19 Қазан, 2010

Саммиттің сәтті өтуі Қазақстан үшін үлкен бедел мен абырой

515 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Әмірхан РАҚЫМЖАНОВПЕН әңгіме. – Еліміз қазір бүкіләлемдік маңызды форумның – ЕҚЫҰ Саммитінің қарсаңында тұр, осыған орай әуелі “Нұр Отан” ХДП Астана филиалының атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берсеңіз. – Әрине, бұл – еліміздің абырой-беделін бүкіл әлемге жария еткелі отырған, қазақ жерінде бұ­рын-соңды болып көрмеген аса ма­ңызды форум. Ол, ең алдымен елдің халықаралық қоғамдастық алдын­дағы саяси салмағын арттырады. Сондай-ақ, елдің танымалдығы мен сенімділігі де арта түсетіні белгілі. Біздің бизнесмендеріміз қазір дү­ние­жүзілік рынокқа батыл қадам ба­сып отыр, әріптестік қатынаста бұрын олармен астамшылықпен сөйлесетіндер, енді елдің беделі арт­қанын көріп, теңгерімді жағдайда сөй­лесетін болады. Соның арқа­сын­да елімізге келетін инвестиция көбейіп, өнімдеріміз бен ресурс­та­ры­мызға деген сұраныстың көлемі өсе түседі. Сайып келгенде, бұл ел­дің әл-ауқаты артуының алғышарт­тарының бірі болып табылады. 11 жылдан бері болмаған осы форум Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың жеке беделінің, қазақ­стандық дипломатияның шебер­лі­гінің арқасында әлемдік Ұйымның орталықазиялық бөлігіндегі жауап­кер­шілік аумағында тұңғыш рет өткелі отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ төр­ағалығына қол жеткізіп айды аспанға бір-ақ шығарса, енді өзінде форум өткізу арқылы беделінің бұрынғыдан да өсе түскенін паш етуде. Бәріміз де оның жақсы өтуі­не, абыроймен өтуіне тілектеспіз, сол үшін белсенді түрде еңбек етудеміз. Ал енді “Нұр Отан” ХДП-ның бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігіне тоқталар болсам, оның таны­мал­дығы мен ықпалы жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Әсіресе, кейінгі жыл­дары оның қатты өскенін бақылауға болады. Оның күнделікті жұмысы­ның маңызы да арта түсу­де. Атап айтар болсақ, биылғы жылы ма­мырда өткен партия Саяси кеңесі бюросының отырысы елі­мізді ары қарай қарқынды дамыту мәселе­сіне арналды. Партия Төр­ағасы, Елбасымыз Н.Ә. Назар­баев­тың “Нұр Отан” ХДП ХІІ съезінде бер­­ген тапсырмаларының орын­далу барысы қызу талқыланды. Осы талқылауларда партияның халық арасындағы беделінің, оның ықпалының қаншалықты екен­дігіне сарап жасалды. Сонымен қатар, Саяси кеңес бюросында жаңа тап­сыр­малар берілді. Қазір біз соны қызу орындау үстіндеміз. Жуырда Елбасы Ақтөбе қала­сында Астанадағы Жоғары пар­тия мектебінің аймақтық фи­лиалын ашқанын білесіздер. Сол жолы да партия белсенділерінің алдында сөз сөйлеп, алдымызда тұрған жаңа мін­деттер жайында әңгімеледі. – Әсіресе, партия Төрағасы қандай мәселелерге қатты көңіл аударған еді және сол міндеттер Ас­тана қаласында қалай орын­далуда? – Елбасы партия кадрлары­ның білімді болмағы керектігін баса көрсетті. “Тек қана білімді де білікті кадрлар партияның мақсаты мен ісінің маңызын халыққа дұрыс түсіндіре алады”, деді ол. Партия Жоғары мектебі аймақтық филиалының ашылуы да осы мақсаттан туындап отыр. Осы орайда, партия Төрағасы Жапония, Сингапур, Малайзия секілді елдердің мысалын ауызға алды. Олардағы билік партиясы өзінің халық алдындағы беде­лі­нің, танымалдығы мен ықпа­лы­ның арқасында 50 жылға жуық билік басында отыр. Сол ел­дер­дің экономикасы да тұрақты түрде дамып келе жатыр. Мен осыған Үкіметтің бағ­дар­ламасы аясында Жапонияда оқыған кезімде куә болдым. Сон­да ол мемлекеттегі барлық адам­дардың жұмыс істейтінін көрдім. Үкімет барлық адамды жұ­мыспен қамтуды, соның ішін­де уақытша жұмыспен қамтуды қатты қолға алған. Ондағы адам­дар тек еңбекпен тапқан нанның бағалы екендігіне әбден көз жеткізген. Соның арқасында ел экономикасы да тұрақты дамуда. Елдегі саяси тұрақтылық – ха­лықтың қажеттілігін ескеріп, мемлекеттің назарын оған қам­қорлық жасауға бұрып отыратын партияның тиімді жұмысына бай­ланысты. Сондықтан да ха­лық­пен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу керек деген еді Ел­ба­сы. Одан әрі партия Төрағасы біздің әлеуметтік әділетті мем­лекет орнатып жатқанымызды атап өтті. Бірақ, деді ол, біз ха­лық­қа түрлі өтемақылар төлеу ар­қылы оның масылдық пиғы­лын оятпауымыз керек. Кері­сін­ше, жұмыс істеуге мүмкіндік бе­ріп, халық арасында айтыла­тын­дай, қолына балық емес, балық аулайтын құрал беріп, оны ұс­тауға үйретуіміз керек. Егер ха­лық жұмысқа керенаулық та­нытса, ел экономикасының дамуы да тоқырайды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық туралы айтқанда, Елбасы партия бел­сен­ділерінің алдына нақты тап­сыр­малар қойды. Біздің төрағалыққа сайлануымыздың өзі – елімізге көрсетілген зор сенім, үлкен құр­мет. Біз оған елдегі саяси тұрақ­ты­лықтың, төзімділік пен ын­тымақтың арқасында қол жет­кіздік. Халыққа осының ма­ңы­зын кеңінен түсіндіру керек, деген еді партия Төрағасы. Міне, осындай тапсырмалар­ды орындауда “Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалы да өзін­дік белсенділігін көрсетуде. Соңғы кездегі жұмыс­тарға тоқ­тала кететін болсақ, ке­ше ғана біз екінші қалалық ауру­ханада бо­лып, еңбеккерлермен кез­дестік. Біздің адамдардың ой-өрісінің биіктігі, партияның үлкен еңбегін бағалауы, оған де­ген зор сенімі осындағы қызмет­кер­лердің сөздері мен ұсыныс-тілектерінен айқын көрінді. Кездесу барысында “Нұр Отан” қатарына жаңадан 70 адам өтуге тілек білдірді, осының өзі-ақ партияға деген сенімді білдірсе керек. Осы кездесуде ЕҚЫҰ Сам­митін өткізуге байланысты да сұрақтар көп болды, біз оларға форумның маңыздылығын тарата айтып бердік. Соның ішінде сам­миттің өткізілуінің өзі Қазақстан төрағалығының жұмысына деген үлкен баға, оның “созылмалы сырқаттарды” шешуге ықпал ету бағытындағы белсенділігіне та­ны­тылған ықылас екендігі ай­тылды. Сондай-ақ, филиал басшы­ла­ры көптеген қалалық бастауыш партия ұйымдарында болып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз бен саммиттің Астанада өткізілуінің маңыздылығы тақырыбына ар­нал­ған кездесулерді жиі өткізіп жүр. – Саммитке байланысты “Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалына арнайы тапсырмалар жүктелді ме? – Әрине, қазір Астана қаласы әкімдігі қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Астана әкімі бастаған қалалық құрылымдар осы та­рапта үлкен ұйымдастырушылық шеберліктерін танытуда. Осыған орай құрылған штабтың оты­ры­сы аптасына екі-үш реттен өтіп тұрады. Онда әуежайдың дайын­дығы, көшенің тазалығы, қонақ­үйлердің қызмет көрсету, тамақ­тандыру сапасы мәселелері және т.б. қаралып тұрады. Саммиттің негізгі қонақтары қысқа мерзімге келгенмен, Астанаға алдын ала атбасын тірейтін журналистер, сарапшылар, түрлі мамандар да көп болады ғой. Олардың дем­алуына, қаланы көріп, тама­ша­лауына жағдай жасау жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Осы тарапта партия белсенділеріне нақ­ты тапсырмалар берілуде. Астанамыздың тамаша демалыс орындарын, мұражайлары мен кітапханаларын, түрлі көрмелерін көрсетуге астаналықтар атса­лы­сатын боламыз. Тіпті, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін көрсету, сондай-ақ республикамыздағы түрлі ұлт өкілдерінің тыныс-тір­шілігінен хабар беру де ойы­мызда бар. – Ал қаланың қалыпты тір­шілігінде өзгерістер бола ма? Мә­селен, саммит күндері жекеменшік жеңіл мәшинелердің жүруінің тоқтатылуы, қонақтардың келуін шектеу, бос жүріс-тұрысты азайту деген секілді. – Осының бәрі Астана қа­лалық әкімдігінің шараларында қарастырылуда. Қай күнде үйге үлкен қонақ келерде дайындық жүргізілмейтін бе еді? Соның ішінде үй-іші жандарына дұрыс киініп, дұрыс сөйлеу, дұрыс жүру туралы ата-аналары ескертеді ғой. Қала да сондай, отбасы се­кілді тұтас организм, сондықтан ол да өзге жұрттың алдында ұят бо­лып қалмас жағын қатты ой­лас­тыруда. Астананың тұрғын­дары да осы күндері өз қала­сы­ның жоғары деңгейден табы­луына үлес қосар деген үміттеміз. Қалада өтілетін мәдени шара­ларға қатысуға ешқандай шектеу қойылмайды. Сонымен бірге, өзіміздің сырт қонақтарымыздың қалыптағыдан көп келуіне, өзіңіз айтқандай, жекеменшік көлік­тер­дің көп жүруіне тыйым салына­тын болар. Және олар жәй қо­нақтар емес, елуден астам мем­лекеттің делегациялары. Сондық­тан қауіпсіздік шаралары да барынша жетілдірілетіні белгілі. Екі күн демалыс та жүріс-тұ­рысты шектей тұру үшін беріліп отырғаны түсінікті болар. Сөз соңында айтарым, әлем­дегі шешімі табылмай жүрген шиеленістерге, соғыстарға оң ық­пал еткісі келген Қазақ­стан­ның 1-2 желтоқсан күндергі сам­митті сәтті өткізуі тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет үшін үлкен абырой, ел тұрғындары үшін үлкен мақтаныш болатыны сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.