19 Қазан, 2010

Әлемді биік рух сақтайды

611 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Кешелі бері Астанаға жиналған жетпістен астам мемлекеттің рухани өкілдері мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуын кеңейту мақсатында келелі кеңес құруда. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысушыларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. Кеше Астанада әлемдік ауқымда тұң­ғыш рет Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы (БРМФ) өз жұмысын бастады. Оны ұйымдастыруды “Әлем мәдениет арқылы” халықаралық қауымдастығы, “Рухани келісім конгресі” халықаралық қоры, Қазақстанның, Ресей мен Еуропа елдерінің бірқатар ғылыми және қоғам­дық ұйымдары ұйымдастырып отыр. Форумға дүние жүзінің 71 мемлекетінен әлемге аты әйгілі ғалымдар мен саясат және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен рухани ілім ұстаздары қатысуда. Форумда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Бүкіләлемдік рухани мәде­ниет форумына қатысушыларға құттық­тауын оқып берді. Онда былай делінген: Құрметті достар! Меймандос Қазақ­стан елордасы – Астанадағы Бүкіл­әлем­дік рухани мәдениет форумына жи­нал­ған қатысушылар мен қонақтардың бар­лығын шын жүректен құттықтаймын. Кез келген халықтың рухани мәде­ние­ті­­нің негізін бейбітшілікке, келісім мен әділеттілікке ұмтылыс құрайды. Көп ұлт­ты Қазақстан мәдениетіне тән ру­хани бастауларды нығайту – бұл мем­ле­кеттік саясаттың маңызды құрам­да­сы. Қазақ­станда жыл сайын Рухани ке­лі­сім күні атап өтіледі. Біздің елордамыз – Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының съездері өтетін орын­ға айналып отыр. Сенім, толерантты­лық, мәдени дәстүрлерді өзара байыту, ашықтық пен үн­қатысу тақырыптары алда болатын ЕҚЫҰ Астана Сам­миті­нің күн тәртібіне енгізілген. Түрлі этностық және діни сенім-на­ным­­дағы адамдарды біріктіруге қабі­лет­ті рухани құндылықтарды беркіту бү­гінде әр елдердегі діни лидерлер, ғалымдар, мәде­ниет және өнер қайраткерлері тарапынан тұрақты күш-жігер жұмсауды талап етеді. Бүкіләлемдік рухани мәдениет фо­румын өткізу руханилықты нығайтып, қа­зіргі әлемдегі мәдениеттер мен өркениет­тер үнқатысуын кеңейтуге жасалатын маңызды қадам болатынына сенімдімін. Форумға қатысушыларға жемісті жұ­мыс, бейбітшілік пен келісім сияқты игілікті мақсаттарын ілгері жылжытуда табыс тілеймін. Сонымен, елордаға әлемнің рухани элитасы, сүт бетіне қалқып шығар қаймағы жиылды. БҰҰ-ның үстіміздегі жылды Мәде­ниет­тердің үнқатысу жылы деп жа­рия­лауына үндескен алқалы жи­ын­ның Астанада өткізілуі Ван­кувер мен Владивосток арасына көсілген ұлан-ғайыр аймақта орна­ласқан 56 мемлекеттің бас құрар ұйымы – ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен айшық­ты жылда ұйымдас­ты­рылып, еліміз имиджінің әлем­дік ауқымда тағы бір қырынан көрінуіне үлесін қосатыны аян. Иә, әлем адамзат өркениетінің рухани-адамгершілік дағдары­сымен бетпе-бет келгені шындық. Дүние жүзін шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарыстың орын алуына да осы себеп болды деген ойды саясаткерлер түгілі эконо­мис­тердің өзі де айтып қалады. Ендеше, осындай уақытта оған көз жұма қарап немесе өз ағысымен жүре берсін деп бейтарап отыруға бола ма?! Материалдық құнды­лық­тың соңына ашкөздене ере түсу қоғамды алға апара ма? Кім ана дүниеге байлығын ала кетіпті. Сондықтан, адамзат баласы үшін рухани жадаулықтан арылу, адам­гершілік, парыз бен қарызды өтеу­ге ұмтылу маңызды. Әлем бүгінгі күні адамзат ал­ды­­нан шыққан мәселелерді тал­қылауды кейінге қалдырып, “Ұзын арқан, кең тұсауға” салғаннан ештеңе ұтпайды. Енжарлықтан сіл­кініп, айналаңдағы болып жат­қан келеңсіздіктерге үн қата білу үшін де биік рух қажет. Ал ол сіл­кініс пен серпілісті тек зор рухани биікке ұмтылған, ізгілік пен адам­гершілікті басты құндылық деп ұғынған тұлғалар береді. Астана форумына осындай рухани құнды­лықтарды қадірлеп, қастерлей білетін, оны уағыздап жүретін бел­гілі қоғам, ғылым, мәдениет қай­рат­керлері жиналды. “Форумның мақсатының бірі – ол Қазақстан елордасының дүние­жүзілік рухани астана бо­луы­на қатысты. Бұл идеяны осыдан екі жыл бұрын Бүкіләлемдік ру­ха­ни мәдениет форумын ұйым­дас­тыру комитетінің тең төрағасы, Ресей Мемдумасының депутаты, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзон айтқан болатын. Міне, 2008 жыл­дан кейін осы тақырыпты қайта қозғап отыр­мыз”, – деген еді атал­ған форумға байланысты өт­кен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Се­натының депутаты Төлеген Мұха­мед­жанов. – Фо­румның өткізілуі Астананың әлемде алып отырған айрықша орнын дәлелдейді. Бұл алқалы жиынның елордада өтуі бекерден бекер емес. Еліміз дос­тас­тықтың, төзімділіктің үлгісін көр­сетіп отыр. Сондықтан осы форум­ды өткізуде Астана ор­талыққа айналды”. Осы мәслихатта Т.Мұ­хамеджанов осылай десе, Ио­сиф Кобзон Астананың Бүкіләлем­дік рухани мәдениет форумының астанасы атануы бастамасын көтеру керектігін жеткізген еді. Кеше таңертеңгілік “Тәуелсіздік сарайының” іші сан тілде сөй­ле­сетін адамдардан көз сүріндірді. 71 елден жи­налған ғалымдар мен өнер майталмандары, әр елдің рухани көсемдері адамзат өркениетіндегі талқыға салып, ақылдасар сан түрлі мәселелер төңірегінде ой бөлісуге жиналды. Форумды ашқан, БРМФ Ұйым­дастыру комитеті төрағаларының бірі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов бұл форумның өткізілуі тарихи заңдылық, өйткені, түріне, тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан, адам­зат баласын рухани дамудың қай бағытта өрбитіні, құндылықтардың бағалануы ойландырмай қоюы мүм­кін емес, деп сөз бастады. Ке­зінде біздің жеріміз арқылы Ұлы Жібек жолы өтіп, ол өркениеттерді сабақтастырған болатын. Енді арада әлденеше ғасыр өткенде тағы да осы жерде дүние жүзіндегі мем­лекеттер өкілдерінің басын қосқан алқалы жиын өтіп отыр. Форумды аша отырып, болашақтың қандай болатыны біздің әрқайсымызға байланысты екенін және мүдде­лері­міз бен құндылықтарымыздың қаншалықты ортақтығына байла­ныс­ты екендігін айтқым келеді. Адам­гершілікке бастайтын қадам­дар жа­сау, адамзат баласын бір­лік­ке, тату­лыққа, түсіністікке жет­кі­зу­дің амал-жолдарын іздестіру аса маңызды. Бұл – өмір үшін, бола­шақ үшін қажет”. Осылай деген ол алғашқы сөзді Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Бүгінгі жиынның біздің елорда­мызда өтуі кездейсоқтық емес. Астана – өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға мол үлес қосқан және халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие бол­ған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ұдайы өтетін үнқатысу орталығы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың сарабдал саясаты арқа­сын­да мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысында тұрған Қазақстан алуан түрлі ұлттар мен діндердің жарасым тапқан ортақ мекені болды. Бұл жетістіктерімізді біз қадір­леп, мақтан тұтамыз. Әрі әлем жұртшылығына түрлі халықаралық бастамаларымыз арқылы үлгі етуге ұмтыламыз. Бұл бар болғаны 20 жыл ішінде қол жеткізген ірі же­ңістеріміздің ең бастысы, құндысы. Бір жарым айдан кейін Аста­на­да біздің ел басшылық етіп отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымы мемлекет бас­шы­ларының саммиті өтеді. 2011 жылы Қазақстан Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымында төрағалықтың тізгінін қолына алады. Осы екі бе­дел­ді ұйымдардағы Қазақстан қыз­метінің басым бағыты – Шығыс пен Батыс арасындағы, Еуро­атлан­тика және Еуразия кеңістігіндегі то­леранттылық пен мәдениетара­лық, өркениетаралық үнқатысуды ілгерілету болып табылады. 2010 жыл Елбасының бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйы­мының арнайы қарарымен Мәде­ниеттердің үнқатысуы жылы деп жарияланды. Осы орайда бұл қа­рар­дың жүзеге асуында сіздердің де зор үлестеріңіз бар екенін ықы­ласпен атап өткім келеді. Қазақ­стан­да тату көршілікте өмір сүру және түрлі мәдениетті дамыту жө­нінде тәжірибе бар. Сондықтан да осындай ел ретінде біздің жерімізде бүгінгі форумның өтуі өте орынды. Әрі Қазақстан осы форумды өткізуге әбден құқылы, деген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы реттегі Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы атқарып отырған рөлді де атап өтіп, форумға жиналған­дар­ға арналған Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың Жолдауын оқып берді. Мұнан соң мінберге Иордания Парламенті Төменгі палатасының бұ­рынғы спикері Абделлатиф Ара­биат көтерілді. Бұл форум Қазақ­стан­ның мәдени және діни мәсе­лелерді дамытуда зор табысқа жет­кенін көрсетеді. Біз қаласақ та, қа­ламасақ та жаһандану үдерісі үздік­сіз жүріп жатыр. Міне, осы жағ­дайда, әр ортада түрлі қөзқарастар, ойлар орын алатыны шындық. Ал бүгінгідей басқосу ортақ көзқа­растар тұжырымдауға көмектеседі деп білемін. 2001 жылдың 11 қырқүйегінде және онан соң болған террорлық актілер тәрізді қателіктер қай­та­ланбас үшін біз осындай қадамдар жасауға тиіспіз. Жер бетіндегі адамдардың 65 пайызы жасы 30-ға толмағандар екен. Осы жастардың оқығысы, білім алғысы келеді, тәжірибе жи­нағысы келеді. Біз жастарды оқы­тып, біліммен қатар, рухани құн­дылық дегеніміз не, рухани үрдіс дегеніміз не екенін үйретуге тиіспіз. Терроризмнің жастардың ақыл ойына кері әсерін тигізбеуі жолында еңбектенуіміз керек. Және әлемде дін туралы қате ақпа­рат таратушылармен де күрес жүр­гізуіміз қажет. Қандай шараны бол­сын қарастырғанда күш қолданбай, өзіңнің мүддеңді ескерумен қатар, өзгенің де мүддесі бар екенін есте ұс­тағанымыз абзал, деп ойын тұ­жырымдады иорданиялық мейман. Форум жұмысына сәттілік тілеген Мәскеу және Бүкілресей Патриархы Кириллдің хатын Аста­на митрополиті Александр оқып берді. Кирилл құттықтауында қазір­гі күні сенім мен моральді мате­риалдық құндылық басып кетіп жатқан кей жағдайда адам бойын­дағы асыл қасиеттерін, Жаратушы жарылқаған сүйіспеншілік, қайы­рымдылық, адами тазалыққа ұмты­лу, өзіңнің маңайыңдағыларды жақ­сы көру, құрметтеу тәрізді игі­ліктерді сөз ететін келелі басқосуға жиналу аса маңызды деп білемін десе, Рим Папасы Бенедикт XVІ-нің құттықтауында Қазақстан мем­лекеті өзінің жастығына қа­рамастан, адамзаттық шынайы құндылықтарды білгісі келеді, оны қадірлейді. Форум адамзат рухы­ның құндылықтарын жария ете отырып әлемді бірлікке шақырады. Ендеше, сіздерге Жаратушының рахымы молынан түссін, делініпті. Польша Республикасының Мәдениет министрлігі атынан сөз алған Митислав Япановский фо­румда рухани құндылықтарға бас ию мәселесін көтеріп отырған­дарыңызға бас игім келеді. Адамзат мәдениетін, өркениетін дамытуда бұл баға жетпес құндылық екені сөзсіз. Және бұл тек бүгінгі күн ғана емес, болашақ үшін аса қажет. Өйткені, адамзаттың өркениетті жолда дамуы ғаламдық маңызы бар шаруа. Адамдардың мәдени және діни әртүрлілігінің астарында үлкен әлеует бар екенін, оның көп тарап­ты дамуға серпін берер күш екенін ұмытпауымыз керек. Мәдени үн­қатысу әріптестік және өзара құрмет жағдайында талқыланатын нәзік мәселе, деген Польша Мәде­ниет министрінің құттықтау хатын оқыса, форумға бұдан да өзге әлем­ге белгілі көптеген адамдардан құт­тықтаулар келіпті. Модератор олар­дың біршамасын айтып өтті, арасында Михаил Горбачевтің есімі де аталып қалды. Осыдан соң негізгі баяндама жасау үшін сөз Бүкіләлемдік ру­хани мәдениет форумын ұйым­дастыру комитетінің тең төрағасы, Ресей Мемлекеттік Думасының де­путаты, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзонға берілді. Баяндамасына ол мына мәселелерге адамзат та­рихының жаңа парақтары ашылып жатқандығына, Бүкіләлемдік форум бейбітшілікті қамтамасыз етуге негіз қалайтындығына, әлем ха­лық­тарының ұлтына, дініне қарай бөлуге қарсы тұруға, жікшілдікке бөліну қатерге соқтыратындығына тоқталды. Иосиф Кобзонның атап өтке­нін­дей, ескі әлемнің “темір пер­десі” ысырылып, тарих қойнауына сүңгіп барады. Оның орнын жаңа әлем ауыстырып жатыр. Әлем шы­нында да мәресіне жетіп, адамзат тарихының жаңа парақтары ашы­луда. Өмір бір орнында тұрмайды, адамзат қоғамы бір үлгіден екін­шісіне өтуде. Ақпараттық ортада, биологиялық үдерістерде жаңару мен жаңғыру қалыптасып жатыр. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы, бұл адамзат өркениетінің негізгі құндылықтарын қайта орал­туға, соларды жаңғыртуға қызмет етеді. Мемлекеттік Дума депутатының атап өткеніндей, әлем өркениетті атануы үшін адамдар мәдени-рухани жағынан жан-жақты жетілуі тиіс. Адамның рухани тұрғыдағы сапалылығы оның алдағы өмірінің тіршілігін айқындап береді. Сон­дықтан да осынау келісті сарайда өтіп жатқан форумның мәдениет­ара­лық қарым-қатынастарды жақ­сартуға қосатын орны бөлек, рөлі ерекше. Халық әртісі, сондай-ақ бұл мәселеде ғалымдардың, жазу­шылардың, өнер адамдарының, дін қайраткерлерінің, саяси және қоғамдық ұйымдардың, журналис­тер мен мұғалімдердің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұдан кейін ол тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форумның Жер шарында тұратын барлық халықты дініне, тіліне, ұлтына қарамастан ынтымаққа үндеуге қызмет ететініне тоқталды. Иосиф Кобзонның айтуынша, адамзат тығырыққа тіреліп отырған қазіргі кезде мәдениетаралық байланыстарды орнықтырудың, дамытудың жөні қашанда бөлек. Ел мен ел рухани-мәдени байланыстар жасау арқылы бірін-бірі таныған, білген, тәжірибе алмасқан. Жаңа дәуірде, жаһандық үдерісте соны қайта қалпына келтіру қажет. Бұл болашақ үшін керек. Қауіп-қатер­лер көрініс беріп отырған кезде мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытқаннан ұтатынымыз көп. Сонымен қатар, ол мәдени-рухани байланыстарды дамыту арқылы көптеген түйткілді проблемаларды да шешуге болатынын атады. Сондай-ақ шешен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын құру арқылы болашақта Бүкіләлемдік мәдениет интернационалын қалып­тастыруға болатынын жеткізді. Ол үшін форумның тұрақты қызмет ететін органын құру керек. Ал фо­рум­ның негізгі мақсаты – өрке­ниетті дамуға қарай батыл қадам басу. Өйткені, бүгінде тарихты білу, оның оң тәжірибелерін пайдалану аса маңызды. Сонымен қатар, ол рухани мәдениетке саясат та қажет екендігін атап өтті. Бүгін Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының жұмысы жалғасады. Мәселелер ауқымы кең Тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отырған Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы өтер алдында, яғни, жексенбі күні арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті. Халықаралық ұйымдастыру комитетінің төрағалары қатысқан баспасөз мәслихатында аталған шараның мақсаты мен маңызы ашып көрсетілді. Негізінен БРМФ өткізуге мұрындық болған “Мир через культуру” халықаралық ассоциа­циясы, “Рухани келісім конгресі” халықаралық қоғамдық қоры мен Қазақстан, Ресей және Еуропа­ның ұйымдары болса, оның Астанада өткізілуіне Елбасының өзі қолдау білдірген болатын. Форумның халықаралық ұйым­дастыру комитетінің тең төрағалары ҚР Парламенті Се­натының депутаты Төлеген Мұ­хамеджанов, РФ Мемлекеттік Ду­масының депутаты Иосиф Коб­зон, Саясат пен экономикадағы этика институтының директоры, “Мир через культуру” халықара­лық ассоциациясы Еуропа феде­рациясының президенті Виль­гельм Августат (Австрия) және өзгелері баспасөз мәслихатында өз ойларын ортаға салып, бір­қатар сұрақтарға жауап берді. Иосиф Кобзонның сөзіне қа­рағанда, халықаралық ұйым­дастыру комитеті форумға дайын­дық барысында көптеген қиын­дықтарға тап болған. Ол, әсіресе, қаржыға байланысты мәселелер екені де айтылмай қалған жоқ. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдау білдіруіне ризашылықтарын да жеткізе кетті. Өйткені, форумға қатысушылар Астананы бүкіл­әлемдік рухани мәдениет пен келісім астанасы деп атау туралы ұсыныспен шығатыны белгілі болды. Елорда тегіннен-тегін таң­далып алынбапты. Мұнда ұлт­тардың татулығы, толеранттылық және рухани мәдениет дамуының негізі қалыптасып отыр. БРФМ ұйымдастыру комитеті екі рет Мәскеуде өз отырыстарын өткізіпті. Форумды өткізудегі мақсат – БҰҰ-ның осы жылға жа­рияланған Мәдениеттер үнқа­тысуы жылы бағдарламасымен ұштасу. Әлемнің танымал деген 400-ге жуық адамының форумға шақырылуы Қазақстанның әлем жұртшылығының алдында, Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының төраға­сы ретіндегі мәртебесін айқын­датып, мемлекет беделін асқақ­тату. Форум қорытындысы бой­ын­ша бірқатар құжаттар қабыл­данып, онда әлемді жаңарту идеологиясы көрініс тауып, қай бағытта жұмыстың жүргізілері де нақты жазылып қойылады. Әділ­дікке жетудің революциялық жолы бүгінгі заманда шығынды саналғандықтан, оны зайырлы рухани мәдениет арқылы жеңуге болады, деп санайды тең төр­ағалар. Форум Қазақстан Республи­касының Президенті Н.Ә.Назар­баевтың өз ұсынысымен баста­лып, тікелей жетекшілігімен өткен Бүкіләлемдік рухани келі­сім конгресінен кейін туындаған ізгі шара екендігін Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджанов ерекше атап өтті. Сондықтан аталған шараның жұмыс ауқымы да кең болып, онда пленарлық және бөлімдік мәжілістер, дөң­гелек үстелдер, конференциялар, жұмыс топтарының құрылуы жүзеге асып, екі және көпжақты кездесулер болып өтеді. Екі күнге созылатын Бүкіл­әлемдік рухани мәдениет форумы әлем тәжірибесінде алғаш рет рухани мәдениеттің қос қанаты: діни руханият пен дүниелік руханиятты қосуды көздеп отыр. Форумның жұмыс ауқымының кең болуы, онда қарастырылатын мәселелер шеңберінің үлкен болуы да сондықтан болса керек. “Дала әуендеріне” қонақтар дән риза Өткен жексенбіде Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының аясында елордадағы Конгресс-Холлда шетелдік мәртебелі меймандарға арналған “Дала әуендері” атты қазақ халқының ұлттық музыкаларынан тұратын концерт өтті. Форумға келген шетелдік қо­нақ­тар қазақ халқының ұлттық му­зыкасын тыңдап, биін тамашалады. Концерт басталмай жатып-ақ сахна төріндегі ұлттық нақышпен бей­не­ленген көріністерді қызыға тама­ша­лаған қонақтар бір-бірімен сол арада құшақ­тасып суретке түсіп жатты. Мұның өзі Астананың достық мекеніне айнала бастауының бір көрінісі деп түсінген жөн секілді. Концерт ба­ры­сында сахна төріне ілінген эк­ран­нан Қазақстанның рухани құн­дылықтары туралы арнайы дайын­далған бейнекөріністер көрсетілген. Соның ішінде ұлттық салт-дәс­түрі­мізді баяндайтын сюжеттер өнер иелері орындаған әсем әндермен, құдіретті күйлермен астасып жатты. Концерт мемлекеттік және ағыл­шын тілдерінде жүргізілді. Ұлт­тық киім киген қазақтың қыздары концерт кезінде қонақтарға арнап шашу шашқан болса, қонақтарда  шашуды ерекше ілтипатпен бір-бірлеп теріп жатты. Мұндай жара­сымды көріністі көргенде әрине, кім­нің де болса сүйсінетіні заң­дылық. Халық әндерін, ұлттық аспап­тарда ойналған әуендерді естігенде, музыка ырғағымен бірге тербелген бірқатар қонақтар концерт соңынан бізбен  концерттен алған әсерлерін бөліскен. Тайландтан келген әлеуметтік сарапшы, публицист, ғалым, Но­бель сыйлығының лауреаты Сулак Сиваракса: “Астана әуежайынан түскенде менің көзіме аспан ерек­ше сияқты көрінген. Қазақ хал­қы­ның ұлттық мәдениеті мен өнері дәл осы көк аспан сияқты  өте тұ­нық екен. Ұлттық музыкалық аспаптарға да етене бай екенсіздер. Мұндай аспаптар адамның  жанын керемет сүйсіндіретінін де дәл бү­гін, осы залда отырып айрықша се­зіндім. Мінеки, ұлттық музыканың құдіреті, қазақ халқының төл мә­дениетінің ерекшелігі осында жа­тыр. Концерт тамаша болды. Қа­зақтың өте дарынды, өнерлі халық екеніне тағы да көзім жетіп отыр” — деді ол. Кубаның қоғамдық фило­со­фия­лық зерттеу институты басшысы­ның бірінші орынбасары, фило­со­фия ғылымдарының докторы Ар­мандо Перез: “Өнер адамы болсын, мейлі инженер болсын, тіпті кішкентай ғана сәби болсын, адам­заттың бәрі музыканың құдіретін жақсы біледі. Адамды ерекше бір сезімге бөлейтін де музыка. Алайда санаға сезіммен қоса таным түйсі­гін сіңіретін ұлттық әуендер деген болады. Әр ұлттың әуенін түсіну үшін, бізге аударма­шының керегі шамалы. Экранның бетінде ағыл­шын­ша жазылған “Дала үні” деген сөздің нағыз мағынасын сезін­гендей болдым. Мұндай ұлттық байлық бүгінгі таңда көп жұртта жоқ десе де болады. Ал сіздер, оны жақ­сы сақтап және дамытып келе жатыр екенсіздер. Ендігі ең басты нәрсе – оны болашақ ұрпаққа жеткізу. Орындалған әуендерден шынымен де ғажайып күйде дем­алып шық­қандай болдым. Осындай концерт ұйымдастырғандарыңызға үлкен рахмет” – деп өз риза­шылығын білдірді. Кино – рухани өрісті дамытудың ұтымды бір түрі Астанада Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы шеңберінде “Хан Шатыр” ойын-сауық кешеніндегі “Стар синема” кинотеатрында “Номад” кинофорумы болып өтті. Оған қазақ кино өнерінің майталмандары мен Ресей, Еуропа және Голливуд жұлдыздарының қатысуымен кино саласының рухани әлемді алға жылжытар, оны дамытар тетік-құралдарының бірі екендігі ортаға салынды “Қазақфильм” киностудия­сының президенті Ермек Аман­шаев, қазақтың біртуар тұлғасы, атақты актеріміз Асанәлі Әшімов, Төлеген Мұхамеджанов, Голливуд актерлері Эдриан Броуди, Арманд Ассанте және басқалар қатысқан кинофорумда рухани құндылықты дамытуда киноның алар орны туралы кеңінен әңгімеленді. Қазіргі кезде етек жайып отырған бұзақылық, нашақорлық тәрізді қоғам дерттерінен алыс, рухани дүниені байытатын кинолар санын көбейту қажеттігі айтылды. Актерлер өздері туралы, сондай-ақ кино саласының рухани мәде­ниетке қатысы, онда ұлттық мүдденің жоғары болуы керектігі туралы сөз қозғады. Өйткені, кинода көрініс табар бейнелер өмірдің өзінен алынады. Ал егер рухани азығы, берер пайдасы мол кинолар саны көбейіп, керісінше, неше түрлі ұятты фильмдер азая түссе, қоғам соғұрлым сауығатыны анық. Әрине, киноиндустриясы алға дамып кеткен Батыс бұл мәселеге енді бет бұрып жатыр десек те болады. Ал кейбір ұятты элементтер еліміз киноларында бой көрсетіп қалатындығы жасы­рын емес. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы аясында еліміздің киножауһарлары, атап айтсақ, “Қыз Жібек”, “Менің атым Қожа”, “Біржан-Сара” секілді кинолар көрермендерге тегін көрсетілмек. Қазанның 20-сына дейін созылатын кино мерекесінде тек қазақстандық кинолар ғана емес, шетелдік кинолар да жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Қазақ классикалық киноларындағы адамгершілік, руханилық, сондай-ақ мәдениеттің озық үлгілері шетелдік актерлер назарына ұсынылатын болады. Қонақтар Елбасының еліміз кино өнеріне қырын қарамай, әрдайым назарында ұстап, соған лайықты ұлттық мүддені әрдайым алға шығарып отырғандығын баса айтты. Әрине, қоғамында рухани ауру-сырқауы көп батыс қоғамының кейбір нашар киноларын дамы­маған киноиндустрияға тықпалай­тыны жасырын емес. Осы орайда үлкен форум аясында қолға алы­нып отырған бұл шараның мән-мағынасы зор десек, артық айт­қан­дығымыз емес. Өйткені,  көтеріл­ген мәселелер күн тәрті­бінде өзектілігін ешқашан жой­майды. Оның үстіне дәл уақы­тында көтерілуде. Классикалық кинотуындыларға қарап отырып, қазіргі таңдағы мән-мағынасы терең емес, айтар ойы созылыңқы кинолардан аулақ бола отырып, өз рухани өрісіңді жоғарылатуға мүмкіндік бар. Бұл – шындық. Қазақфильм студиясынан шы­ғарыл­ған  фильмдер де  соңғы жылдары өз көрермендерін қуантып келеді. Астана қаласында өткізіліп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы қазіргі өркениеттің жүйелі дағдарыстан  мәдени және рухани құнды­лықтарына басымдық бере отырып шығуды көздейді. Ал классикалық кинолар қазанның 20-сына дейін астаналықтар мен Астана қонақтарына елорданың әсем ғимараты – “Хан Шатырда” орналасқан “Стар синема” кинотеатрында тегін көрсетіледі. Қазақтармен серіктес болсам дейді Әлем тарихында алғаш рет болып жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының шымылдығы кеше ғана түрілгенімен, бұл іс-шараға дайындық жұмыстары ерте бас­тал­ған еді. Әрине, халықаралық ма­ңызы бар мұндай әлемдік форумды алғаш рет Қазақ елінің төрінде өткізудің өзі де үлкен мәртебе десек, жексенбі күні “Rіxos” қонақ­үйінің мәжіліс залында америка­лық “Двери в Голливуд” компания­сының бас директоры, продюсер Боб Ван Ронкель және танымал боксшы Константин Цзюмен баспасөз мәслихаты болып өтті. Журналистер қауы­мымен бол­ған жүзде­су­де боксшы Константин Цзюге біраз сұрақтар қойылды. Мә­селен, Рикки Хаттоннан же­ңілгеннен кейінгі әсе­ріңіз қандай деген сұ­раққа, ол: “Мен өзімнің кететінім туралы ресми мәлімдеген жоқпын. Иә, Рикки Хаттоннан же­ңіліп қалғаннан кей­ін мен бокстан мүлдем кеттім дегенім жоқ. Егер дұрыс ұсыныс тү­сіп жатса, менің рингке қайта оралуым әбден мүм­кін. Әрине, сақадай сай әзірленіп, күшімді жинап алуым үшін 6 ай ғана қажет, сондықтан қарсыласым айрықша боксшы болуы шарт. Мен атақты қарсыласпен кездесу үшін қандай да ауыртпалықты көтеруге әзірмін” – деді. Сонымен қатар Константин Цзю Қа­зақ­станда бокс мектебін ашсам деген ойы бар екен­дігін де жасырмады. 63,5 кило салмақтағы кәсіби боксшы­лар арасындағы бұрынғы абсолютті әлем чемпион атанған К.Цзю: “Егер осында бокс мектебін құру мүмкіндігі болса, онда мен аса сүйіс­пеншілікпен оны іске асырар едім. Осы форумда маған бокс мектебін құруда серіктес болатын адамдарды табуға үміттенемін” – деді өз сө­зінде. Ал, америкалық продю­сер, “Двери в Голливуд” компаниясының президенті Боб Ван Ронкельге де саналуан сұрақтар қойылды. Солардың ішінде журналистердің қызығу­шы­лығын оятқан мынандай сұрақ та болды. “Қазақ халқының болмы­сына мүлдем сай келмейтін, талғам дегеннен жұрдай бәзбіреулердің түсірген “Борат” фильмін көрген боларсыз. Қазіргі Қазақстанда болып жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына келген осы сапарыңызда Қазақстан туралы нендей ой түйдіңіз? – деген сұрақ­қа Боб Ван Ронкель: “Шынын айту керек, Қазақстанға келген сапа­рымда “Борат” фильміне қарсы бір фильм түсіруді ойлап та қойған едім. Және бір айта кететін жайт, қазір күллі әлем Қазақстанның “Бораттағыдай” емес екендігіне көздері жетті. Егер нағыз кірісетін іс болса, бұл бағыттағы жұмысқа бел­сене араласуға дайынбыз” – деп жауап қайтарды. "Егемен Қазақстанның" тілшілер тобы. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.