Аймақтар • Бүгін, 09:02

Күкірт қышқылы зауыты іске қосылды

6 мин
оқу үшін

Ұзақ жылдан бері Жамбыл өңірі химия өнеркәсібінің локомотиві екенін дүйім жұрт жақсы біледі. Әуелде фосфор өндірумен аты әлемге танылған облыс­­та кейінгі жылдары көптеген жаңа кәсіп­орындар мен зауыттар салы­нып жатыр. Солардың бірі – ресейлік «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-не қа­расты күкірт қышқылы зауыты. Облыс аумағында бұған дейін химия­ са­ласы бойынша 44 орта және ірі кәсіпорын жұмыс атқарыпты. Ал жа­ңа­дан ашылған кәсіпорын 45-зауыт ретінде тіркеліп отыр. 170 млн дол­лар инвестиция құйылған өндіріс ошағы бірер күн бұрын жұмысты бастап кетті.

Күкірт қышқылы зауыты іске қосылды

Мамандардың айтуынша, Сарысу ауданы аумағында са­лынған зауыттың әлеуеті жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өн­діруге жетеді. Жалпы алғанда, ресей­лік компания өңір аумағында үш кезең­нен тұратын ауқымды жобаларды іске асы­руға бел буғ­аны мәлім. Жалпы сомасы ­1 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға ниетті көрінеді. Ал кү­кірт қышқылы зауыты сол үш кезең­нің екінші кезеңі аясында жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

«Мемлекет басшысы Жол­дауында елдің өнеркәсіптік негі­зін нықтау күн тәртібінен түс­пей­тінін мәселе екенін атап өт­кені баршаға белгілі. Біздің өңір үшін де экономикалық дербес­тік­ті нығайтудың маңызы зор деп білеміз.

Сарысу ауданында бой көтер­ген кәсіпорынның іске қосы­луы – инвестицияның, заманауи технологияның, өңір­дің өндірістік әлеуетінің нақ­ты нәтижеге ұласқанын айғақтай­ды. Жалпы алғанда, облыс аума­ғында қолға алынып жатқан жоба­лардың барлығы да облыс эко­номикасын арттыруға бағыт­талған. Сонымен қатар жаңа жобалардың есебінен жұмыс ор­нын арттыру – басты мақсат. Жер­гілікті атқарушы билік өкілдері сол бағытта талмай тер төгіп, аянбай еңбектеніп жатыр», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

«ЕуроХим» ЖШС бас директоры Игорь Ахмеровтің айтуынша, кәсіпорын басшылығы жергілікті кадрларды даярлауға басымдық бермек. Өйткені алдағы уақытта өндірілетін өнім көлемін арттыру көзделген. Нәтижесінде, жұ­мысшы саны көбейеді. Сол кезде негізінен жергілікті азамат­тар­дың мойнына артылатын жауапкершілік жүгі арта түседі. Ол үшін ерте бастан қамданған жөн.

«Ресей мен Қазақстан арасын­дағы экономикалық-әлеу­меттік серіктестік ешқашан тоқ­таған емес. Соның бір жарқын дәлелі ретінде Сарысу ауданы ау­мағында салынған күкірт қыш­қ­ылы зауытын іске қосып отырмыз. Осылайша, өзімізге міндеттеме ретінде мойнымызға алған үш кезеңнің екіншісін сәтімен аяқтадық деп айтуға то­лық негіз бар. Әзірге жұмыс қа­лыпты режімде атқарылады. Ал алдағы жылдың бірінші тоқса­нында толық қуатта жұмыс істей­міз. Ауқымды жобаның уақтылы жүзеге асуына тікелей қолдау білдірген Қазақстан билігіне, Үкімет мүшелері мен Жамбыл об­лысы әкімдігіне зор алғыс айта­мын. Екі ел арасындағы эконо­микалық қарым-қатынас әрмен қарай да нығая түсетініне еш күмән жоқ. Біз облыс әкімдігімен бірлесіп, кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында техникалық колледж ашуды жоспарлап отыр­мыз. Өйткені химиялық кешен­ді толық іске қосқанда жұмыс­шылар саны өседі. Демек жергілікті кадрларды даярлау керек. Сондай-ақ баспана, мектеп пен балабақша салу жос­парымызда бар», дейді И.Ахмеров.

Зауыт басшылығы келтірген дерекке сенсек, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде өндірілетін өнім көлемін

1 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Ал күкірт қышқылы зауытында қа­зіргі уақытта 330 адам жұмыс істейді.

Жаңа жоба – Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік страте­гия­лық серіктестігінің айқын көрі­нісі. Жылына 800 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорын ел­дегі өнеркәсіп саласын өрге сүй­рейді. Өйткені зауыттан шыға­тын күкірт қышқылы уран алу, металлургия мен минерал­ды тыңайтқыштар алуда қолданылады. Еліміз жылына

3,5 млн тон­на күкірт қышқылын пайда­лана­тындықтан, зауыт ішкі нарықты қамтуға үлес қосады.

Ресейлік ком­пания өндіретін тағы бір өнім – минералды тыңайтқыш. Бұл зауыттың өнімін әлемнің жет­пістен астам мемлекеті тұтынады. «ЕуроХим» компания­сы әлеуметтік серіктес ретінде бүгінгі күнге дейін бірқатар жобаны жүзеге асыру мақсатында 29 млн доллар көлемінде қаржы аударыпты.

Компания басшылары қолға алған, үш кезеңді қамтитын жо­ба­­лар толыққанды жүзеге асқан кезде 1 200 адам жұмыспен қам­тылады деп күтіліп отыр. Серік­тестік басшылары бірінші кезекте жергілікті азаматтарды жұмысқа қабылдауға ниетті.

Жергілікті атқарушы билік өкіл­дері келтірген дерекке жү­гін­сек, осы жылы өңірге 471 млрд теңге шамасында инвести­ция тартылған. Нәтижесінде, 47 кәсіпорын ашылыпты. Алда­ғы төрт жылдың бедерінде жал­пы құны 5,6 трлн теңгені құ­рай­тын 116 жобаны жүзеге асыру бойын­ша нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жүзеге асқан жаңа жобаның басты артықшылығы – заманауи, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологиялардың қол­данылуы. Мамандардың ай­туын­­ша, қажетті құрал жабдық­тар­ды әлемнің ең мықты өнді­ру­ші елдерінен алыпты. Жаңа өнді­ріс ошағынан жанама өнім ре­тін­де кальций хлориді мен син­тети­калық гипс алу жоспар­ланған. Бұл өнімдер түрлі өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.

Жауапты тұлғалардың сөзіне сенсек, құрылыс кезеңінде 2 мың­ға дейін адам жұмыспен қамтыл­ған көрінеді. Өнімін жаһанның маңдайалды мамандары жоғары ба­ғалаған кәсіпорын алдағы уа­қыт­та өндіріс қуаттылығын арт­ты­­руға бекініп отырғаны көңіл т­о­ғай­тады. Бұл өз кезегінде Сарысу да­ласында жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек ұстауына мүм­­кін­дік беретіні даусыз деп білеміз.

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы

Соңғы жаңалықтар

Шыңғыстаудың шежірелі тастары

Аймақтар • Бүгін, 09:37