20 Қазан, 2015

Ассамблеяның алдында зор міндеттер тұр

412 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ERA_2067Өткен сенбіде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Оның жұмысына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Отырыс жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізіп отырды. Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен белгіленген Ассамблея жылы тарихи маңызды белестерге толы жыл болды. Қазақстандық біртектілігімізді іске асыруға бағытталған ауқымды істер атқарылды. Олар еліміздің барша түкпірлері ғана емес, шетелдерді де қамтыды, дей келіп, одан әрі ол бүгінгі кеңесте осы атаулы жылдың қорытындылары қаралатынын айтты және кеңейтілген отырысқа қатысып отырған шетелдік қонақтарды таныс­тырды. Олардың арасында Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрайымы Светлана Смирнова мен Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, әйгілі әнші Иосиф Кобзон, «Еуропадағы мәдениет арқылы – бейбітшілікке» халықаралық қауымдастығының президенті Вильгельм Аугустат бар еді. Осыдан кейін Ералы Тоғжанов алғашқы құттықтау сөзді айту үшін кезекті Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға берді. Өзінің сөзін «Бүкіләлемдік рухани келісім күнін» Астанада атап өтуге келген қонақтарға ыстық сәлем жолдаудан баста­ған ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен атап өтіліп отырған биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы барлық өңірлердегі өзгерістерге жаңаша серпін беруде екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Елбасы ұсынған бес институттық реформа және оны іске асырудың «100 нақты қадамы» – Ұлт жоспары бойынша нақты шаралар басталғанын жет­кізді. Ең бастысы, Елбасының «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық патриот­тық идеясы қоғамның рухани діңгегіне, еліміздің тұрақты­лығы мен тұтастығының берік тұғырына айналды. «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруда біз дәс­түрлі құндылықтар, тіл және мәдениетке деген құрметті арттырып, имандылықты, отбасы құн­дылығын сақтап, сыйластық пен татулықты нығайтуды көз­деп отырмыз, деді Гүлшара Нау­шақызы. Биылғы Ассамблея жылы оның құрылғанына 20 жыл толуы­на байланысты жарияланғанын білесіздер, деп жалғады сөзін Мемлекеттік хатшы. Ассам­блеяның өңірлердегі жұмыстары оның негізгі өзегі болып табылады. Бүгінгі күні 30 мыңнан артық іс-шаралар атқарылды. Осынау акцияларға 8,5 млн. адам тартылды. Барлық іс-шаралар «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының тұғырында атқарылды. Парламент «Мәңгілік Ел» идея­сын заңнамалық негізде бекіту үшін «Ассамблея туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қолға алды. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан елді барлық бағытта жаңғыртудың іске асырыла бастағандығының көрінісі. Заңнамаға қосылған өзгерістер «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың ең басты кілті Ассамблея екенін бекітіп береді. Сонымен қатар, Қазақстанның болашағы – біртұтас ел болуын жүзеге асырудың негізгі міндеттері де ҚХА-ға жүктелетін болады, деді Гүлшара Наушақызы. Одан әрі ол «Үлкен ел – үлкен отбасы» шарасында да ҚХА-ның орны ерекше екендігін атады. Президенттің жанындағы «Қоғамдық келісім» ұйымының жанынан Ассамблеяның медиация орталығы ашылатын болады. Ал аймақтық ассамблеялардың жанынан медиация мектептері ашылуда. Олар түрлі кикілжіңдерді сотқа дейін еңсеру жұмыстарын атқарады. Осы жұмыстың тиімділігінің мысалына Шығыс Қазақстан облысында үстіміздегі жылдың 9 айының ішінде ғана 2 мың заң бұзушылық істің сотқа жеткізілмей шешілгенін айтуға болады, деді Мемлекеттік хатшы. Сөзінің соңында ол мемлекеттік реформалардың тиімділігіне қоғамдық қолдаудың арқасында және осы мақсаттарға азаматтарымызды барынша көп тартқанда ғана қол жеткізуге болатынын айтты. Сондықтан төмендегі міндеттердің орындалуына көңіл аударуымыз керек: Біріншіден, орталық мемлекеттік органдар басшылары мен барлық облыс­тар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдері 2016 жылға арналған осы бағыттағы жұмыс жоспарларын жасауы керек. Екіншіден, бұл жұмысқа ҚХА-ның жергілікті жерлердегі түрлі кеңестерін, Достық үйлерін және басқа да құрылымдарын белсенді түрде тарту керек. Үшін­шіден, Мәдениет және спорт министрлігіне, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдеріне Ассамблеяның жаңа міндеттерінің сарабын жасау, әлеуметтік мониторинг жүргізу және т.б. міндеттеледі. Мемлекеттік хатшы бұлардан басқа да кейбір міндеттердің ат­қа­рылуы керектігін атап көрсетіп, сөзін аяқтады. Одан әрі құттықтау сөз кезегі КСРО халық әртісі, Ресей Феде­ра­циясы Мемлекеттік думасының депутаты Иосиф Кобзонға берілді. Ол өзінің «Рухани келісім күнін» атап өтуге байланысты келіп отырғанын айтып, қазіргідей қиын жағдайда осындай шара өткізіп отырған Қазақстанға ризашылығын білдірді. Біздің ұлттарымыз көп, аумағымыз кең дегенмен, өкінішке қарай, бір-біріне әрдайым өзара төзімділік танытып, ортақ тіл табыса бермейді. Бізде рухани келісім форумы да жоқ. Қазақстан өзара төзімділікте қалай өмір сүрудің үлгісін көрсетіп отыр. Сондықтан мен Ассамблеяға рахметімді айтамын, деді И.Кобзон. Одан әрі сөз Ресей халықтары Ассамблеясы қоғамдық кеңесінің төрайымы Светлана Смирноваға берілді. Біздің Ассамблея Ресей Федерациясының барлық 85 субъектісі өкілдерінің бастарын түйістіріп отыр. Соңғы санақ бойынша қазір Ресейде 193 ұлттың өкілдері тұрып жатыр. Олардың бәрі де біздің Ассамблеямызға қатысады. Сіздің Ассамблеяларыңыздың құрылғанына 20 жыл толып отыр, осы жылдарда этномәдени бірлестіктермен жұмыс істеудің тәжірибелері қалыптасты. Сон­дықтан біздің сіздерден үйре­неріміз көп. Қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін барлық қазақстандықтар қолдап отырғанын да білеміз. Біздің Ассам­блеямыздың құрылғанына 17 жыл болды, бірақ ол әлі де қоғам­дық негізде жұмыс істейді. Сон­да да біз сіздермен әріптес­тік қатынас орнатып, өза­ра ынтымақтастық орнат­тық. Болашақта бұл туралы ме­мо­рандумға қол қою ниетіміз бар. Биыл бізде ұлттық мәселелерді қарастыратын Федералдық агенттік құрылды. Ол да біздің жұмысымыздың жандана түсуіне ықпал етер деген үміттеміз, деді С.Смирнова. Осыдан кейін құттықтау сөз айту кезегі Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевқа берілді. Ол өзінің сөзінде «Ассамблея жылында» өте көп іс-шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Тіпті, аптасына еліміздің барлық түкпірінде 100-ге жуық іс-шаралар өтіп жатады. Мен Ассамблея мүшелерінің Жеңістің 70 жылдығын атап өту шараларына белсенді қатысқанын атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жыл­дығы аясындағы шара­ларға да барлық этно-мәдени бірлестіктер белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Өздеріңізге белгілі, қазір елімізде Елбасының тапсырмасымен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары іске асырылуда. Соның «қазақстандық біртектілік» деп аталған 4-ші қадамы бойынша да біз ауқымды шаралар өткіздік. Осы істе де Ассамблея мүшелері айрықша белсенділік танытты, дей келіп, Бағлан Асаубайұлы осы отырыстың барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының 2025 жылғы мерзімге арналған жаңа тұжырымдамасының жобасы таныстырылатынын айтты. Бұл – мүлде жаңа Ассамблеяның іргетасын қалайтын жоба. Мұнда Елбасының ҚХА-ның сәуір айында болған соңғы сессиясында ұйымның алдына қойған міндеттері белгіленген, деді ол. Одан әрі Б.Майлыбаев соңғы уақыттарда атқарылған ауқымды қоғамдық шараларды атап, олардың маңызына тоқталды. Отырыс барысында Мә­дениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚХА Төра­ға­­сының орынбасары, респуб­ликалық корей музыкалық комедия театрының директоры Л.Ни, Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков, ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.Прокопенко сөз сөйледі. Отырыс шеңберінде ҚХА Кеңесінің мүшелері ауыстырылып, жаңа мүшелер сайланды. Сондай-ақ, бірнеше адамға «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медальдары табыс етілді. Кеңес мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы іс-шараларының жүзеге асырылу барысы мен қорытындыларын, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 2025 жылға дейін­гі даму тұжырымдамасы жобасын қарастырды. ҚХА Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мем­ле­кеттік хатшы қоғамдағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.
  • Лебіздер легі

Әлем елдеріне әркез үлгі

Светлана СМИРНОВА, Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрайымы. Мен үшін Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Кеңесінің кеңей­тілген отырысына қатысу үлкен мәртебе. Оның үстіне, Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі басшылық жасайтын Ассамблея үшін үсті­міздегі жыл мерейтойлық болып отыр. Осы жылды Ассамблея жылы деп атаудың өзі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл Қазақстандағы әртүрлі этнос өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқандықтарынан хабар береді. Менің ойымша, тату тіршіліктің «қазақстандық моделі» көптеген елдерге үлгі бола алады. Сондықтан да мерейтойлы жылы қазақстандық әріптестеріммен араласу үлкен қуаныш. Ал екі ел Ассамблеяларының қарым-қатынасына келер болсам, бізде байланыс баяғыдан қалыптасқан. Ресей халықтары Ассамблеясына 17 жыл толса, Қазақстан халқы Ассамблеясына жиырма жыл толып отыр. Сөз реті келгенде екі ел президенттері жиі кездесулер өткізіп келе жатқандығын айта кеткен жөн. Мұның өзі елдер арасындағы достық қарым-қатынастың мығым екенін көрсетеді.

Қалтқысыз сенім жемісі

Иосиф Кобзон, КСРО халық әртісі, Ресей Феде­ра­циясы Мемлекеттік думасының депутаты. Қазақ­стандағы этностардың өзара тө­зімділігі баяғыдағы жеңіл айтылатын «халықтар достығы» емес, бұл өзара сенім, өзара жауапкершілік екеніне біздің көзіміз жеткен. Кеше ғана осында ТМД елдерінің басшылары жиналып, қазіргі әлемдік шиеленісті тарқатудың жолдарын талқылап кетті. Енді біз де келіп, рухани келісім мәселесін талқылағалы отырмыз. Мені Қазақстан халқының өздерінің бо­лашақтарына қалтқысыз сене­тіндіктері қызықтырады. Мұнда, тіпті, этносаралық қандай да бір кикілжіңнің иісі де жоқ. Бұл – БАҚ-тарында үнемі ұлттар мен ұлыстар достығы туралы көп айтылатын бірден-бір мемлекет. Сонымен бірге, мұнда Қазақстан халқының достығы ғана емес, әлемдік қоғамдастықтың өзара келісімі де терең насихатталады. Қазақстан мен Ресей арасында сая­сат пен экономикада ғана емес, мәде­ниетте де жемісті ынты­мақ­­тастық, достық қарым-қатынас қалыптасқан. Қазақстан Президенті мен оның тапсырмаларын жүзеге асырып жатқандардың барлығына алғысым шексіз. Мен Ресейдің федералдық мемлекеті Қазақстан халқынан үлгі алғанын қалаймын.

Бірлік алмас асу жоқ

Людмила ХОЧИЕВА, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. Қазақстан халқы Ассам­блеясының жиырма жылдығына орай көптеген шаралар өткізіліп жатқаны баршаға мәлім. Ұйытқыдай ұйып отырған еліміз бүкіл әлемге өзінің бейбітсүйгіш саясатымен үлгі десем, қателеспейтінім анық. Атқарылу үстіндегі жатқан шаруалардың барлығы да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың нақты тапсырмаларынан туындайтыны тағы белгілі. Барша қазақстандықтар бір жұдырықтай болып жұмылып, жақсыға немесе қиындыққа ұйысқан отбасындай жауап қайтара алып келе жатқандығы да осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Кез келген асуларды да бір кісідей еңсеріп отырмыз. Мұны да сол татулықтың арқасы деп білемін. Еліміздегі тыныштық халқымыздың ауызбіршілігін көрсетеді. Сол тату тірлігімізді жоғалтпау жолында бәріміз тер төгіп келеміз. Қазір әлемде әртүрлі қақтығыстар мен жанжалдар, дүрбелеңдер орын алуда. Елін тастап босқан халық. Соның барлығы біздің ұрпақтың басына түспеуі тиіс. Осы жолда әрекет ете беруіміз керек. Жалпы, елімізге ырыс келетіндей жұмыстар жасалуда. Халқымыздың ауызбіршілігі мен татулығы Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі екені күмәнсіз.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024