«Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт», деді Президент.
Осы орайда ол жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылғанын еске салды.
«Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды. Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі», деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында конституциялық заңдарға қол қойды.