Парламент • Бүгін, 10:09

Қазақстанда кімдердің әкімшілік жазалары толықтай кешіріледі?

4 мин
оқу үшін

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасау көзделіп отыр. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан таныстырған заң жобасына сәйкес, алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүргізілмек. Алайда сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм және өзге де ауыр санаттағы қылмыстар үшін сотталғандарға рақымшылық қолданылмайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда кімдердің әкімшілік жазалары толықтай кешіріледі?

Фото: pixabay.com

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы жылдың 17 наурызында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық өткізілетінін жариялаған. Осыған байланысты Мәжіліс Үкіметпен бірлесіп рақымшылық туралы заң жобасын әзірлеген. Бұл қателік жіберген, бірақ өз ісіне өкініп, түзелу жолына түскенін дәлелдеген азаматтарға мемлекет тарапынан жасалатын кезекті ізгілік актісі болмақ.

Спикердің айтуынша, алдағы рақымшылықтың ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та қатар жүргізіледі.

«Моральдық құқығымыз жоқ»: Депутат мас жүргізушілерге рақымшылық жасауға қарсы шықты

Абзал Құспанның мәліметінше, қылмыстық рақымшылық шеңберінде осы заң күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, қауіптілігі аз қылмыстар, сондай-ақ зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істер тоқтатылады. Бұл норма соттардың қарауындағы істерге де қатысты болады.

Сонымен бірге азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды жазадан босату көзделген. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар, сондай-ақ зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар бойынша сотталғандар рақымшылыққа ілігуі мүмкін.

Бұдан бөлек, орташа ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін жартысына дейін қысқарту, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың да жазасын қысқарту ұсынылып отыр.

Алайда депутат рақымшылықтың барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайтынын атап өтті.

«Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға, атап айтқанда: сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптаулар жасағандарға, қылмыстардың қайталануы (рецидив) кезінде, қоғамдық қауіптілігі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған (қылмыс қатарына жатқызылған) іс-әрекеттер жасағандарға, сондай-ақ сырттай (сырттай үкіммен) сотталған адамдарға қолданылмайды», деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, осы мақсатта заң жобасының 3-бабында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізбесі көрсетілген.

Сондай-ақ спикер Қылмыстық-процестік кодекстің 476-бабының 15-тармағына сәйкес рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталған адамға қатысты жеке қабылдайтынын айтты.

Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бойынша міндеттер жүктелген.

Көлік жүргізу құқығынан айырылғандар рақымшылыққа іліге ме?

Әкімшілік рақымшылық аясында Қазақстан азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң консультанттарын әкімшілік айыппұл түріндегі жазадан толық босату ұсынылады.

Дегенмен әкімшілік рақымшылық соттар салған айыппұлдарға және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды. Заң жобасының 8-бабында рақымшылыққа жатпайтын әкімшілік құқық бұзушылықтардың тізбесі де көрсетілген.

Абзал Құспанның айтуынша, заңның қабылдануы қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік немесе құқықтық салдарға әкелмейді.

«Заң жобасында алдағы рақымшылыққа байланысты адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерінің теңгерімі (балансы) қамтамасыз етілген», деді депутат.

Заң жобасы Мәжіліс депутаттарының қарауына ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар

Шыңғыстаудың шежірелі тастары

Аймақтар • Бүгін, 09:37