Экономика • Бүгін, 15:17

Серік Жұманғарин: Мұнай өндірісі ақсамағанда, ІЖӨ өсімі 6%-дан асар еді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан жоспарланған көлемнен шамамен 5 млн тонна мұнайды өндіре алмаған. Осының салдарынан жыл басынан бергі ІЖӨ-нің өсімі төмендеген. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Серік Жұманғарин: Мұнай өндірісі ақсамағанда, ІЖӨ өсімі 6%-дан асар еді

Серік Жұманғариннің айтуынша, егер бұл көлем өндірілгенде, төрт айдағы ІЖӨ-нің өсімі 3,6% емес, 6%-дан жоғары болар еді.

«Осы төрт айда біз шамамен 5 млн тонна мұнай өндіре алмадық. Егер осы қосымша мұнай экономикаға құйылғанда, өсім 6 пайыздан асып кетер еді», деді ол.

Сонымен қатар вице-премьер Қазақстан экономикасы мұнай секторынсыз да өсім көрсете алатынын атап өтті. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі шамамен 10%-ға өссе, құрылыс пен сауда салалары да қарқынды дамып келеді.

Серік Жұманғарин кәсіпкерлік субъектілерінің жабылуына қатысты статистикаға алаңдамауға шақырды. Оның мәліметінше, жабылған 99 мың кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде ешқандай қызмет жүргізбеген. Ал тағы 13 мың субъектінің қосымша компаниялары болғандықтан, олар жұмысын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, қаңтар айында Теңіз кен орнында болған апаттық жағдай және Каспий құбыр консорциумы жұмысына байланысты қиындықтар Қазақстанның мұнай өндіру жоспарына әсер етті. Соның нәтижесінде 2026 жылға арналған мұнай өндіру көлемі 100,5 млн тоннадан 96-98 млн тоннаға дейін төмендеген болатын. 

Нұрболат АМАНБЕК

Соңғы жаңалықтар