Аймақтар • Бүгін, 11:12

Жаңа бағдарламаның жетістіктері

8 мин
оқу үшін

Уақыт алға жылжыған сайын урбанизация маңызды мәселеге, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Облыс орталығы ауыл-аймақтан көшіп келген тұрғындардың есебінен еселене көбейіп, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер шұғыл шешуді қажет етеді. Бұл арада жылу, су, ең бастысы, тұрғын үймен қамтамасыз ету біраз қиындықтар тудыруы мүмкін. Әйтсе де, қиын түйін оңынан шешімін тауып жатыр деуге толық негіз бар.

Жаңа бағдарламаның жетістіктері

Ертеректе тұрғын үй құ­рылысы негізінен жеке құрылыс жүр­гізу­мен, кейбір аулаларды көгал­дан­ды­рып, абаттандырумен шектелсе, бүгінде тұтас қалалық кеңістік көз арбайтын көркем көрініске айналып келеді. Осыған орай тұрғындар саны еселеп көбей­ген облыс орталығының өзінде адамдардың алаңсыз күн кешуіне қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы бағыттағы тәжірибені тарату мақсатында Көкшетауда «Aqmola Urban Forum: Реновация және заманауи урбанизация» тақырыбындағы республикалық форум өткізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылған іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, министрлік өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, салалық ұйымдардың басшылары, белгілі сәулетшілер, инвесторлар мен сарапшылар қатысты. Форумның басты ерекшелігі – теориялық мәселелерді ғана емес күні бүгінге дейін жүзеге асырылған ауқымды жобаларды, қалыптасқан тәжірибені талқылау. Осы арада өңірдегі реновация бағдарламасы сәтімен сабақталып, өзге өңірлердің назарын аударып отырғанын айта кету керек.

Іс-шараның ашылуында облыс әкімі Марат Ахметжанов бүгінде экономикалық өрлеу қомақты инвестиция тарту, тұрғын үй құрылысы көрсеткіштері жөнінен еліміздегі жетекші аймақтардың біріне айналып отырғанын атап өтті.

Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілсек, өңірде жүзеге асырылып жатқан реновация бағ­дар­ла­масы тұрғын үй құрылысы, ин­вестициялық саясатты, урба­нис­тикалық дамуды бір арнаға біріктіретін тұтас кешенді модель. Әдетте қала тұрғындары реновация дегенді көненің көзіндей, әбден ескірген, тұруға жарамсыз үйлерді сүріп тастап, жаңасын салу деп топшылайды. Ал өңірде қолға алынған бағдарлама бұл түсініктен әлдеқайда тереңірек. «Kokshe» ӘКК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиевтің баян­дамасында басты мақсат заманауи, мейлінше қолайлы орта қалыптастыру екені баса айтылды.

– Мәселе тек жаңа пәтерлерді пайда­лануға беруде емес. Ең ал­дымен, инженерлік инфра­құрылымдарды жаңарту, қоғамдық кеңістікті дамыту, көлік, жаяу жүргіншілер инфра­құ­рылымын жетілдіру арқылы барынша қолайлы жағдай тудыру, – деді ол.

Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі реновация қаланың кейбір аумақ­тарын ғана емес, тұтастай жаң­ғырту әдісіне айналып келеді. Елор­далық облыста алғаш рет қолға алынған жобаның тиімді­лі­гіне Мемлекет басшысы ресми іссапармен келген кезде оң бағасын берді. Тиімді тәжірибені тарату, үлгі ету бір ғана өңірде емес, тұтас елге серпін беруден туындап отырғаны белгілі.

Мәселенің мәнісін жақсы білетін сарапшылардың талдаған пікірін топшыласақ, бірнеше себептер бар екеніне айқын көз жеткізесіз. Біріншіден, өңірде реновацияға бірыңғай опе­ра­торлық модель енгізілген. Бағдарламаның барлық кезеңін «Kokshe» ӘКК» акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Екін­ші­ден, мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігі жолға қойылған. Оған қоса тұрғындардың құқық­тарын қорғауға да айрық­ша мән беріліп отыр. Бұл арада ерекше айта кететін бір жай, реновация бағдарламасына тұрғын үйді енгізудің басты шарты – барлық меншік иелерінің жүз пайыз келісімі. Бұл қағида халық­тың сенімін арттыруға септігін тигізеді. Оң өзгерісті көзімен көріп, бар жұмыстың сапалы атқа­рылатындығына сенген ха­лық енді өздері ынта танытып, ұсыныс білдіріп отыр. Бұл да бағдарламаның баянды болып жатқанын айқындайтын нақты дәлел.

Облыста реновация нақты алгоритм арқылы жүзеге асырылады. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, алдымен тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізі­леді. Одан кейін мүлік баға­ла­нып, барлық құжат бір тәртіппен рәсімделеді. Содан соң уақытша көшіру қолға алынады. Келесі кезектегі іс – инвесторды анықтау. Бұл арада инвесторларға қойылатын талаптың да мейлінше жоғары екенін айта кеткен жөн. Олардың ең кемінде үш жыл көпқабатты үй салған тәжірибесі болуы керек. Жүз мың шаршы метрден астам үйді пайдалануға бергені де ескеріледі. Қаржылық тұрғыдан тұрақты компания болуы шарт. Міне, осыдан кейін ғана құрылыс басталып, оның сапасы тұрақты назарда болады.

Айта кетерлік маңызды мәселе – бағдарламаға қатысушыларға кең көлемдегі тұрғын үй немесе өздерінің қалауларына орай өтемақы ұсынылады. Уақытша баспана жалдау шығындары заңгер­лік, нотариалдық қызмет­тер инвесторлар мен ӘКК есебі­нен төленеді.

Бүгінде бағдарламаның нәтижесі іс жүзінде көрсетіліп отыр. Осы реновация жобасы арқасында Көкшетау, Ақкөл, Атбасар, Макинск, Щучинск қалалары мен Аршалы кен­тінде, Астрахан, Зеренді аудандарында бірнеше тұрғын үй салынған. Кейінгі екі жыл ішінде апаттық жағдайдағы 23 тұрғын үй сүрілген. Сөйтіп, 73 пәтерлік он жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бағдарлама аясында 2 мыңнан астам тұрғын қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы да 130 отбасы жаңа баспанаға ие болады. Қазіргі таңда өңірде 11 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында 70 ескі үй сүріліп, 1 200 жаңа пәтер пайдалануға беріледі. 2030 жылға дейін өңірде 250 ескі, апатты үйлер сүріліп, 55 жаңа заманауи кешен салынады. Міне, осындай ілкімді істің нәтижесінде 18 мыңнан астам ақмолалықтар самаладай жарқыраған сәулетті пәтерлерге ие болады.

Тәжірибенің тағылымды бір тұсы экономикалық тиімділігінде екендігінде естен шығармаған жөн. Өңірдегі реновация жобаларына 38 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Осы арада мемлекет тарапынан құйылған қаржы көлемі 702 млн теңге. Демек, бюджетке салмақ салмай-ақ ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан түйткілдің түйіні тарқатылады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бағдарламаның елімізді қамту үлесі 96 пайыз болса, оның 84 пайызы Ақмола өңірінде өндірілген құрылыс материалдарынан са­лынған. Осыдан түйетін ой, реновация бағдарламасы тұрғын үй салумен қатар жергілікті кәсіп­кер­лерді де барынша қолдау, өңір экономикасына тың серпін беретін жақсылық нышаны десек қателеспейміз.

Форум барысында урбанис­ти­ка­лық дамудың тағы бір маңызды бағыты таныстырылды. «Kokshe» ӘКК» акционерлік қоғамы, Қазақстан тұрғын үй компания­сы, урбанистика орталығының қатысуымен аумақтарды кешенді дамыту жүйесі қалыптасып келе жатқандығы айтылды. Қазір Көкшетау, Атбасар қалаларында кешенді зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Әсіресе Атба­сарда қанатқақты жоба қолға алынғандығын, елдің осы мәмі­ле­ден үлкен жетістік күтіп отыр­ғанын айта кетуіміз керек. Бұл жерде тек құрылыс емес, әлеуметтік тұрмыстық, келе­шектегі қарқынды даму мәсе­лелері де қоса жүзеге асырыл­мақшы. Қалыптасқан оң тә­жі­ри­бе алдағы уақытта еліміздің бо­лашақ қалаларының моделі болуы мүмкін.

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

LRT атауы өзгереді

Оқиға • Бүгін, 12:29