Кітапхана • Бүгін, 08:07

Кітапханаға арналған кешенді жоба

5 мин
оқу үшін

Қоғамдағы қарқынды өзге­ріс­тер білім жүйесіне де жаңа талаптар қояды. Әсіресе цифрлық тех­но­логиялардың дамуы, жасанды интеллект құрал­да­ры­ның кеңі­нен қол­да­нылуы және ақпараттық ресурс­тар­дың үнемі артып отыруы кітапхана қызме­ті­нің мазмұны мен ұйым­дас­ты­рылуына елеулі ықпал етіп отыр. Бұл өзгерістер техни­калық және кәсіптік білім ұйым­дарының кітап­ха­на­ла­ры­на да қатысты. Бүгінгі колледж кітап­ха­насы – дәстүрлі түсінік­тегі кітап сақтайтын орын ғана емес, білім алушылардың ақпараттық сауаттылығын қалып­­тас­тыратын, цифрлық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ете­­тін, оқу мәдениетін дамытатын, интеллектуалдық әлеуетті арт­тыруға ықпал ететін заманауи білім орталығына айналып келеді.

Кітапханаға арналған кешенді жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жария­лауы еліміздің инно­ва­­­циялық даму бағытын айқын­дап қана қоймай, білім ұйым­дары мен кітапханалардың жұмысын жаңа деңгейге көте­рудің стратегиялық негізін қалыптастырды. Сондай-ақ Президенттің «Кітап оқу мәде­­ние­тін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі ша­ра­лар туралы» Жарлығы оқу мәде­ниетін нығайтуға, кітапха­на­­лардың қоғам­дағы рөлін арт­тыруға және интеллектуалды ұлт қалыптастыруға ба­ғыт­талған маңызды мемлекеттік құ­жат ретінде қабылданды.

Аталған Жарлықта кітап­ха­на­­лар­ды заман талабына сай да­мыту, халықты кітап­пен қам­тамасыз ету, оқу мәде­ние­тін қа­лып­тастыру, цифр­лық техно­логияларды енгізу, бірыңғай ақ­параттық кеңістік қалып­тас­­тыру, жас ұрпақ­тың интел­лектуалдық әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Құжатта кітаптың білім көзі ғана емес, ұлттың рухани және мәдени дамуының негізі екені көрсетіліп, оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік маңызы бар міндет ретінде белгіленді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда білім ұйымдарының кітап­ханаларына, соның ішінде тех­ни­калық және кәсіптік білім ұйым­да­рының кітапханаларына үлкен жауапкер­­­­шілік жүктеледі.

Осы мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру мақсатын­да жуырда Ақтау қаласында Оқу-ағарту министрлігі Техни­калық және кәсіптік білім депар­та­ментінің үйлестіруімен және Республикалық ғылыми-педа­гогикалық кітапхананың ұйым­дастыруымен «Цифрлық транс­формация: колледж кітап­ха­на­ларының қызметін заманауи жаңғырту» тақырыбында рес­публикалық семинар өтті. Се­минар жұмысына Маңғыстау об­лысы әкімінің орынбасары, ми­нистрлік өкілдері, кітапхана сала­сының мамандары, отан­дық бас­палар, республика өңір­ле­рінен 100-ден астам маман қатысты.

Бұл семинар – Республи­ка­­лық ғылыми-педагогикалық кітап­ха­наның ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізі­­ліп келе жатқан маңызды кәсі­би алаңдардың бірі. Жыл са­йын республиканың әртүрлі өңі­рін­де ұйымдастырылатын мұн­дай кездесулер колледж кітап­ха­на­­­шы­­ларының кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді тал­­қы­лауға,  кітапхана сала­­сын­­дағы жаңа үрдіс­термен таны­суға мүмкіндік береді. Бүгінде техникалық және кәсіп­тік білім ұйымдарының кітап­­­ха­на­­ларын дамыту бағы­тында жүргізіліп жатқан жұ­мыс­­тардың нәтижелі болуы осын­дай кәсіби кездесулердің ма­ңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Семинарлар барысында еліміздің әр өңірінен келген кітапханашылар өздерінің үздік тәжірибелерін ортаға салып, кітапхана ісіндегі жаңа тәсілдер мен инновациялық жобаларды талқылайды. Бұл өз кезегінде өңір­лер арасындағы кәсіби бай­ланыс­ты нығайтып, кітапхана сала­сының біртұтас дамуына ықпал етеді.

Қазіргі таңда колледж кітап­хана­лары дәстүрлі қызмет көр­сетумен ғана шектелмей, білім үдерісінің маңызды құрамдас бө­лі­гіне айналып отыр. Се­ми­нар барысында колледж кітап­­ха­наларын цифрландыру, кітапха­на қызметіне жасанды ин­тел­­лект технологияларын енгі­зу, автоматтандырылған ақпа­­­­­раттық жүйелерді пайда­­­ла­ну, за­манауи цифрлық ресурс­­тарды да­мыту мәселелері кеңі­­нен тал­қыланды. Қатысушы­­лар кітапха­на қызметін ұйымдас­ты­ру­дағы жаңа тәсілдер­мен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Қа­зір цифр­лық технологиялар кітап­ха­на жұмысын әлдеқайда тиімді ұйым­дастыруға мүмкіндік береді.

Кейінгі жылдары жасанды ­интеллект технологиялары кітапха­на саласында ерекше маңызға ие болып келеді. Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу, жүйелеу, іздеу, талдау және пайдаланушылардың сұра­ныстарына жедел жауап беру бағыттарында кең мүмкіндік ұсы­нады. Кітап­ханашылар жасанды интеллект көмегімен библио­гра­фиялық тізімдер дайындай алады, ақ­параттық анықтамалар жасайды, кітап көрмелерінің сипаттамаларын әзірлейді, оқырманға ар­налған ұсынымдық материалдар құрастырып, іс-шаралардың бағ­дарламаларын дайындай алады, түрлі ақпараттық өнімдер шы­ғарады.

Жасанды интеллектінің кітап­хана саласындағы басты артық­­шы­лық­тарының бірі – уақыт үнем­деу. Көптеген техни­ка­лық және қайталанатын жұ­мыстарды автоматтандыру ар­қылы кітап­ха­нашылар өз уақы­тын шығар­машылық жо­баларға, пайда­ла­нушы­лар­мен жұмысқа, жаңа бастамаларды жүзеге асы­руға бағыт­­тауына болады. Бұл кітап­ха­на­шының кәсіби қыз­метін жаңа деңгейге көтеріп, оның білім үдерісіндегі рөлін кү­шей­теді. Сон­дықтан жасанды ин­теллект тех­­нологияларын мең­геру кітап­хана мамандары үшін кәсіби қажет­тілікке айналып отыр.

Семинар аясында ақпарат­­­тық технологиялар саласының маман­дары колледж кітап­ха­на­ларына арналған автомат­тан­­дырылған ақпараттық жү­йе­­­лер­дің мүмкіндік­те­рін та­ныс­­тырды. Бүгінгі күні кітап оқу гуманитарлық ба­ғыт­­пен ғана шектелмеуге тиіс. Жара­ты­­лыстану және тех­ника­лық пәндер бо­йынша да студент­тер­дің кітаппен жұмыс істеу дағ­дыларын дамыту ма­ңызды. Өйткені кәсіби ма­манның қалып­­тасуы пәндік білім­мен ғана емес, оның дүние­­танымының кеңді­­гімен, аналитикалық ойлауымен, үздіксіз білім алуға ұмты­­лы­­сымен де байланысты. Осы тұр­ғыдан алғанда кітапхана мен пән оқытушыларының бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие.

 

Әлия САЙДЕМБАЕВА,

Оқу-ағарту министрлігі

Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана директоры

Соңғы жаңалықтар