды бастадық. Нәтижесінде ұйғыр этносының өкілдері түтінін түтетіп отырған қазақ халқының өмірінен, тарихи шежіре­сінен хабардар болуда. Ерекше айтқым келетін жәйттің бірі, кейін­гі кезде Ассамблеяның сессиялары негі­зі­нен қазақ тілінде өткізіледі. Өзбек пен ұй­ғыр­ды айтпағанның өзінде, орыс, неміс, ук­раин этносының қазақ тілінде сөйлегенін көр­генде жүрегімді бір жылылық сезімі кернейді. Шыны керек, басқа жиналыс пен отырыстарда таза қазақ тілінде сөйлей­тін­дерді көргенім жоқ. Осының өзі Ассам­блея­ны сынап-мінеп жүргендерге берілген жауап сияқты. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында ішкі саяси сала мен ұлттық қауіп­сіз­діктің 2020 жыл­ға дейінгі негізгі мақ­сат­тары – қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау мен ел қауіпсіздігін ны­­ғайтуға ерекше мән берді. Елбасы сондай-ақ, “Кез келген партия бол­сын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақ­стандықтардың мүд­десі үшін жұмыс істейді емес пе? Сондықтан мен барлық сая­си партиялар мен қоғамдық бір­лестіктерге елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиім­ді жол­дарын іздестіруге септесетін өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін әзірлеуді ұсынамын”, – деді. Бүгінде Ассамблеяның мүшелері Елба­сы­ның Жолдауын халыққа түсіндіру үшін алыс-шал­ғайдағы аудан, ауылдарды аралап жүр. Мысалы, республикалық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Ахметжан Шардинов Ақмола облысына бір топ қайраткермен бірге барып, арнайы отырыстар мен басқо­суларға қатысты. Еуразия кеңістігінің нақ ортасынан орын алған елімізде әртүрлі партиялар, этностар өкілдері діни ұйымдар, үкіметтік емес ұйым­дар өз қызметтерін жүргізіп жатыр. Алайда, олардың барлығы өздерін жеке-жеке ұйым не­месе одақ түрінде сезінбей, “Біз – Қазақ­стан азаматымыз!” деген асқақ рухта болуы тиіс. Қазақтың кең пейілі, тарихи төзімі мен ұлтаралық татулық негізінде Тәуелсіз Қазақ­станда саяси тұрақтылық берік орнықты. Біздің бұл өнегемізді әлемнің аса беделді сарапшылары мен халықаралық ұйымдары бірауыздан әлем халықтарына үлгі боларлық басты жетістігіміз деп мойындады. Мемлекет басшысының сарабдал да салиқалы саясаты арқасында дүние жүзінде ешкімге ұқсамай­тын, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшелік­тері­нен туындайтын уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қа­лыптастырдық. Бұл барша қазақстан­дық­тар­дың абырой-беделін бұрын-соңды жетпеген биікке көтеріп, осы мемлекетке негіз болған ұлтымыздың дарқан мінезі мен парасатын күллі әлемге паш етті. Қазақ халқы өзінің ерек­ше қасиетінің арқасында елімізді ме­кен­деген этностардың басын қосып, мемлекет құраушы ұлт, тәуелсіз ел бола алатынын көрсетті. Юлдаш АЗАМАТОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, республикалық қоғамдық-саяси “Уйғур авази” газетінің  бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.