Әдебиет • Бүгін, 08:25

Сәулелі кеңістіктің секемшіл суреті

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Желдей ескен әлеуметтік желіде не жоқ дейсіз. Баяғыда қалаға базаршылап кеткен үлкендер «адамның жанынан басқаның бәрі бар екен» деп келетін.

Сәулелі кеңістіктің секемшіл суреті

Сөз баққанға «сауда» мұнда да жетеді. Жақында ғой, өзіміз сүйсініп оқитын Кеңшілік ақынның бұрын-соңды жарияланбаған өлеңі шыға келді. Жарияланбаған дегенде, бірде-бір жинағына енбеген жыры екен. Кезінде жаттап алып, осы күнге дейін көкейінде сақтап, жуырда елге табыстырған ақын Мұхарбек Жәкейұлы К.Мырзабековтің «Қыз» деген бұл өлеңі 1992 жылы «Жалын» журналына шыққанын айтады. Содан бері шынымен-ақ ешбір кітабына енбеген. Өлең оқи бастағаннан «мен ғой, Кеңшілік» дегендей жайдары күйімен жетелеп, беймарал шаққа батырып әкетеді.

«Құбылаға күннің құлап та қалған мезгілі,

Қаршадай қыздың жылап та болған мезгілі.

Құлын да даусы шырқырап шығып, шіркін-ай,

Құлдырап қашып жырақта қалған мезгілі».

Бұлай біркелкі бапты жүрістен хабар беретін сау аяң, сар желістің өзін салмақтандырып, аса алып қашпай, жұлып та кетпейтін жайдары леппен шумақтайтын Кеңшілік Мырзабеков қана. Өлеңдерінен батар күннің қызыл арайы рең беріп, ойлы ағысына тартады. Әспеті де, әсері де емес, өмірдің өзі жүзген кеңістік пен уақыттың буы сананы жаулайды.

«Кілегей сәуле күлдіреп жанып күллі аймақ,

Тұралап жатқан тағдырын қыздың тұрды ойлап.

Құйын да қашты ойпаңнан өрге жол бойлап,

Құстар да састы шалқардай көлде ойбайлап»,

деп жалғасады екінші шумағы. Мұнда ақын бірінші шумақтағы тыныштықты «бұзады». Алғашқы шумақта жылап болған қыздың құлын даусы жырақта қалған еді ғой, демек, маңай тына бастағанын сеземіз. Автордың тек өзіне ғана тән жеке қолтаңбасы осы екінші шумақта тіптен айқын көрінеді. Тақияның басында үлбіреген үкі мамығындай сәуленің жанды бейнеге айналып күлдіреп көрінуі ақын тілінің құдіреті дер едік. Оның күлдірейтіні – кешкі шақты білдіретіні белгілі. Күннің қызуы қайтса да, өртеп өткен ыстық лептен айнала күлдіреп тұрғанын ұғасыз. Ақын тағы бір өлеңінде «Күрең арша күлдіреп кешкі нұрмен, Егіліп бір жылаушы ед ескі қырмен» дейтін. Осындай табиғат көріністерін боямасыз суреттеп, ең бастысы, сезіндіру қиынның қиыны шығар. Сәуленің жапырақты кесіп не тесіп өткені онсыз да қимылға құрылған, айтып бергенге бейім тұрады. Мұнда күндіз өртеген күннің бәсеңсіген отынан баяу «күлдіреп жанған кешкі аймақтың» демі тыныс беруге тиіс. Осыншама құбылыстың бәрі табиғатпен бірге қыздың да ішінде жүріп жатқанын сездіреді ақын. Нағыз сурет ендігі үшінші шумақта қылаң береді.

«Селк етіп селеу топырағын тарпып тепкенде,

Шашағы ұшып, сабағы сынып кеткен бе?

Селеулер неге селдіреп қалған деп жүрсем,

Ашынулардың азабы, сірә, өткен бе?» дейді.

Тұмса табиғаттың бұл суреті қырда өскен кез келген азаматтың басын шайқатары сөзсіз. Селеу дегеніңіз Арқада қырдың беті мен жазыққа бітетін көденің гүлі. Мамырдың соңы мен маусым айының басында 10–15 күн, бәлкім 20 күн сүт татып тұрады. Бұл уақытта селеу басы қойдың сүтіндей қоймалжың келеді. Ыстық бір ұрғанда сүт татыған балғын селеуіңіздің шашағы ұшып жоғалады, бірақ бойындағы балғыны қалып, сүті қойылып, қауызында сақталып шілдеге жетеді. Ал шілденің ыстығы қуырғанда басы қатайып, қадалған жерінен қайтып шықпайтын үп-үшкір жебенің ұшы секілді тікенге айналады. Қозы-лақтың, тіпті қой-ешкінің терісіне қадалып, ет пен тері арасында ұшы қалып кетеді. Алғашында әлгіндей балғын әрі тәтті болып біткен селеу қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қанды жебеге айналған соң не жорық? Оқи білгенге даланың өзі өмір сабағы, өтпелі ғұмыр сырын нақты мысалмен ұқтыратын ең қасиетті кітап екені осындай сұмдықтардан білінеді. Бір кездегі гүл – біраз уақыт өткен соң тікен. Бір кездегі гүл бара-бара же­міске айналады, дер кезінде теріп, дәмін татпаса ол да шіріп жерде қалады. Ақынның айтпағы да осы селеу ғой, ішіне үрей не әлдеқайдан дүлей бір сезім түскен­де селк етіп өзі өскен топырағын тарпып теуіп түске­нін көрмейсіз бе? Сөйткенше болмай гүл атын әйгілеп тұрған шашағы ұшып жөнелгенін де астарлап қана айтады. Расын да қыз баланың басынан өтіп жатқан алақұйын өмір салған әртүрлі сезімдер жан баласына сәулесі мен көлеңкесін түсірмей қоймасын сыналап қана сабақтайды. Селк еткенді талай көріп жүрміз, бірақ қалыпты санаймыз. Нәп-нәзік адам жаны, оның ішінде қыз баланың нәзіктен де нәзік мың қатпарлы сана-сезімінде бір селк еткенде бәлкім қаншама тін үзіліп, мүмкін сол үзілген жерден одан да көп тін пайда болуы ықтимал ғой. Яғни мұнда ақын селеулердің селдіреп қалғанын, шашақтарының ұшып кеткенін меңзеу арқылы кейбір сезімдердің сөнгенін нұсқағысы келді ме екен? Жастықта бәріне еліккіш бала көңіл кейін келе-келе өрісін нақтылайды. Басы артық дүниелердің кедергі екенін түсініп шорт кесетін кездер де кездесіп жатады. Анығы бұл өлеңді түсіну үшін кездейсоқ наланың түпбастауын ұғу аздық етеді, даланың табиғатын майдан қыл суырғандай тану қажет дер едік.

«Қызынған кезде қып-қызыл құмдар буланып,

Жылады-ау деймін, көзінің алды суланып.

Көдеден көкке ышқынып ұшқан бозторғай

Арбаған жылан алдына түсті уланып.

Еңкуден жеткен саябыр сәуле жалтарып,

Жанды да кетті жиекте жүзген жаңқа бұлт.

Құрағы көлдің ұяттан үркіп қозғалды,

Ен салған малдың құлағына ұқсап қан тамып».

Төртінші, бесінші шумақта өлең тіптен шырқап ала жөнелгендей. Өз бауырынан өнген селеу топырағын тарпып тепкенде табиғат ана сілкініп кеткендей күй кештіреді оқырманға. «Көдеден көкке ышқынып ұшқан бозторғай, Арбаған жылан алдына түсті уланып» дейді ақын. Дүниеге осылай ұрмай-соқпай тіл бітіріп қойған жыр шумақтарына біз арнайы тоқталдық. Қалған шумақтарын тауып оқу патша көңіл оқырманның өз ықтиярында.

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05

Қазақы тағамның қасиеті

Экономика • Бүгін, 08:53

Атыраудағы бірегей зауыт

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Жұмыссыздарға қандай қолдау бар?

Сараптама • Бүгін, 08:48

MIT-ке қабылданған оқушы

Білім • Бүгін, 08:38