Қазақстан • 15 Маусым, 2017

Айқын мақсат алға жетелейді

128 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қай спортшы болсын өз деңгейіне қарай алдына белгілі бір мақсат қоятыны мәлім. Әлем, Азия біріншілігінде, Олимпия ойындарында жүлделі орыннан көрінгісі келетін спортшы көп. Бүгінде олардың бірқатары жоғары оқу орындарында білім алумен қатар, спортпен тыңғылықты айналысуға уақыт та­уып, үлкен жеңістерге жетуде.

Мысалы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті спорт және туризм факультетінің 1-курс студенті Данияр Мелдебек еркін күрестен Үндістанда өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болса, Атырауда өткен Қазақстан жастар ойындарында 84 кило салмақ дәрежесінде жүлделі 2-ші орыннан көрінді. Енді биыл әлем біріншілігіне қатысуды жоспарлап отыр. Жақында ғана спорт шебері атағына қол жеткізген ол еркін күрес секциясына жеті жасынан бастап қатысыпты. 
Ал  таэквондошы Нұрқанат Қожахмет 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасында топ жаруды мақсат етеді. Әрине, топ жарғаннан бұрын Олимпиадаға жолдама алу да оңай шаруа емес. Ол үшін іріктеу жекпе-жектерінде үздіктер қатарынан көрініп, әлемдік рейтингте өз салмақ дәрежесінде алғашқы сегіздікте болуы керек. Мұндай талаптарды жақсы білетін Қожахмет жаттығуларын еселей түсуде. Қазіргі көрсеткіштері де мақтан етерліктей. Спорт шебері. Қара белбеуден 1-ші дан иегері. Қазақстан чемпионатында және түрлі деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет жеңіске жеткен. Халықаралық аренада 2015 жылы жасөспірімдер арасында Қытай елінің Тайбэй қаласында өткен Азия біріншілігінде 68 кило салмақта қола жүлдеге ие болды. Ал 2016 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен G-1 дәрежесіндегі III Fujairah open жарысында жастар арасында қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлдеге ие болды. Биыл 74 кило салмақ дәрежесіне ауысқан спортшы – М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 2-курс студенті. Қазіргі таңда ол жазғы Универсиада мен Қазақстан кубогына және күзде өтетін Қазақстан біріншілігіне дайындалуда. Қожахметті спортқа 10 жасында әкесі алып келген. Інісі Алмат Қожахмет те таэквондодан біраз биіктерді бағындырып үлгерген.
«Шымкентте спортқа жақсы көңіл бөлінуде. Мұны Қазақстанда түрлі қалаларға жарыстарға барғанда байқадым. Біздің спорт кешендерінің жай-күйі, сондағы жағымды атмосфера Астана, Алматы қалаларынан соншалықты төмен емес. Алдыңғы үштікте десе де болады. Сондай-ақ, біздің университетте спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Ректорымыз Жұмахан Мырхалықов ағайымызға айтар алғысымыз зор! Біздің елімізде әлі ешкім Олимпиадада таэквондодан алтын алмады. 2008 жылы таэквондошы Арман Шілманов қола алған еді. Одан кейін ешқандай жетістікке жете алмадық. Осы олқылықтың орнын толтырып, Олимпиада жолдамасына ие болу үшін барымды саламын», дейді Нұрқанат Қожахмет. 

Ғалымжан Елшібай, 
«Егемен Қазақстан» 

Шымкент
 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024