Фото: Ақорда
«Біз озық технологияларды түрлі салаға енгізу жұмысына ерекше мән беріп отырмыз. Қазақстан нағыз цифрлық ел болу үшін нақты қадамдар жасауда. Елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Біз екі ірі суперкомпьютерді іске қостық. Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз еліміздегі орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу үшін ауқымды шараларды жүзеге асыра бастадық. Осыдан екі күн бұрын мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Атап айтқанда, қазір еліміздің алдында білім беру жүйесін әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай бейімдеу, дербес деректерді қорғау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, технологияны меңгерген педагогтерді даярлау міндеті тұр. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге айрықша назар аударып отырмыз. Жаңа Конституцияда бұл шаһарға «қарқынды дамитын қала» құқықтық мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияның, инновация мен технологиялық бизнестің өркен жаюына зор мүмкіндік береді. Соңғы жылдары түрік бизнесінің қазақ маркетплейстерімен байланысы нығая түсті. Мысалы, Kaspikz Hepsiburada компаниясын сатып алды. Freedom Holding Түркияда цифрлық экожүйесін құрып, брокерлік қызметін жандандыра бастады. Біз түрік компанияларымен жасанды интеллект, финтех, киберқауіпсіздік, онлайн қызмет салаларында нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға қашанда дайынбыз», деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы: Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет
Түркия Президенті қазақ және түрік кәсіпкерлерінің үлес қосуының арқасында Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынас нығайып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген басшылығымен Қазақстанның экономика саласында жеткен жетістіктерін жіті бақылап отырамыз. 2025 жылы елдің ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға жетіп, жан басына шаққанда 15 мың долларға жақындады. Бүгінде Қазақстанды сыртқы сауда айналымы 145 миллиард долларға жеткен Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел ретінде білеміз. Осы өсімнің нәтижесінде Қазақ елі 2025 жылы түркі әлеміндегі ең ірі сауда-экономикалық серіктесімізге айналды. Әрине, біз мұнымен шектелмейміз. Мақсатымыз – 15 миллиард долларлық межеге жету», деді Режеп Тайип Ердоған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты
