05 Сәуір, 2015

Қазақстан содырлардың жақындай түскеніне алаңдайды

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
SAMSUNG CAMERA PICTURESАСТАНА. 5 сәуір. Тәжікстан астанасы – Душанбеде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Басқосуда еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ұйымға мүше елдердің оңтүстік өңірлерінде содырлардың шоғырлануына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы ca-news.org хабарлады. «Ауғанстан территориясында «Ислам мемлекеті» өкілдерінің пайда болуына байланысты, ол жақтағы жағдайдың айтарлықтай өзгергенін атап өткен жөн. Осы мақсатта біз аталған жағдайды ҰҚШҰ шеңберінде сараптап, тыңғылықты зерттеу жұмыстарын жүргізу және осыған байланысты аймақта болуы мүмкін қауіптің алдын алу үшін іс-қимылдар алгоритмін дайындау туралы келісімге келдік», – деді ведомство басшысы. Сондай-ақ, ол әлемдегі тұрақсыздыққа ерекше мән беріп, қатысушылардың назарын аударды. Одан бөлек, Ерлан Әбілфайызұлы ұйымның бейбіт сипаты мен оған мүше елдердің кез келген мәселені сындарлы және саяси жолмен шешуге дайын екенін айтты. Жиында негізінен Украина мен Ауғанстандағы жағдай сөз болды. Жиын қорытындысы бойынша жасалған мәлімдемелер тізімі мен алдағы жоспар бекітілді. Сыртқы істер министрлерінің келесі отырысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында тағы да Душанбеде өтеді. Басқосу 2015 жылдың күзінде өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, сыртқы істер министрлері Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қабылдауында болды. ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері мүше екенін айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: ca-news-org.