Президент • Кеше

Мемлекет басшысы: Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан-Түркия бизнес форумындағы сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өнеркәсіп саласындағы жетістіктерін тілге тиек етті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы: Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет

Фото: Ақорда

«Бұл салада нақты жетістіктеріміз бар. Осы кезге дейін қазақ-түрік іскерлік топтарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жалпы құны 7,6 миллиард долларға тең 142 жоба жүзеге асты. Солардың қатарында тұрған YDA Holding компаниясын атап өткім келеді. Бұл компания елімізде көпсалалы өндіріс кешенін ашты. Сонымен қатар алюминий өндірісін жандандырып, медициналық бұйымдар шығарып жатыр. Ал Panelsan, Betek Boya кәсіпорындары құрылыс және химия өнеркәсібіне қатысты жобаларды жүзеге асырып жатыр. Aksa Energy компаниясы Қызылорда облысында заманауи электр станциясын іске қосты. Бұл жобалар Қазақстанның өндірістік қуатын арттыруға септігін тигізері анық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің пікірінше, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту айрықша маңызды.

«Қазақстан – Қытай мен Еуропаны жалғап тұрған мемлекеттердің бірі. Қазір осы бағыттағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни, Орта дәліз, Қазақстанның тасымал саласындағы әлеуетін арттыруға оң ықпал етіп отыр. Соңғы жылдары осы дәліз арқылы өткен жүк көлемі 5 еседен астам өсті. Былтыр контейнерлік жүк тасымалы 36 пайызға көбейді. Көп ұзамай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Біз транзиттік тасымал жүйесін тиімді үйлестіру үшін «Smart Cargo» бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Жалпы, Орта дәліздің мүмкіндігін арттыру баршамыздың мүддемізге сай келеді. Сондықтан түрік тарапына «e-permit» жобасын бірге жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл жоба жүк рәсімдерін электронды түрде, яғни, мейлінше ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайтады. «Орта дәліз» жобасын «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) бастамасымен ұштастыру маңызды деп санаймын. Бұдан бөлек, түрік кәсіпкерлері еліміздің әуежай инфрақұрылымына қомақты инвестиция салғанын ерекше атап өткен жөн. Қазір TAV Holding компаниясы Алматыдағы халықаралық терминалды жаңғыртып жатыр. Ал S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе әуежайында логистика орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар Қазақстандағы әуе тасымалының әлеуетін арттыруға жол ашады», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты

Сонымен қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін мәлімдеді

«Қазақстан егін алқаптарының аумағы бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Сондай-ақ еліміз астық экспорттайтын ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Былтыр диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,8 есе өсті. Осылайша, Қазақстан Global Food Security индексі бойынша 32-ші орында тұр. Былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 25 пайызға артты. Алайда, елдеріміздің бұл саладағы әлеуеті зор. Мысалы, Tiryaki Holding компаниясы Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салмақшы. Сондай-ақ İskefe Holding кәсіпорны желатин өндірісін қолға алмақ. Alarko Holding компаниясы Шымкентте жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Осы жобалардың барлығы өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, экспорттық әлеуетімізді арттыруға септігін тигізеді деп сенемін. Бұдан бөлек, біз заманауи агротехнологияны енгізуге, суару жүйесін дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ ветеринария және фитосанитария салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Өз тарапымыздан Түркияға «халал» стандартына сай келетін ет өнімдерін экспорттауға дайынбыз», деді Президент.

Президент: Бизнеске қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі

Мемлекет басшысы отандық фармацевтика өнеркәсібі мен медицина инфрақұрылымын дамытуды өте маңызды бағыт санайтынын жеткізді

«Түркияның Abdi İbrahim және Nobel секілді дәрі-дәрмек өндіретін ірі компаниялары шетелдегі алғашқы зауыттарын Қазақстанда ашқан болатын. YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр. Ал Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салмақшы. Біз бұл бастамаларды толық құптаймыз. Еліміз түрік компанияларымен тығыз жұмыс істеуге және оларға қолайлы жағдай жасауға әзір. Осы жобалар Қазақстанның аймақтағы дәрі-дәрмек өндіретін және оны экспорттайтын орталық ретінде қалыптасуына зор ықпал етері анық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар

Мұзбалақ ақынның бір хаты

Руханият • Бүгін, 10:40