01 Қазан, 2016

Еңбегіне – лайықты құрмет

520 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2618_okoМұғалім – ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақты тәрбиелейтін ең мәртебелі мамандық

Алматыдан – Мира БАЙБЕК

Алматы қаласындағы Сұлтанахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде ұстаз еңбегін ұлықтау мақсатында «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты тақырыпта көркемөнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. Концерт барысында лицейдің ардагер ұстаздары Тұрсынгүл Тасболатова, Күләш Сержанова, Заря Ысқақованың ерен еңбектерін елеу мақсатында сый-құрметтер көрсетілді. Кәсіби еңбек жолында жоғары нәтижеге жеткен, шәкірттерді патриоттық тәрбиеге баулуда өнеге бола білген лицей ұстаздары Күләйхан Сарымбетова, Гүлбақыт Санжиева, Толқын Байғалиева, Құдайберген Құлшығашов «Нұр Отан» партиясының мақтау қағаздарымен марапатталды. Білім басқармасының марапаттауына Сәкен Жүнісбек, Гүлжан Сейітова, Құдайберген Латыпов сынды ұстаздар лайық деп танылды. Cол күні қаладағы №147 гимназия да мұғалімдер күнін зор қуанышпен атап өтті. Мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен «Менің сүйікті ұстазым» атты сурет көрмесі мен «Ұстазға  мың алғыс!» атты мерекелік жиында аудандық білім басқармасының атынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Маржан Раханова мен Райхан Әметоваға Алғыс хат табыс етілді. Гимназия директоры Роза Мәкежанова педагогикалық ұжымдасы Гауһар Сүндетбаева, Ақмарал Мұхаметкәрімова, Зәру Изембетова, Толқын Қанафина сияқты үздіктерге мақтау қағаздарын тапсырды. Мерекелік кеш мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің шырқап салған әнімен жалғасты.  АЛМАТЫ

Семейден – Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

«Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сондықтан білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала», деп Елбасымыз айтқандай, егемен елдің болашағы үшін тәуелсіздігімізді тұғырландыратын өскелең ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздардың кәсіби мерекесі Семей қаласы бойынша аталып өтті. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Мейір Ескендіров қаладағы ұстаздар қауымын шын жүректен құттықтағаннан кейін, кезінде Семей мемлекеттік педагогикалық институтында оқыған және ұзақ жылдар жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосқан мұғалімдерге «Жыл мұғалімі» марапатын табыс етті. Мұндай марапатқа №37 мектеп-гимназия директоры Жұмағазы Стамбеков те ие болып, әріптестерін әспеттеген бұл күнге ерекше риза екендігін айтты. Мерекеге орай Астанадан арнайы келген академик-ғалым Ғарифолла Есім, бүгінде ғылым-білім саласына деген талаптар өзгергенмен, ұстаздың мәртебесі ешқашан жоғалмақ емес деген ойын ортаға салды. – Мен өзім 80 жылдық тарихы бар осы оқу орнының түлегімін. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде оқытушылардың еңбегі зор. Сондықтан да мұғалім әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді, сондай ұстаздардың бірі Амантай Исаұлы, – дей келе Ғарифолла Есім залда отырған университеттің профессоры, тарихшы-ғалым Амантай Исиннің кеудесіне «Шәкәрім» медалін тақты.  СЕМЕЙ

Шымкенттен – Бақтияр ТАЙЖАН

Мұғалімдердің төл мерекесі Шымкенттегі «Тату» салтанат сарайында лайықты аталып өтті. Жиында оларды облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов арнайы құттықтап, қилы да қызық еңбектеріне табыс тіледі. Кәсіби мерекеде көптеген ұстаздар сандаған жылдардағы еңбектерінің жемісін көріп, мемлекеттік наградаларға ие болды. Олар білім қызметкерлері үшін ең үлкен марапат Ыбырай Алтынсарин атындағы арнайы төсбелгіге лайық деп танылды. Солардың бірі – Созақ ауданындағы гимназия мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Берік Тұрғынбеков «Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», деп айтқан. Жас бала қалай исең солай майысатын жас шыбық сияқты. Көп жылғы еңбегімізде марапат үшін емес, еліміздің келешегі дұрыс болуы үшін еңбек еттік. Сол еңбегіміздің бағаланғанына ризамыз», деді. Оңтүстік ұстаздары төл мерекесі қарсаңында үлкен табысқа жеткенін сөз ыңғайында айта кетейік. Астанада өткен республикалық «2016 жылдың үздік педагогы» байқауында Төле би ауданындағы №1 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрила Байтасова конкурс жеңімпазы болды. Сонымен қатар, республика мектептері арасындағы байқауда Шымкенттегі Ы.Алтынсарин атындағы №66 мектеп-гимназиясы бірінші орынды жеңіп алды.

Тараздан –  Оралхан ДӘУІТ

Әрбір адам өзінің балалық шағын еске алғанда, оқыған мектебі, алғашқы мұғалімі туралы айтады. Мұғалімнің әрбір жылы сөзі, қамқор көңілі, сонымен бірге талапшыл мінезі шәкірттерінің есінде мәңгі қалады. Яғни, әрбір тәрбиелі шәкірт аяулы ұстаздарын құрмет тұтады. Жағымды бейнесін өзіне үлгі етеді. Осындай ел болашағына өлшеусіз қызмет ететін жандардың еңбегі әрқашан құрметтеуге лайық! Жамбыл облысының ұстаздары Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жоғары жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Биылғы жылы республикалық, халықаралық байқауларда 176 жамбылдық мұғалімнің жеңімпаз болып танылуы, дарынды оқушылардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 68 медальды, республикалық пән олимпиадасының қорытындысы бойынша бесінші жыл қатарынан бірінші командалық орынды иеленуі – облыс мектептеріндегі тынымсыз еңбектің нәтижесі екені анық. Бұл күні облыстың білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі жеке үлесі және жас жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар білім қызметкерлері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ы.Алтынсарин  атындағы төсбелгімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпаздары да облыс әкімінің Алғыс хатына және бағалы сыйлықтарға ие болып, үлкен қуанышқа бөленді. Жамбыл облысы
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024