
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі ауыз судың бір текше метрінің құнын есептеу әдістемесін бекітті. Бұл әдістеме субсидияланатын су жүйелерінен берілетін судың бағасын анықтауға қолданылады. Аталған бұйрық 13 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Енді ауыз судың құны бірыңғай әдістеме бойынша аймақтардағы және ірі қалалардағы орташа бағаларды, сондай-ақ әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып белгіленеді. Дегенмен тұрғындар үшін тариф ел бойынша және аймақ бойынша орташа көрсеткіштен аспауы тиіс. Бұл бағаның күрт өсуіне жол бермейді.
Бұдан бөлек, тұрмыстық тұтынушылар үшін тәулігіне адам басына 140 литр су пайдалану лимиті енгізіледі. Норма шегіндегі су үшін ақы базалық тариф бойынша есептеледі, ал одан артық тұтынған жағдайда 1,3 коэффициентімен қымбаттатылып төленеді.
Судың түпкілікті тарифін жергілікті мәслихаттар су жеткізуші ұйымдардың есеп-қисабы негізінде бекітетін болады.