«Таймас» – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қажырлы еңбегіне арналған тұңғыш отандық көркем фильм. Картинаны «i1team» кинокомпаниясы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсіріп жатыр. Фильмнің режиссері – Ғалым Асылов.
Кино орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали Димаш Құдайбергенге жобаға көрсеткен қолдауы мен отандық киноға деген ықыласы үшін алғыс
білдірді.
«Елімізді әлемге танытып жүрген өнер иесінің қолдауы шығармашылық ұжымға ерекше серпін береді. Отанға қызмет ету, жауапкершілік пен шынайы достық секілді маңызды құндылықтарды арқау еткен жобаға қолдау көрсеткені үшін Димаш Құдайбергенге ризашылық білдіреміз. Фильм көрермен жүрегінен орын алып, отандық киноның дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін», деді Құрманбек Жұмағали.
Айта кетейік, «Таймас» жобасының түсірілім жұмысы жуырда басталды. Дәстүр бойынша алғашқы түсірілім күні «тәрелке шағу» рәсімімен белгіленді. Фильм оқиғасы шекара қызметінің офицері мен Тай есімді қызметтік иттің төңірегінде өрбиді. Басынан өткен ауыр сынақты бірге еңсерген олар уақыт өте келе контрабандашыларға қарсы күресте бір-біріне арқа сүйейтін сенімді серіктерге айналады.
Жобаға арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттер қатысып, ал фильм кеңесшілері ретінде кәсіби кинологтер тартылған. Сонымен қатар картинаға 2025 жылы Кино орталығы ұйымдастырған республикалық «JARQYRA» кастингінің нәтижесінде іріктелген актерлер де қатысып жатыр.