Ғылым • Бүгін, 08:30

Жер қойнауын зерттеудегі ЖИ үлесі

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Цифрландыру бүгінде еліміздің геология саласын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұрын қағаз архивтерде сақталған деректер енді біртіндеп сандық жүйеге көшіріліп, бизнес пен ғылым арасындағы байланысты күшейтетін орта қалыптасып келеді. Соның нәтижесінде саладағы ашықтық артып, инвесторларға да жаңа мүмкіндік ашылып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мәлімдеді.

Жер қойнауын зерттеудегі ЖИ үлесі

Қазір елімізде бастапқы геоло­гия­лық ақпараттың 97,5 пайы­зы сканерленген. Цифрлық форматқа шамамен 4,7 миллион дерек бірлігі ауыстырылған, соның ішінде 4,2 миллионнан астам қағаз құжат, 250 мың­нан астам графикалық материал және архивтік магниттік тасымалдаушылар бар. Мұндай ауқымды жұмысты 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін толық аяқтау жос­парланған.

Алайда мамандардың айтуынша, құжаттарды жай ғана цифрға айналдыру жеткіліксіз. Ең маңыздысы – сол деректерді «түсінетін» жүйе қалып­тас­тыру. Яғни жасанды интеллект әртүрлі кезеңде жиналған ақпаратты байланыс­тырып, біртұтас талдау жасай алуы керек. Сондықтан бірыңғай семантикалық кеңістік құрылады. Қарапайым тілмен айт­қанда, әр жылдары жазылған мәлі­мет­тер бір-бірімен «сөйлесіп», жаңа қоры­тын­ды жасауға мүмкіндік береді.

«Құжатты жай ғана сканерлеу жет­кі­лік­сіз, бұл – жұмыстың тек 5 пайызы ғана. Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект ескі және жаңа деректерді бірге қарап, олар­дың арасындағы байланысты таба алатын­дай жүйе құру», деді Өнеркәсіп және құры­лыс вице-министрі Жәннат Дүбірова.

Осы бағытта министрлік Ұлттық геологиялық қызмет және «Astana Hub»-пен бірлесіп, жасанды интеллектіні геология саласына енгізудің нақты кезе­ңіне көшті. Жобаға «EPAM Kazakhstan» компаниясы қатысып, ал «QazTech» пен «AlemCloud» платформалары тех­ни­ка­лық инфрақұрылымды қамтамасыз етіп отыр.

Жұмыс барысында архивтік құжаттар­ды компьютер оқи алатын форматқа айналдыру мақсатында OCR технологиясы қолданылады. Бұл технология мәтіндерді тануға мүмкіндік берсе, заманауи тілдік модельдер сол ақпаратты жүйелеп, тал­дау­ға көмектеседі. Нәтижесінде, бұрын шашыраңқы жатқан деректер бір жүйе­ге түсіп, сараптауға қолайлы база қалып­тасады.

Сонымен қатар жоба аясында маман­дар «Data Science «құралдарын мең­геріп жатыр. Геологиялық деректерді сүзгіден өткізу мақсатында GIS жүйесіне негізделген база жасалмақ. Бұдан бөлек, интерактивті карта мен интеллектуалды чат-бот әзірленіп жатыр. Бұл құралдар геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетіп, оны пайдалануды әлдеқайда ыңғайлы етеді.

Ең бастысы – жасанды интеллектінің көмегімен бұрын көзге көрінбеген заңдылықтарды анықтау мүмкіндігі пайда болады. Яғни жүйе түрлі деректерді салыс­тырып, жаңа кен орындарын болжауға немесе бар қорларды тиімді игеруге жол ашады. Вице-ми­нистр­дің айтуынша, мақсат – жасанды ин­теллектіні «геолог сияқты ойлауға» үйрету. Егер бұл міндет жүзеге асса, еліміздің жер қойнауын зерттеу ісі мүлде жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.

Сонымен бірге бұл бастама тек технологиялық жаңару ғана емес, кадрлық әлеуетті күшейтуге де бағыт­талған. Себебі жаңа жүйелерді тиімді пайдалануға геологтер мен ІТ-маман­да­ры­ның бірлескен жұмысы аса маңызды. Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру арқылы геологиялық барлау жұ­мысының уақыты қысқарып, шығыны азаяды, ал нәтижесінің дәлдігі арта түседі. Бұл өз кезегінде жаңа кен орындарын жылдам анықтауға, табиғи ресурстарды ұтымды игеруге және экологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Яғни жасанды интеллектіні енгізу – тек деректерді өңдеуді жеңілдету емес, бүкіл саланың жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертетін маңызды қадам.

Соңғы жаңалықтар

Шиті мылтық пен түйе зеңбірек

Жәдігер • Бүгін, 09:45

Азиядан – 6 алтын медаль!

Бокс • Бүгін, 09:40

Әнші Майра тұрған үй

Мирас • Бүгін, 09:35

151 судья тағайындалды

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:30

Менің Темағам!

Руханият • Бүгін, 09:05

Баршаға ортақ мүмкіндік

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:55