Фото: Ашық дереккөз
Өз сөзінде Ерлан Сәрсембаев заң жобасы жалпыұлттық диалог, қоғамдық қатысу және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қағидаттарына негізделген қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының заманауи институционалдық моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделі қалыптастырылған. Негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын жоғары басшылық орган – Сессия. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастамалар да кіреді. Сессиялар аралығында ағымдағы қызметті жүзеге асырып, шешімдерді дайындауды қамтамасыз ететін алқалы орган – Төралқа жұмыс істейді», деді министр.
Заң жобасында «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес сектордың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің теңгерімді әрі тең өкілдігі көзделеді.
«Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы аталған топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден тең дәрежеде қалыптастырылатын болады. Мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ келісілген ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Ерлан Сәрсембаев.
Министрдің сөзінше, заң жобасында Кеңестің азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен республикалық әрі өңірлік деңгейлерде өзара іс-қимыл тетіктері бекітіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Халық кеңесінің жұмысы қалай қаржыландырылатындығын жазған болатынбыз.