01 Қазан, 2016

Ғалым ғұмырын ұрпаққа өнеге еткен

690 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
mektep-1Уақыттың жылдамдығына ұшқан құс та, жүгірген аң да, тұяқты тұлпар да ілесе алмасына күн сайын куә болып келеміз. Таңмен таласа басталатын тіршілікте тағылымды тарту жасай алсаң, уақытыңның зая кетпегені шығар. Тәлім мен тәрбиені ұштастырып, ізіне ізгіліктің шуағын шашып, жылжыған сағат пен сырғыған секундтың әр сәтін игілікке пайдаланып жүрген мәртебелі мамандық иелеріне мұғалімдер қауымын жатқызар едім. Ерте тұрып еңбекке кірісіп, мектепті мекен етіп,  күннің көзін көруге де мұршасы келмей жататын мұғалімдердің қызметі қиын, жауапкершілігі жоғары, саласы салмақты екені бесенеден бел­гілі. Осындай жауапты да сауапты саланың тізгінін ұстап, Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектепке басшылық етіп отырған жанашыр жан­дардың бірі – Ербол Ісләмұлы Іргебаев. Қаншама бұлақтың көзін ашып, көкірегін оятып, көңіл көкжиегін кеңей­тіп, санасына сапалы білім сәулесін түсіруді мақсат тұтқан маманның өмір жолында өзіндік өрнектері бар. Әсіресе, әдебиетті оқытып, тарихты танытуда табанды қызмет жасап келе жатқан Ерболдың еңбегін ескермей өтуге болмас. Ұстаздары ұлтжандылыққа тәрбиелеп, үлгілі шәкірттері үмітін ақтап, озат оқушы­лары беделін биіктетіп тұрған аталмыш мектептің ажарын айшықтап, келбетін келістіріп тұрған тағы бір дүние  – 2005 жылдың 11 мамыр күні ашылған Әлкей Марғұланның мемориалдық мұражайы. Оның ашылу салтанатына Рымғали Нұрғали мен Мырзатай Жолдасбеков сынды ел ағалары қатысып, ыстық ықыластарын білдірген. Кезінде қабырғалы қаламгер Мұхтар Әуезов: «Әлкей – академик емес, академияның өзі», деген тәлімді тәмсіл қалдырған болатын. Бұл сөздің жайдан-жай айтылмағанын аңғарған мектеп басшысы Ербол Ісләмұлы ғалымның мұражайына оның тұтынған заттары мен құнды мұраларын жинақтай бастаған. «Мен директор болып келген уақытта бұл мұражайда Әлкей Хақанұлының 4 заты болатын. Олар Әбділдә Тәжібаев 70 жасына сыйлаған кесесі, тәрелке, тақия және қалам», дейді Ербол Ісләмұлы. Академиктің атын алған оқу ошағының осылай жасағаны заңды да шығар. Ғұлама ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жас ұрпақтың бойы­на ұлттық құндылықтарды дарыту мақсатында ашылған мұражай негізгі төрт бағыт бо­йынша жұмыс жасайды. Олар «Әлкей Марғұлан және филология», «Әлкей Марғұлан және этнография», «Әлкей Марғұлан және шоқантану», «Әлкей Марғұлан және археология». Мектеп оқушылары жыл сайын «Академик Әлкей Марғұлан ізімен» деп аталатын туристік-өлкетану экспедициясына қатысып жүргенін де айта кетсек дейміз. Экспедиция аясында олар Солтүстік Қазақстан облы­сының Айыртау ауданындағы Шоқан Уәлиxановтың әжесі Айға­ным қонысында және Сырымбет ауылындағы ғалым мұражайында болып, шоқтығы биік Шоқанның өмірімен кеңінен танысып, сырға толы тарих қойнауына саяхат жасап, үлкен әсер алып қайтқан. Туристік-өлкетану экспедициясы өткен жылы Жезқазған-Ұлытау бағытына сапар шегіп, Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы геология, тарихи-өлкетану мұражайына бас сұққан. Ғибратты сапар барысында мектеп шә­кірттері ондағы тау жыныстары мен әртүрлі минералды тастарға арналған көрме залын тамашалап, жер қойнауынан шыққан небір табиғи «самородоктарды» көріп, Қаныш мұраларына қанығып қайтқан. Бұл жобаның жүзеге асып келе жатқанына он жылдай уақыт болған екен. Осы аралықта оқушылар Алматы, Жамбыл, Түркістан, Омбы, Көкшетау, Семей, Ұлытау сияқты қазақтың қазыналы жерлеріне барып үлгерген. Біз білсек, мұғалімнің мұраты баға қойып, журнал толтырумен шектелмесе керек. Ұлттың ұрпағына алаңдайтын әрбір ұстаздың ұстанымында шәкірт­терге рухани тәлім беру деген тұжырым болады. Бұл жағынан келгенде Әлкей Марғұлан атындағы мектептің әлсіздік танытпай, керісінше болашаққа деген болжамын, ел ертеңіне елеңдеп жүретін ұжымы барын байқадық. «Біздің мектеп Әлкей сияқты ғалым­ның атын алып отырғасын шәкірттеріміз де білімді, жан-жақты болғанын қалаймыз. Жоғарыда атап өткен экспедиция да осы ой негізінде жүзеге асты. Неге десеңіз, оқушыға кітаптан берген білім бөлек, сол оқығанын көзбен көрсету, тіптен басқаша әсер қалдыруы мүмкін. Балаларға бірінші кезекте ұлттық тәрбие беруді көздейміз. Себебі, қазір біздің елімізде мықты заңгерлер бар. Бірақ ана тіліне келгенде шорқақ. Неге? Өйткені оның ұлттық негізі әлсіз, рухани біліммен сусындамаған. Сол жағына мән беруге тырысып жатырмыз. Ұстаздар ұжымы да білік­ті мамандар. Әрқайсысы өз ісін жетік біледі», дейді Ербол Іргебаев. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». Мен бұл сөзді №40 мектеп мұғалімдеріне қаратып айтып отырған жоқпын. Өйткені, біз әңгіме етіп отырған кейіпкер Ербол Ісләмұлы белгілі абайтанушы, шәкәрімтанушы Қайым Мұхамедхановтың шәкірті болып дәрісін тыңдаған. Осындай тұғырлы тұлғаның алдын көрген адамның әлсіз болуы әсте болмас. «Мен 1979-1983 жылдар ара­лығында Семей педагогикалық институтында оқыдым. Сол жылдары бізге сабақ берген үлкен ғалымдардың бірі Қайым Мұхамедханов болды. Ол кісі Абай, Мұхтар, Шәкәрім және әдебиет тарихынан дәріс оқығанда үнсіз тыңдаушы едік. 2003 жылы Астанаға келгенімде Тұрсын Жұртбай ағамен таныстым. Сол кезде ол кісі маған «Отырар» кітапханасында Қайым Мұхамедхановтың мұралары жатыр. Тісің батса, соны келіп көр», деп кеңес айтты. Мен де қарсылық білдірмей, ұстазымның мұрасын саралап, зерттеулері бойынша бөліп, жіктеп жазып алып бардым. Содан Тұрсын ағамыз 10 том деп «Мәдени мұра» бағдарламасына кіргізіп, жарыққа шықты. Ұстазымның еңбектерін құрастыруға ат салысқаным үшін өзімді әлі күнге бақытты сезінемін», дейді Ербол. «Ұстаздық еткен жалықпас, үй­рету­ден балаға» деп келетін хакім Абайдың осы сөзі қаншама ұрпақтың санасында сақтаулы. Жұрт баласын жатсынбай, бауырына басып баулыған жандардың ұлт ұрпағы үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Тек соны бағалай білсек болғаны. Айта кететін тағы бір жайт, Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектеп 2015 жылы «Ең үздік мектеп» атағын жеңіп алып, әкімнің арнайы грантын иеленген. Енді мектеп ұжымына осы биігінен түспесін деп тілейміз. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024