«Айлық аласың, жұмыс істе!»
Әудем жердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды қолмен теріп, қоқыс қабына салған сайын маңдайынан шүмектеп аққан терді жеңімен қайта-қайта сүртіп қояды. Қоғамдық орындардың тазалығы үшін күн сайын күресіп жүрген жанның қолы да күнге күйіп, еңбек табы сіңген қатқыл күйге енгендей.
Осы сәтте әкесінің еркетотайы болса керек, шамамен он жасар бала қолындағы «Фьюз» шайының қалбыры мен пісте қабын аллея бойындағы канал жиегіне селқос лақтырып жіберді. Мұны көрген кейуана сабырлы үнмен: «Балам, қасыңдағы қоқыс жәшігіне салсаң қайтеді?» деді.
Бірақ балдырған оның сөзін құлағына да ілмеді. Кекесін аралас күлкімен мұрнын тыжырайтып, жырқ-жырқ күлді. Сол-ақ екен, әкесі де араласып: «Сенің жұмысың емес пе? Айлық алып отырсың ғой. Өзің жинап ал!» деп дүрсе қоя берді.
Жоғарғы ерні көкке, төменгі ерні жерге жеткендей паң кейіп танытқан жас әке осы сөзін мәрттік санағандай. Ал мұндай сөзді талай естіп, талай мәрте жұтып үйренген кейуана үндеген жоқ. Ләм-мим деместен жердегі қоқысты еңкейіп алып, жұмысына қайта кірісті...
Көрінбейтін еңбектің қадірі
Шаһар тазалығына жауапты «Жасыл ел» мекемесінің қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында күн ұясынан жаңа ғана көтерілген шақта жолға шықтық. Мекеме директорының орынбасары Айдын Бейсеков жол бойы ұжымның жұмысы туралы әңгімелеп келеді. Әңгіме арасында қала тұрғындарының бойында экологиялық мәдениеттің әлі де толық қалыптаспағанына қынжылатынын да аңғардық.
Көше тазалауға кіріскен қызметкерлердің жұмыс орнына да келіп жеттік. Олар Тәуке хан даңғылының бойында тынымсыз еңбек етіп жүр. Бет-жүздерін шаң-тозаңнан қорғау мақсатында орамалмен тұмшалап алған жұмысшылар сынап бағанасы 40 градусқа жуықтаған аптап ыстыққа қарамастан бір сәтке де аялдар емес. Бірі шөп шауып жатса, енді бірі қоқыс жинаумен әлек.
«Негізгі міндетіміз – көше тазалығын сақтау, жиналған қоқысты шығару. Қолымыздағы техникаға 12 азамат бекітілген. Олар шабылған шөп пен бұтақтарды, жиналған қоқысты тасымалдайды. Мұндағы көше сыпырушылар мен қоқыс жинаумен айналысатын қарапайым қызметкерлердің әрқайсысы адал еңбек етіп жүр», дейді мекеме шебері Салтанат Сәтімбекова.
Оның айтуынша, шаһар көшелерінің тазалығына 139 қызметкер жауапты. Бұдан бөлек, қалаға қарасты 10 округте де жұмысшылар күн сайын тынымсыз тер төгеді. Үлкен даңғылдардан бөлек, шағын көшелер мен бұрылыстардың өзі тұрақты күтімді қажет етеді. Сондықтан әр қызметкер өзіне бекітілген аумақта күнделікті жұмыс жүргізеді. Үш жүк көлігінің әрқайсысы шамамен төрт тонна қоқыс тасымалдайтынын ескерсек, күніне 12 тоннаға жуық қалдық шығарылатынын аңғару қиын емес.

Жұрт тастаған қоқысты жинап жүрген «Жасыл ел» мекемесінің қызметкері Марат Дүйсембаевтың жүзінен қала тұрғындарының салғырттығына деген өкпе-ренішті аңғару қиын емес. Жұмысы жайында сұрағанымызда қолын бір сілтеп: «Қойшы, ел бізді қашан тыңдапты?» деп қысқа қайырды.
Ал тағы бір қызметкер Арзыгүл Дауылбаеваның айтуынша, олар қоқысты жинап үлгергенше, кей тұрғындар тазаланған аумақтарға қайтадан тұрмыстық қалдықтарды тастап кетеді. Сөйтіп, қызметкерлер әлгі жерлерді қайтадан тазалап, әуре-сарсаңға түседі. Мұндай көрініс күн сайын қайталанады.
«Мұнда жұмыс істеп жүргеніме алты ай болды. Мекеме басшылығы бізге барлық жағдайды жасап қойған. Дегенмен, қала тұрғындарының еңбегімізге немқұрайды қарайтыны қынжылтады. Жаңа ғана тап-таза етіп жинап кеткен жерге бір сағаттан кейін қайта келсеңіз, қоқысқа толып жатады.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бастап беріп, жұртшылықты тазалыққа үндеп келеді. Соған қарамастан кей адамдардың еңбегімізге жанашырлықпен қарай бермейтіні өкінішті. Халықтың санасында экологиялық мәдениет толық қалыптасса екен дейміз. Өйткені әр адамның еңбегі құрметке лайық», дейді ол өз ойын ортаға салып.
Қаланы көркейткен қолдар
Мекеме жұмысшылары ала таңнан ымырт үйірілгенге дейін Тараз тазалығы үшін тыным таппай еңбек етеді. Биыл жыл басынан бері мекеме басшылығы қызметкерлердің жалақысын едәуір көтеріп, арнайы киімдері де жаңартылған.
«Көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарымен айналысатын бригадалардың да, сушылардың да еңбегі орасан екенін атап өткен жөн. Шағын аудандарда жұмыс істейтін қызметкерлеріміз тұрмыстық қатты қалдықтарды дер кезінде жинап, шығарып отырады. Қазір мекемеде мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның 425-і тазалық жұмысына жауапты болса, 10 округте 190 қызметкер еңбек етеді. Ал негізгі бригада құрамында 130 адам жұмыс істесе, демалыс орындарында 81 қызметкер тазалықты қадағалайды.
Көріктендіру бөлімшесінің мамандары қаладағы барлық саябақ пен сквердің шөбін шауып, күтім жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ көгалдандыру және ағаштарды бұтау жұмысы да бар. Үш сушы бригадасы өздеріне жүктелген міндетті талапқа сай атқарып жатыр. Ал гидротехник мамандар қаладағы жасыл желекті күтіп-баптау ісін үнемі назарда ұстайды.
Тұрғындарға айтар жалғыз өтінішіміз бар. Қоқысты кез келген жерге бей-берекет тастамай, тазалыққа жауапкершілікпен қарағаны абзал. Сондай-ақ көлік жүргізушілері де ыждағатты болғаны жөн. Сексеннен астам саябақ пен скверде серуендейтін тұрғындар да тазалық мәдениетін сақтауға үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді», дейді мекеме директорының орынбасары Айдын Жарқынбекұлы.
Көне шаһардың келбеті жыл өткен сайын ажарланып келеді. Таяуда ғана облыс орталығына Жапониядан жеткізілген сакура көшеттері отырғызылды. Жалпы, биыл Тараз қаласында бір миллион гүл егу жоспарланған.
Мекеменің бас агрономы Жасұлан Молдабаевтың айтуынша, биыл 10 500 шаршы метр аумаққа жаздық гүлдер отырғызу жоспарланған.
«Қазіргі уақытта бұл жұмыс аяқталуға жақын. Бір миллионға жуық гүл тұқымын сатып алып, жылыжайда өсіріп отырмыз. Сонымен қатар 5 мың дана раушан гүлінің көшетін алып, оларды отырғызу жұмысын толық аяқтадық. Қазір суару, шөп шабу, зиянкестермен күресу, тыңайтқыш енгізу және түптерін қопсыту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыспен бөлімге қарасты 80 қызметкер айналысады.
Бұдан бөлек, жұмысшылар қала аумағын көгалдандыру жұмысын да қатар атқарады. Биыл 8 мың түп ағаш отырғызу жоспарланса, оның 5 мыңы көктем мезгілінде егілді. Қалған 3 мың көшет күз айларында отырғызылады.
Қала аумағына негізінен жапырақты ағаш түрлері егіледі. Олардың қатарында үйеңкі, қарағаш, терек, өзге де ағаш түрлері бар. Демеушілердің қолдауымен қала орталығына егілген сакура ағашы шие тұқымдасына жатады. Бұл өсімдік өңірімізге алғаш рет әкелінгендіктен, ерекше бақылауда», дейді ол.
Тазалықтың бағасын білеміз бе?
Бүгінде «Жасыл ел» мекемесінің жұмысын жоғары бағалайтын қала тұрғындары аз емес. Қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарына деген жергілікті халықтың пікірі де көңіл қуантады.
«Қыста көшелерді қардан, жазда қоқыстан тазалап жүрген еңбек адамдарының жұмысына ризамыз. Қай саябаққа барсақ та, тазалық қызметкерлерінің тынымсыз еңбек етіп жүргенін көреміз. Сондықтан олардың еңбегін бағалап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға тұрғындар да үлес қосуы керек», дейді қала тұрғыны Назипа Шопаева.
Кейінгі жылдары мекеме жұмысы жүйеленіп, материалдық-техникалық базасы нығайып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына айрықша көңіл бөліне бастаған. Мұны жұмысшылардың өздері де айтып жүр.
Мекеме басшысы Ғалымжан Қайназаровтың айтуынша, қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау мақсатында кейінгі жылдары ауқымды жұмыс атқарылған. Қолға алынған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жұмысшылар тарапынан түскен тамақ сапасына қатысты ұсыныстар мен шағымдар мұқият зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданған. Нәтижесінде, бүгінде қызметкерлер уақтылы әрі құнарлы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.
«Тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру полигонында да маңызды инфрақұрылымдық жұмыс жүргізілді. Полигон аумағы толық қоршалып, бейнебақылау жүйесі орнатылды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да күшейтілді. Көгалдандыру бағытында қала аумағына көпжылдық жасыл желектер отырғызу, заманауи тамшылатып суару жүйесін енгізу жұмыстары басталды.
Мекеменің материалдық-техникалық базасын тиімді басқару мақсатында арнайы техникаларға түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде, пайдалануға жарамды 88 техника бары анықталды. Алайда бұл көрсеткіш қаланың нақты қажеттілігінің небәрі 55-60 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Қала аумағында тәулігіне орта есеппен 1650 текше метр тұрмыстық қалдық жиналатынын ескерсек, қолданыстағы техникалық әлеует санитарлық тазалық жұмысын толық әрі тұрақты деңгейде жүргізуге жеткіліксіз.
Осыған байланысты мекеме жыл сайын 54 арнайы техниканы жалға алуға мәжбүр. Бұл қосымша қаржылық шығын ғана емес, сыртқы мердігерлерге тәуелділікті де арттырып отыр. Оның үстіне алдағы кезеңде тағы 12 техниканы есептен шығару жоспарланғандықтан, техникалық тапшылық мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түспек.
Соған қарамастан, қолда бар техника мен еңбек ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында қаланың күнделікті санитарлық тазалығы, абаттандыру, көгалдандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар саны да азайған.
Жалпы, Тараз тазалығы күн тәртібінен түскен емес. Себебі бақылау бар жерде нәтиже болатыны белгілі. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің қолдауымен қазіргі уақытта отандық өндірісте құрастырылған 74 арнайы техниканы бес жыл мерзімге лизинг арқылы сатып алу жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 4,5 миллиард теңге. Бұл бастама мекеменің материалдық-техникалық әлеуетін едәуір арттырып, қаланың санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», дейді мекеме басшысы Ғалымжан Қайназаров.
Ымырт үйірілер шақта жұмысшылар құралдарын тапсырып, Жастар аллеясы бойымен аялдамаға қарай бет алды. Күн ұзаққа созылған аптап ыстық әбден қалжыратса керек, аялдамаға жеткенше бірнеше рет ағаштардың көлеңкесіне аялдап, демалып үлгерді. Жұмысынан кетіп бара жатып та жол жиегінде шашылып жатқан азын-аулақ қоқысты еңкейіп алды да, жақын маңдағы жәшікке тастады. Тазалыққа деген жауапкершілік пен еңбекке деген адалдық осындай болса керек.
Ал біз ше? Күн сайын тап-таза көшемен жүріп, гүлденген саябақта серуендеп, таза қаланың игілігін көріп жүргенімізбен, сол тазалықтың артында тұрған адамдардың еңбегін қаншалықты бағалап жүрміз? Осы сауал әрқайсымызды ойландыруға тиіс...
Тараз