Абдурауф Фитрат,
өзбек ағартушысы
Орта Азия әдебиетінің «шағатай әдебиеті» деп аталуы Шыңғыс хан перзенті Шағатаймен байланысты. Шыңғыс хан 1224 жылы құрылтай шақырып, өлкесін ұлдарына бөліп берді. Осы уақыттан бастап бұл өлке Шағатай өлкесі, ал тілі «шағатай тілі» деп аталды ма екен (темуридтерге дейін мұны айғақтайтын дәлел таппадық)? Осы негізбен профессор Вамбери, оны құптаған профессор Убайдуллин: «Орта Азияның елі мен тілі ортаазиялықтар тарапынан Шағатай деп аталды. Олар бұл атауды парсыдан алды», деген еді. Шынында да, Шағатай мен Темірге дейінгі бір ғасырда бұл өлкенің Шағатай, тілінің «шағатайша» аталғанын білмейміз. Бірақ темуридтерден соң өлкенің де, тілінің де «шағатай» аталғанына шүбәміз жоқ. Бұл пікірімізге төменде келтіретін Лутфидің өлеңі, Науаидің сөзі, Мұхаммед Салихтың және Мажлиси ақынның шумақтары дәлел болады:
Науаи:
Ойымдағы көркем парсышаны,
Шағатайша әсемдеп жеткіземін...
Лутфи:
Лутфи, сендей абызды көрмедім Шағатайда
Шын сөйле Хито жаққа, не болса да...
Мажлиси:
Шағатайдың күндізі түн еді оған,
Ахуалы қара түнек күн еді оған.
Менменсіп жер бетіне сыймас еді,
Енді, міне, тышқан іні мың алтын оған.
Мұхаммед Салих:
Бәлкім мен мейлінше мейірлімін,
Мейірімді алып едім елімнен.
Шағатай елі мені өзбек демесін,
Орынсыз пікірмен уайым жемесін.
Олар айтты: «Сен Шағатайсың,
Мына жер елі Шағатайдың,
Не деп өзбекпін деп жат болдың?»
Ел мен тіл шағатай болып аталған соң, әдебиет те шағатайша деп танылды. Алайда бұл «шағатай әдебиеті» – беріде пайда болған атау әрі ол ғылыми атау емес. Әдебиет сол дәуірдің жоғары табы саналған сауда буржуазиясының әдебиеті еді. Сондықтан бұл дәуірді Сауда-саттық дәуірінің әдебиеті деп атауымыз керек.
Бұл әдебиет Шағатайдан басталып темуридтер дәуірінің соңына (ХІІІ–XVI ғасырларға) дейін жалғасты. Шыңғыс ханнан темуридтерге дейінгі заманда шағатай әдебиетіне тән үлгілер болған жоқ. Тек Рабғузидің «Қиссау-әнбиясы» бар. Беріде өзбек ғылыми орталық кітапханасында «Мифтоқ ул-адл» атты жазылған уақыты белгісіз кітапты кездестірдік. Мұның тілі оның Рабғузи заманында жазылғанын аңғартады. Бұл дәуірге тән әдеби үлгілердің сирек кездесуі сол кезеңдегі әдебиеттің даму қарқыны төмен болғандығын көрсетеді. Шағатай әдебиетінің өркендеуі Орта Азияда сауда-саттықтың дамыған шағы темуридтер тұсына сай келеді. Бұл дәуірде шағатай әдебиетін үшке бөліп қарастырамыз: дастан әдебиеті, ясауилік әдебиет және сарай әдебиеті.
Бұл дәуірде халық ақындары мен бақсылардың дастан оқығаны анық болса да, олардың дастандары жазбаша түрде бізге жетпеген (мұны айту мүмкін емес).
Ясауилік – сопылық (тасаууф) әдебиет. Мәселеге кіріспес бұрын Орта Азиядағы сопылық жайында айта кеткеніміз жөн. Сопылық мұсылмандықпен қатар қалыптасып, Орта Азияға кең таралды. Мұнда сопылықтың құбравия, ясауия, нақышбандия, қаландария деген ағымдары пайда болды. Бұлардың ішінде ең танымалы – ясауилік пен нақышбандилік хақында қысқаша айтар болсақ: ясауиліктің негізін қалаған ХІІ ғасырда өмір сүрген Ахмет Ясауи болса, ал нақышбандиліктің басында оның замандасы болған Әбдіхалық Ғиждуани тұрды. Ясауилік тағылымы: қылует, дүниені тәрк ету, жахр (байырғы түріктің әуенді ғибадаты). Ясауилік дүние-мүлік жинауға, сауда жасап мал табуға қарсы, көпшілігі диқаншылықпен шұғылданады. Бұлар сауда-саттыққа (сарай әдебиетіне – Ауд.) қарсы феодалдық өмір салтын жақтаушылар болды.
Нақышбандиліктің ұстанымы «хилват дар анжуман» (көп ішіндегі жалғыз) және «ба зоһир ба халқ» (сырттай халықпен бірге болу) сияқты ұрандары сауда-саттық өміріне өте жақын келетін Баһауаддин (Нақшбанд) Қыратқа (Герат) барғанда, Әмір Хүсейіннің құзырында өз жолын осылай түсіндірген. Баһауаддиннің мүридтері саудамен («Хазрат ул-құддыс» еңбегінде айтылғандай), ал нақышбандия өкілдері ішінде Қожа Ахрардың қаншалықты мол байлық жинағаны көпке мәлім. Қожа Ахрар Қыратта жүрген кезінде шаһардың ірі саррафы (ақша айырбастаушысы) әрі зергері бола тұра Қожа Парсоның алдында (мүрит) оқыған және ұстаз Фаррухтың қамқорлығын көрген.
Ясауилік бұларға қарсы, Шайхзада Ілияс Қожа Ахрарды сынға алатын еді. Темуридтер дәуірінде ясауилік ақындардан кемеліне жеткендері – Саид Ахмет, Шамс Узғанди. Бұлардың өлеңдерінде саудагерлер мен оларды жақтаушы молдалар жағымсыз кейіпте бейнеленіп, әшкереленеді. Бұлар дүниені тәрк етуге, шейхтерге шәкірт болуға үндеп, өлеңдер жазды:
Таң сәріден Құдай сүйген құлшылық ет,
Бұл дүниенің талап дертін сұрап, достар.
Бейнетпен құтыласың бар пәледен,
Білімсіз уәжін таппас мұның, достар.
Дүниеге келіп, көз ашып, назар салған,
Оң-солын танып, ешқашан жолдан таймас.
«Өлмей тұрып өлудің» ет амалын,
Бұл хадистің мәнін ұғып өлдім жаңа,
Бұл дүниеде еш күлмеуді түйдім жаңа.
Оқу білсең, ғәріптің көңілін аула,
Мұстафадай елді кезіп, күндей лаула.
Дүниеқоңыз пасықтардан бой тасала,
Бой тасалап, теңіздей тасыдым жаңа.
Қысқаша айтқанда, ясауилік – сауда-саттық мектебі тарапынан езілген феодалдық қоғам өкілдерінің мектебі. Сауда-саттық мектебі деп нақышбандилікпен байланысты сарай ақындарын айтамыз. Науаи, Бабыр, Байқара – бұлардың бәрі нақышбанди бағытының өкілдері. Сондықтан да бұлардың дәуірінде ясауилік даму жолын жалғастыра алмады. Сарай мен сарай-медресе әдебиеті өте мәшһүр болып, осы тұста дамудың шарықтау шегіне жетіп, Азияның басым бөлігіне тарады. Әзербайжанда, Осман елінде, Қырымда, Қашқарда, Иранда, Үндістанда шағатай тілінде өлеңдер жазылды. Шағатай тілін түсіндіруге сөздіктер құрастырылды. Тіпті шағатай әдебиетінің гүржі (грузин) әдебиетіне ықпал еткені айтылып жүр. Темуридтер дәуірінде өркендеген Орта Азия экономикасының ең бай отары (колониясы) Иран еді.
Иран Орта Азияның экономикалық дамуына ықпал еткендей, оның мәдени өркендеуіне де өзіндік әсері болды. Темуридтер отарланған өлкелердің өнер шеберлерінің қызметін пайдаланды. Олардың арасында көркемөнер шеберлері де, ғалымдар да бар еді. Бұл келтірілген өнерпаздар мен ғалымдардың дені ирандықтар болатын. Иран сәулетшілерінің туындылары бүгін де көз алдымызда. Біздің классикалық музыкамыздың қалыптасуында да парсы сазгерлерінің рөлі зор. Әдебиет мәселесінде де осы пікірді айта аламыз.
Парсы әдебиетінің поэзия саласында мадақ өлеңдері (қасида), егіз ұйқас өлең түрлері кездеседі. Парсыларда егіз ұйқас өлең түрі ертеде, араб басқыншылығынан бұрын сасанидтер дәуірінде қалыптасты. Араб басқыншылығынан кейін парсы әдебиеті өзін араб тілі мен әдебиетінің қысымынан құтқара бастағасын, араб өкіметі орталығынан шалғайларда: Құрасан, Орта Азия өздігін көрсете бастады. Бұл дәуірдегі ақындардың барлығы егіз ұйқас өлең түрінде дастандар жазды. Мәснауишілік араб отаршылдарына қарсы, Иранда ұлттық рухты ояту мақсатында пайда болып, парсылардың ұлттық дастандарын жариялады және парсы буржуазиясы тарапынан қолдау тауып, күшейе түсті. Қасидашылық Иранда араб халифатынан азаттық алған үкіметтердің үгіт-насихат қызметін мойнына алды. Өлең шумағы (рубаи) мен лирикалық өлең (ғазал) бұл кезеңде сарайлардағы той-томалақ әдебиеті ретінде жалғасты. ХІІІ ғасырда Иранда ұсақ феодалдықтар пайда болды. Бұлар өте кедей болып, негізгі қаржысын бір-біріне қарсы әскер жинау мен соғысқа сарп етті. Қасидашы ақындардың кірісі азайды. Байлығы кеміген әмірлердің назары да азайды. Осылай қасидашылық та сәнінен айырылды. 1292 жылы қайтыс болған Сағди қасидашылыққа қарсы бүлік шығарды. Иран өлкесі темуридтерге бағынышты болған уақытта парсы әдебиеті осындай жағдайда болатын. Орта Азия ақындары оның осы жағдайына еліктеді. Жағдаятқа еліктеуіне олардың экономикалық жағдайы да септігін тигізді. Өйткені Орта Азияның темуридтер дәуіріндегі сауда капиталы ұзақ жалғасын тапқан жоқ. Темір балаларынан Шахрұх пен Әду Сейіт мырзалар жаулап алынған өлкелердің бір бөлігін сақтап қалуға тырысты. Бұдан кейін жаулап алу тұрмақ, ішкі бірлікті сақтаудың өзі мүмкін болмады. Байлықтары да жаулап алғандағы әуестіктерімен бітті. Сондықтан да әуесқой қасида (мадақ өлеңі) үшін жол да, талап та қалмады. Осы пәни дүниені той-томалақпен өткізіп, қолда қалған байлықты сарқа төгуге берілді. Осындай пікірмен әдебиетте лирикалық өлеңдер мен ғашықтық жырлары туды. Сондықтан да шағатай буржуазиясы өзінің отары болған Иранда жоғарыдағыдай жағдайда жалғасқан әдебиетке еліктеді.
«Сарай әдебиеті» деп аталған бұл әдебиеттің алғашқы туындысы Темірдің өз жазбасы – «Темір түзігі» («Тузуки Темур»). Темірдің арманы – өзінен кейін балаларының жаһангерлікті жалғастыруы еді. Осы мақсатпен өзінің тәжірибелерін жазып немесе жаздырып ұрпағына қалдырды. Бұл әдеби шығарма емес.
Темуридтер дәуірі ақындарға бай. Хан-ханзада, бек-бекзада – бәрі де ақын болды. Бұл дәуірде ғашықтық өлеңдер сарай тұрғындары арасында жұқпалы аурудай тез таралды. Бірақ бұлардың барлығының шығармалары әлі күнге дейін табылған емес. Өте аз бөлігі ғана белгілі. Барлығы табылған күннің өзінде де олардың бір-бірінен айырмасы болмасына күмән жоқ. Бұлардан бізге белгілісі – Дүрбектің «Жүсіп–Зылиха» атты ғашықтық дастаны. Бұл шығарманы Дүрбек Темір өлімінен төрт жыл өткен соң Балхта жазған. Шығарма өте сәтсіз жазылды.
Лутфи – ғашықтық өлең жазған шайыр, тілі Науаиден гөрі ашықтау. Барлық өлеңдерінен шараптың исі аңқып, ғашықтық сезімі лаулап тұрады. Ол Шахрух сарайындағы сұлулардың қас-көздерін әспеттеп:
Уа, адамзат жаны перизат па едің,
Қауызын жармаған гүлдей нәзіктігің-ай!..
Атаи – Ұлықбек заманында Абулатиф қызметінде болған Балхтық ақын. Оның өлеңдерінің мазмұны да Лутфиден ерекшеленбейді. Лутфи не үшін өлең жазса, ол да сол үшін өлең жазды.
Атаи:
Жағада отырған перідей, қай сұлу,
Нәзіктігі бір қасық сумен жұтардай.
Иранның темуридтер отаршылдығына қарсы азаттық әрекеттері Темір заманында-ақ басталған еді. Әрине, бұл әрекет Темірден кейін де жалғасты. Орта Азия Ирандай майлы отар өлкесінен айырылмау мақсатында сауда буржуазиясымен ымыраласу жолын ұстанды. Біздің пікірімізше, орталықтың Самарқаннан Қыратқа көшірілуінің себебі де осы. Иран ұлттық буржуазиясы оның саяси әрекетін дін, масхабпен бояды. Шииттік әрекетін күшейтті. Шииттік пікірлер жалпыланған сайын азаттық идеяның күшейе түсетіні түсінікті еді. Орта Азия буржуазиясы мұны бақылап отырды. Сондықтан да бұлардың өз арасында шииттікті қабылдау ойы туды. Темір ұрпағынан Байсұңғыр Мырза шииттікті қабылдады. Іс мұнымен біткен жоқ. Парсы буржуазиясы ұлттық әрекетінің сыртқы киімнен басқа мәселесі болмаған шииттік қимылы күшейе түсті, осыдан Құсайын Байқара шииттікті үкіметтің ресми масхабы ретінде жариялау керек деген пікірге келді. Бұл мәселеде сарай адамдары ортақ пікірге келе алмады. Науаи мен оның жақтастары мұның тиімсіздігін аңғарды және бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарады. Иранда белең алған бұл әрекетке қарсы тұрып, қорғанысты күшейтіп, «өзіндік болмысты» сақтап қалуды мақұл көрді.
Бұл әдеби қозғалыстың басында Науаи мен Құсайын Байқара тұрды. Науаи парсы тілі мен түрік тілі арасындағы сөз байлығын, әдеби үйлесімдерді салыстырып, «Мухакомат ул-луғатаин» атты шығарма жазды. Мұнда «түрік тілі парсы тілімен салыстырғанда өте бай әрі әдеби икемді» деген тұжырым жасады және мұны дәлелдеуге тырысты. Бұл мәселеде оның (Науаи) биік дәрежесіне қарамай парсы шайырлары оған қарсы күресті. Науаи көптеген шығармаларында түрік тілінің мәртебесін ұлықтады.
Парсы тілі өлді сол сәтте,
Тілге келсем, түрік тілімен.
Түрік ұлымын деген жанмын басынан,
Түрік тілінде жырлар төккен шашыла.
(«Ләйлі-Мәжнүннен»)
Осындай әрекет Орта Азия сарай әдебиетінің беделін арттырды. Бұл дәуір әдебиетінің ұлы өкілдерінің бірі – Науаи, оның әкесі Кенже Батыр. Ол кісі әуелде бақсы еді. Оның ақындығы да болған. Әбіл Қасым Бабырға қызмет етті. Науаи 1440 жылы дүниеге келді. Ол Қыратта (Герат) Құсайын Байқарамен бір мектепте тәлім алды. Мектепте Науаи парсы әдебиетін терең үйренді. Әкесі Қыраттан Машхадқа қашып барғанда Науаиді де өзімен ала кетті. Науаи әкесі көз жұматын осы көш кезінде 17–20 жастарда еді. Науаи Қыраттағы сарайға оралды. Қандай да бір себеппен Самарқанға барып, сонда тұрақтады. 1468 жылы Құсайын Байқара Қыратты алғанда Науаиді қасына шақырды. Ол қабыл алып, Байқараның кеңесшісі, кейін бас уәзір қызметін атқарады. Құсайын Байқарамен түсініспеушілік орнап, Астрабадқа әкім ретінде жіберіледі. Бір-екі жылдан кейін әкімдіктен бас тартып, рұқсатсыз Қыратқа қайтады. Он бір жыл шығармашылықпен айналысады және қайта бас уәзірлікке тағайындалып, он екі жыл бойы осы қызметті атқарады. 1500 жылы дүниеден озды. Оның отыздан аса шығармасы қалды. Олардың ішінде ең маңыздылары: «Мухакомат ул-луғатаин», «Хамса», «Төрт диуан», «Мажалиси...», «Насойим...» атты шығармалар.
Науаидің ақындық шеберлігі барлық шағатай шайырларынан жоғары бағаланады. Мұны кезінде Бабыр да қостаған. Исмайыл Хикмет әзербайжанша басылған «Диуани Хусайн Байқара» еңбегінің кіріспесінде Құсайын Байқараның ақындығын Науаиден жоғары деп бағалаған. Бірақ бұл қисынсыз пікір еді. Науаи шығармаларының тілі – аса құнды қазына. Оларды тілдік тұрғыда ғана зерттеп, әрбір сөзінің мәнін ашу үлкен ғылыми зерттеу жұмысын қажет етеді. Науаи – ақын-жазушы ғана емес, ұлы ғалым. Көптеген бағалы кітап оның бұйрығымен, тікелей қатысуымен жазылды. Танымал суретшілер, сазгерлер, ғалымдар оның қамқорлығында болды. Өзі де әуенге әуес болды. Бабырдың мәліметінше, күй де шығарыпты.
Өзбекшеден тәржімелеген –
Айдын ЖАЛМЫРЗА,
филология ғылымдарының кандидаты