Жаңа оқу жылы басталған уақытта Тараздағы мектептердің бірінде жасөспірімдер арасындағы жанжал салдарынан өрімдей жас ауыр соққы алып, жарық дүниемен қош айтысқан еді. Шу ауданына қарасты Көкқайнар елді мекеніндегі трагедия да талайдың жанына батқаны мәлім. Бұдан соң жауаптылар жедел іске кірісіп, білім алушылар арасындағы қатыгездік тоқтағандай көрінген.
Алайда біршама уақыт бұрын Қордай ауданында екі бірдей мектеп оқушысының мәйіті табылып, жұрт тағы дүрлікті. Өйткені оқушылар арасындағы өлім бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Өрімдей жасөспірімдердің өлімі толғандырмай қоймайды.
«Қордай ауданында болған өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», деді облыстық полиция департаментінің өкілі Қордайдағы жасөспірімдер өліміне қатысты ресми мәлімдемесінде.
Бала тәрбиесінде ата-ана, қоғам, жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының мойнына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр екені анық. Осы орайда қоғам болып балалардың қауіпсіздігіне жан-жақты бақылау жүргізіп отырмыз ба деген сауал туындайды. Енді дерекке жүгінсек.
«2026 жыл «Балалар жылы» деп жариялануына байланысты жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқын қорғау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта кәмелетке толмағандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Балаларға қатысты қылмыс саны 17,9 пайызға төмендеді. Бүгінде 531 мектеп пен 42 колледжге 700-ден аса полиция қызметкері бекітіліп, қылмыстың алдын алу іс-шаралары күшейтілді. 188 жасөспірім және бала тәрбиесіне салғырт қарайтын 105 ата-ана профилактикалық есепке алынды. 11 кәмелетке толмаған жасөспірім арнайы білім ұйымдарына жолданып, 26 адам ата-ана құқынан айырылды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың 69 отырысы өтті. Қазіргі таңда 309 қолайсыз отбасы, 409 жасөспірім есепте тұр. Рейдтік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына
3 615 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 3 581 әкімшілік хаттама толтырылды. 3 148 дерек түнгі уақытта заңды өкілсіз жүргені үшін тіркелсе, 443 ата-ананың тәрбиелік міндетін орындамағаны белгілі болды. 115 деректе балалардың ойын-сауық орындарында жүргені анықталған. Ұсақ бұзақылық бойынша 90 дерек тіркелсе, алкоголь тұтынған 23 дерек анықталған. 20 буллинг және кибербуллинг дерегі тіркелген. Жүргізілген талдау нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың негізгі себептерін айқындады. Олардың қатарында ата-ана бақылауының жеткіліксіздігі, қараусыз қалдыру, асоциалды ортаның әсері, бейресми көшбасшылардың ықпалы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы теріс ақпараттың таралуы, тұрмыстық жанжалдар, сондай-ақ жекелеген отбасылардың материалдық жағдайының төмендігі секілді себептер бар», деді облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Абдукармиов.
Әрине, ата-ананың жауапкершілігі қайткен күнде де бірінші орында тұратыны анық. Алайда өңірде мұндай жантүршігерлік оқиғаның тіркелуі жергілікті билікті де толғандырмай қоймаса керек. Өйткені биыл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша басымдық беріліп отыр.
Жаңа оқу жылының басындағы қайғылы оқиғалар өңір билігіне сын болды. Облыс басшысы Ербол Қарашөкеев сол кезде жоғары лауазымда отырған бірнеше жауаптыларға тәртіптік жаза қолданған еді. Ал Қордайдағы оқиға бойынша әлі тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда толыққанды мәлімет жоқтың қасы.
Үш жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың қауіпсіздігіне айрықша назар аударғаны белгілі. Содан бері жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен өлімге қатысты жұмыс өңірлерде жүйелене бастады. Әйтсе де, жүрекке жара салатын оқиғалар оқтын-оқтын қайталанып жататыны ауыр тиеді.
«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», деген Президент сөзін барлық жауапты азамат назардан тыс қалдырмағаны жөн.
Қалай болған күнде де, жасөспірімдер арасындағы өлімнің жиі тіркелуі – қоғам үшін орны толмас трагедия. Жамбылдық жастардың қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету жергілікті билікке үлкен сын болып тұр.
Жамбыл облысы