Президент • Бүгін, 10:15

Президент, Құрылтай және Халық Кеңесі: Тоқаев жаңа заңдарға қол қойды

4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында конституциялық заңдарға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент, Құрылтай және Халық Кеңесі: Тоқаев жаңа заңдарға қол қойды

Фото: Ақорда

Жаңа заңдар елдің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және билік институттарының өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған.

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңы Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

Заңның басты жаңалығы – Вице-Президент институтының құрылуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңы Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және Құрылтайдың өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгілейді.
Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган.

Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды қамтиды. 

Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.

Заңда Құрылтай өкілеттіктерінің кең ауқымы, соның ішінде Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру, Президент ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын сайлау және қызметтен босату, сондай-ақ Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қолсұғылмаушылық құқынан айыру, Президент сайлауын тағайындау және бюджетті бекіту сияқты мәселелер айқындалады.

Конституцияны нығайтатын заңдар топтамасы

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыруды және қызметін ұйымдастыруды белгілейді. Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган болып саналады және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кеңестің заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар.

Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан Республикасының азаматтарынан құралады. Кеңес құрамында этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдерінен 42 адамнан үш тең квота бойынша өкілдік қалыптасады, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Халық Кеңесіне Төраға басшылық жасайды. Кеңестің өкілеттік мерзімі 4 жылды құрайды.

«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңы астананың жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін айқындайды. Құжатта мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органының және қала әкімі жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты белгіленген. Сонымен қатар, елорданың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын талаптар бекітіліп, инфрақұрылымды дамыту және қаланы басқару жүйесінің негіздері айқындалады.

«Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, тіркеу мен есепке алу, атау беру және өзгерту тәртібін айқындайды. Заңның мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару үшін Қазақстан Республикасының аумақтық құрылымын ұтымды ұйымдастыруды қамтамасыз ету.

Еске сала кетейік, бұған дейін Парламент аталған заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар

Берлинде бас қосқандар

Таным • Бүгін, 11:18

Ұшақ қонатын күн алыс емес

Аймақтар • Бүгін, 11:17

Жалғыздықты жеңген мейірім

Аймақтар • Бүгін, 11:14

Елдос татамиге оралады

Спорт • Бүгін, 11:08

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 11:05