Фото: Дмитрий Ерофеев
Бұл арт-нысан Талдықорған қаласындағы көпқөбатты үйлердің бірінің қабырғасында бейнеленген. Мұралдың ашылу салтанаты өтіп, оған өңір жастары, қоғам белсенділері, шығармашылық орта өкілдері және қала тұрғындары қатысқан.
«Біздің жаңа мұралымыз Ата заңымызға арналған. Кеше Мемлекет басшысы атап өткеніндей, жаңа Конституция ең алдымен жастарға бағытталған. Ата Заңымызға еріктілік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект ұғымдары енгізілген. Осыған байланысты біз мұралды заманауи мүмкіндіктермен ұштастыруға тырыстық. Көркем туындыда бірлік, әділдік, жауапкершілік және болашаққа деген сенім идеялары бейнеленіп, қоғамдағы өзара құрмет пен ынтымақтастықты дәріптейтін мазмұн көрініс тапты. Өйткені Конституция – барлық осы игіліктің бастауы», деді «Jetisu jastary» КММ-нің директоры Шамиль Ванкеев.

Мұрал авторы Ернұр Бақбергеннің айтуынша, бұл жұмыс қоғамдағы маңызды құндылықтарды заманауи өнер тілі арқылы жеткізуге бағытталған.
«Мұндай шығармашылықпен 6 жылдан бері кәсіби түрде айналысып келемін. Осы уақыт аралығында «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты идеологиялық және қоғамдық маңызы бар тақырыптарда бірқатар муралдар салдым. Ал осы жобамның ерекшелігі – мұралдың эскизі жасанды интеллект көмегімен әзірленді. Бұл тәсіл шығармашылық пен технологияны ұштастыра отырып, заманауи өнердің жаңа бағыттарын көрсетуге, сонымен қатар қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, біздің шығармашылық топ мұралды 3 күннің ішінде толық салып бітті», деді жас суретші.
Айдос Сарым: Мемлекет басшысы – жаңа Ата заңның негізгі авторы
Еске салсақ, бұған дейін өңір жастарының бастамасымен облыстың аудан орталықтарында «Таза Қазақстан», «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп» қағидаларына арналған үш мұрал Көксу, Қаратал, Сарқан аудандарының орталықтарында салынған болатын.