Аймақтар • 15 Маусым, 2017

Жезқазған маңында зымыран қирандысы құлаған жерде бір адам қаза тапты

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлар бойынша комитеті тасымалдағыш-зымыран бөлшектерінің құлағандығы жайлы толық ақпарат берді.

Жезқазған маңында зымыран қирандысы құлаған жерде бір адам қаза тапты

Белгілі болғандай, құлаған зымыран бөлшектері дала өртінің басталуына себеп болған.

«14 маусым күні сағат 18.04 те Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру және апатты құтқару қызметі №2 отрядының Орталық өрт байланысы бекетіне Жезқазған қаласының төтенше жағдайлар бойынша Басқармасынан, Талап селосынан оңтүстік-батыс бағытқа қарай 20 шақырым жерде, «Байқоңыр» ғарыш айлағының «Прогресс МС-06» жүк көлік кемесінің «Союз-2.1а» тасымалдағыш-зымыраны бөлшектерінің құлауы салдарынан, құрғақ шөптің өртену жағдайы орын алған. Өрт болып жатқан жерде РФ «Машиностроение» ҒӨБ»  ӘӨК АҚ №1 Базасының 5 техникасы жұмыс істеп жатыр, тағы 3 техника қосымша шақырылды, көмек керек емес» - деп хабарлайды ҚР ТЖМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Сонымен қатар, 14 маусым күні сағат 19.25 те облыстың ТЖД өрт сөндіру және апатты құтқару қызметі №2 отрядының Орталық өрт байланысы бекетіне Талап селосының тұрғынынан Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерде, Жезқазған-Қызылорда жолының аумағында дала өртеніп жатыр деген хабар келіп түскен. Ол жаққа Өрт сөндіру қызметінің кезекші ауысымы күштері мен құралдарын жіберу туралы шешім қабылданды.

Аталмыш орынға жедел жеткен өрт сөндірушілердің хабарлауынша, Талап селосынан 16 шақырым жерде, Жезқазған – Қызылорда жолының оңтүстік бағытында 15 шақырым аумақтағы ен дала өртеніп жатыр, жол бойын қалың түтін жайлаған, аумағы әлі белгісіз. Одан әрі өрт сөндіру бойынша күштер мен құралдарды жоспарлы күшейту жұмыстары жүргізілді.

Р.Иманқұловтың хабарлауынша, өрт нәтижесінде күйік шалу салдарынан 53 жастағы ер адам қайтыс болған. 1968 жылы туған тағы бір азаматты ауруханаға жеткізген. Қазір тасымалдағыш-зымырандардың бөлшектерін жинау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өрт сөндіруге тағы 61 адам мен 22 техника тартылған, оның ішінде Қарағанды облысының ТЖД өрт сөндіру және апатты құтқару қызметі, ҚР ТЖМ ТЖК «Өрт сөндіруші» АҚ, жергілікті атқарушы органдар, РФ «Машиностроение» ҒӨБ»  ӘӨК АҚ №1 Базасының күштері мен құралдары жұмылдырылған.

Сағат 1.20 да өрт ауыздықталды. 3.31 де өрт толық сөндірілді.

«Белгілі әлеуметтік желілердегі зымыранның құлаған бөлігінде гептил тектес зиянды заттардың бар екендігі жайлы хабарламалардың жалған ақпарат екендігін хабарлаймыз» - деп атап өтті Р.Иманқұлов.

Мирас Асан,

«Егемен Қазақстан»

Жезқазған

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024