Кейінгі жылдары елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау дені сау ұлт қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстар өңірлерде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Ақжар ауылында бой көтерген жаңа кешен соның жарқын мысалы. Жалпы аумағы 1200 шаршы метрден асатын нысан толық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бір ауысымда 47 адамға дейін қабылдай алатын кешенде спортшылар мен ауыл тұрғындарының алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалған.
Салтанатты іс-шараға арнайы барған облыс әкімі жаңа нысанның аудан жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысымызда бұқаралық спорт жүйелі түрде дамып келеді. Тарбағатай дегенде ең алдымен аудандағы сайдың тасындай волейболшылары еске түседі. Жаңа кешенде тек волейбол ғана емес, өзге де спорт түрлерінен көк туымызды көкте желбіретер чемпиондар шығады деп сенемін, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі спорт мекемесіне шағын автобустың сертификатын табыс етті.
Бұл Тарбағатай ауданында ел игілігіне беріліп отырған екінші ірі спорт нысаны. Кешенде баскетбол, волейбол, шағын футбол, теннис, бадминтон, бокс, қазақ күресі, ауыр атлетика секілді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Барлық залдар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Спортшылардың қолайлылығы үшін жуыну, киім ауыстыру бөлмелері, дәрігер кабинеті, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер қарастырылған. Бұл өз кезегінде жаттығу үдерісінің сапалы әрі қауіпсіз ұйымдастырылуына мүмкіндік береді.
Тарбағатай ауданы ежелден спорттық дәстүрі қалыптасқан өңірлердің бірі. Әсіресе аудан волейбол мектебімен республика көлемінде танымал. Жергілікті спортшылар сан мәрте облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, ауданды танытып келеді. Сондықтан жаңа спорт кешенінің ашылуы аудан жастарына тың мүмкіндіктерге жол ашады.
Мамандардың айтуынша, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты кеңінен дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай нысандар талантты спортшыларды анықтап, олардың кәсіби деңгейде өсуіне жағдай жасайды.
Ашылу рәсімінен кейін Ақжар ауылында ардагер көкпаршылар арасында ауданаралық ашық турнир өтті. Дүбірлі додаға Тарбағатай, Ұлан, Зайсан, Күршім, Самар аудандарынан келген 50 жастан асқан ардагер көкпаршылар қатысты. Әр команда құрамында 12 спортшыдан өнер көрсетті. Жарыстың ерекшелігі сол, жас буын емес, ұлттық спорттың биік белесін бағындырған тәжірибелі шабандоздар бақ сынады.
Жалпы, ұлттық спорт түрлерін дамыту мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттердің біріне айналғаны белгілі. Кейінгі жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу сияқты ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық артып келеді. Бұл үрдіс жастардың тарихи тамырына қайта бет бұруына ықпал етіп жатыр. Ақжардағы турнирдің негізгі мақсаты да осы – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды спортқа баулу, саламатты өмір салтын насихаттау. Жарыста жанкүйерлер тартысты бәсекенің куәсі болды. Ат үстіндегі айла-тәсіл, шапшаңдық пен тәжірибе ұштасқан сайыс ұлттық спорттың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы